Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев 16 шағынауданды аралап, жол құрылысына дайындық мәселесін тексерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған шағын ауданнан жол салу бойынша жоба заңсыз жатқан инженерлік желілерге байланысты нақтылауға жіберілген. Қала әкімі жол құрылысын жүргізетін мердігер компанияға жол құрылысына дайындық ретінде жолды уақытша тегістеу бойынша тапсырма берді.
- Қала тұрғындары тарапынан 16 шағынаудандағы жол мәселесіне қатысты көптеген наразылықтар бар. Аталған шағынаудан бұрынғы тас шатқалдың (карьер) орны. Жобалау жұмыстарын жүргізу барысында құрылыс салушы компаниялардың заңсыз жатқан инженерлік желілері анықталды. Осы мәселені реттеу бағытында мердігер компанияға тиісті тапсырма берілді. Сонымен қатар, құрылыс салушы компанияларға құрылыс нысандарының дұрыс қоршалуын қамтамасыз ету және құрылыс нысанының сыртында міндетті түрде қажетті ақпараты жазылған нысан паспортының болуы қажет екенін ескертеміз. Барлық құрылыс салушы компанияларға хабарлама беріледі. Ескертуді қаперге алмаған құрылыс салушы компаниялар жауапкершілікке тартылады, - деді қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев.