©
Ақтауда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде атап өтілді. Атаулы күнге орай «Менің Қазақстаным!» патриоттық форумы ұйымдастырылды. Теңіз жағалауында Мемлекеттік Ту мен Елтаңба тігіліп, қала тұрғындары корабльдер шеруі мен әскери шеруді тамашалады. Қала жастары бірауыздан флешмоб ұйымдастырып, «Жорға» би ансамблі мен өлкенің өнер иелері концерт берді.
Алғаш сөз алған Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов тұрғындарды төл мерекемен құттықтады.
– 26 жыл бұрын біз егемендікке қол жеткізіп, дүниежүзіне тәуелсіздігімізді паш еттік. Бұл – ата-бабаларымыздың арманы, Еліміздің көптен күткен үміті ақталып, азаттықтың туын желбіреткен қасиетті күн. Тәуелсіздіктің ақ таңын алғаш рет Елбасының Жарлығымен бекіткен мемлекетіміздің бетке ұстар беделді бейнесі – рәміздерімізбен қарсы алдық. Туған жерге деген отаншылдық идеясын қалыптастырып, бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайтатын мемлекеттік рәміздердің мерейлі мерекесін жыл сайын атап өту дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер»,-деген.
Отан – ыстық ұя, қасиетті мекен. Сондықтан да оны қастерлеп, әрбір қазақстандық мақтан етеді. Өйткені Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз қазақ елінің болмысын, бүгіні мен ертеңін сабақтастырып, Елдің еңсесін көтеретін елдігіміздің ең басты абыройы. Біз бүгінде Тәуелсіздігімізді тұғырына қондырып, Қазақстан мемлекетін құрып әлемдегі бақытты халықтардың бірі болдық. Зор еңбекпен, маңдай термен келген байлығымызды қолдан шығарып алмай, ұрпақтан ұрпаққа табыстау – біздің адал парызымыз!
Баршаңызды ұлы мерекеміз – Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз бойымызға кемелді келешегіміз бен бақытты болашағымызды баянды ететін күш-жігер сыйлай берсін! Әрдайым бірлігі мен бекересі жарасқан тәуелсіз Отанымыздың тұғыры мығым, мәртебесі биік болсын! - деп тілек білдірді Ералы Тоғжанов.
–Сіз бен біз болып Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесін көптен тойлап келеміз. Осыдан тура 25 жыл бұрын мемлекетеміздің төл рәміздері туралы маңызды шешім қабылдар сәтте өз ойымды жеткізіп, құнды құжатқа қол қойған болатынмын. Тарихқа көз жүгіртсек, Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранымыз белгіленген күн қасиетті күн саналады. Әлемнің әр елінде Әнұран шырқалып, Туымыз биікке көтеріліп жүр. Мұндай сәтте жүрегі толқып, жаны тебіренбейтін қазақстандық кем де кем. Бүгінгі мереке құтты болсын! Мемлекеттік рәміздер мәңгі жасасын, - деді қоғам қайраткері, ардагер Қайролла Ережепов.
Құттықтау соңы Маңғыстауға еңбегі сіңген азаматтарды марапаттау рәсіміне ұласты. Алғашқы марапаттау полиция қызметкерлері Ысқақов Ерғали Жандуллаұлы, Манапов Олжас Бақытжанұлы, Әкімбаев Ерболат Кеңесбайұлына бұйырды. 2017 жылдың 24 ақпанында таңғы сағат 04.00 шамасында «Мираж-1» полиция экипажы құрамында полиция сержанттары аймақты патрульдау барысында Приморский поселкасында жекеменшік үйлердің бірінде өрт болып жатқанын аңғарған. Олар тез арада шешім қабылдап, батылдық танытып, Өрт сөндіруші қызметтін күтпестен, өрттен адамдарды құтқару әрекетін жасайды. Сол жалыннан екі жасөспірім баланы және балалардың ата-анасын құтқарған. Бұл жерде полиция қызметкерлері әйел адамды және балаларын екі қабатты үйдің екінші қабатынан қағып алған. Сонымен қатар, «103» жедел жәрдемін күтіп уақытты созбау үшін отбасын толықтай өздері емханаға жеткізген.
Бұл күні марапат алған азаматтардың тізімін толық жазып шығу мүмкін емес. Барлық маңғыстаулықтарды Рәміздер күнімен және марапаттарымен құттықтаймыз!
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген автор