Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының бір бағыты "Туған жер" бағдарламасына арналады. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Қазақстанның жалпы ұлттық киелі жер нысаны тізіміне Бекет ата және Шопан ата қорымдары да енген болатын. Бекет ата қорымы - рухани, тарихи және сәулет ескерткіші. Халық оны айырықша қадірлеп, әулие тұтады. Бекет ата – қысылғанда жар болған, ерекше қасиетті әулие. Елбасының «Еліміздегі жол қатынасын дамыту арқылы экономикамыз бен мәдениетімізді және абыройымызды асқақтатамыз, арттыруға мүмкіндік аламыз» деген сөзінің бастамасымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қасиетті де киелі орындарға баруға жағдай жасау мақсатында "Ата жолын" қайта жаңартып, жаңғырту мәселесі алға қойылып, бүгінде үкімет тарапынан шешімін тауып, көпшілікті қуантып отыр. Заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Маңғыстаудың біртуар перзенті Әбіш Кекілбаев «Барлық жолдар бізге ата-бабаларымыздан қалған. Олар бізді алға сілтеп, абзалдыққа шақырған» деген болатын. Киелі мекендегі қасиетті жолдардың бірі және бірегейі – осынау Бекет ата жолы. Жалпы бұл "Ата жолы" 2011 жылы салынған. Енді сол жол арқылы Бекет ата мен Шопан атаға алыс-жақыннан келіп-кететін зияратшылардың аман-есен, жайлы барып келулеріне қолайлы жағдайлар жасау үшін "Ата жолын" қайта жаңғыртып, қайта жаңартуға асфальттау жұмыстары басталды. Осынау шараға сәрсенбінің сәтті күні облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, жиналғандарды құттықтап, "Бұл жол жақсылыққа бастайтын жол болмақ", - деді. Аймақ басшысы бас мердігер «Ақ жол құрылыс» ЖШС басшылары мен жұмысшыларына сәттілік тіледі. Ал, жиналғандарға осы серіктестіктің бас директоры Асылбек Жолдыбаев қысқаша ақпарат берді. Оның айтуына қарағанда, «Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының» тапсырысы бойынша өткен шілде айында жол құрылысы жұмыстарын бастаған. Бұларға тиісті бөліктің ұзындығы - 50 шақырым 400 метр, асфальттың ені - 7 метр. Осынау қашықтыққа бюджеттен жалпы 5 млрд 18 млн теңге қаржы бөлінген. Соның 2 млрд теңгесін жыл ақырына дейін игеруді жоспарланған. Жалпы жұмысты 2019 жылдың 30 қарашасына дейін аяқтауға ниеттенген. Биыл соның 18 шақырым жолына асфальт төсемекші. Қазір күн - жылы, жер - қара. Мысалы, кеше 15 градусқа дейін ауа райы жылынды. "Жалпы 7-8 градусқа дейінгі жылылықта асфальт төсеуге болады", - дейді А. Жолдыбаев. - Сондықтан үстіміздегі жылға белгіленген жоспарымызды орындаймыз деп сенеміз. Сол үшін барлық мүмкіндіктеріміз бен қажыр-қайратымызды жұмсаймыз. Оған бүгінгі таңда 64 техника, инженер, учаске басшыларымен қоса есептеген 82 жұмысшы еңбек етуде. Жол құрылысына отандық өнімдердерді пайдаланып жатырмыз. Қиыршық тасты шығаратын Шетпеде карьеріміз бар. Жабынды да өз мекемеміздің асфальт зауытынан өндіріліп тұр, - деп атап өтті Асылбек Тұрарұлы. Ақтаудан келген Лепес қажы жиналғандар мен жол салатын құрылысшыларға ақ батасын берді. Мұнан кейін асфальт төсеу жұмыстары басталды. https://www.youtube.com/watch?v=YZCmnz0p8kI&feature=youtu.be Жиналған жұртшылық тігулі тұрған үйлерге кіріп, астан дәм татып, Бекет ата, Шопан атаның рухына бағыштап дұға оқыды. Айта кетейік, қасиетті мекен Оғыландыдағы Бекет-Ата жерасты мешітіне апаратын облыстық маңыздағы жолдың жалпы ұзындығы 97 шақырым. Оның 51 шақырымын асфальттауды 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Фото және видео - Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40691,40692,40694,40695,40693,40699,40696,40697,40690,40700,40702,40701,40689"]