Ақтау қаласының 55 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени-көпшілік шаралар жастар арасындағы ақындар айтысымен жалғасты. «Ақтау-арман қала» атты ақындар айтысына Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен өлеңді өзіне серік еткен 14 пен 29 жас аралығындағы айтыскерлер қатысты.
Айтысты «Отпан» МҚКК директоры, айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев жүргізсе, суырып салма өнердің шеберлеріне Ерекен Қорабаев, Асылбек Жаңбырбай, Алтынбек Сүйінбекұлы, Ақкенже Малаева, Фархад Мұсаев баға берді.
Айтысты өнерге жаңа қадам басқан жаңаөзендік Бектұрсын Алламұратов пен ақтаулық Қуаныш Жолдас бастады. Олардың әдемі әзілмен сөз қағытуын Мейірбек Саламатов пен Болатпек Пайпақов жалғастырды. Одан соң сахнаға Зейнетулла Қосымбаев пен Рамазан Тезекбаев шықты. Ердәулет Сардар мен Азамат Орынбасаровтың да айтысы көптің көңілінен шықты.
https://youtu.be/1fVb4gtPDHQКелесі болып сахнаға көтерілген Мағжан Жұмабай қарсыласы Алшын Сүйемовтің тегіндегі «-ов» деген жалғауына бір "тиісіп" алды.
«...Баласың тәуелсіздіктен кейін туған,
Демеші бұл ағаңды қырсығыпты.
Тегіңіздің «ов» деген жалғауы бар,
Бұл ағаң соны көріп күрсініпті.
Орыстарға бодандық жоғалғанмен,
Құлдық сана тегіңнен бір шығыпты», - деп қағытып алды.
Бес жұптың айтысынан соң ақтық айналымға төрт ақын өтіп, қос жұптың тартысынан соң қазылар шешім шығарды.
Қазылардың атынан сөз сөйлеген балалар жазушысы Е.Қорабаев «Ақындық өнер деген - адам үйрене алмайтын, азабы көп өнер» деп, сол өнерді серік еткен жас ақындарға марапаттарды табыстады.
Ақтау қаласының 55 жылдығына орай арнайы өткізілген айтыстың ІІІ орынын Б.Пайпақов пен Р.Тезекбаев, ІІ орынды А.Сүйемов, І орынды З.Қосымбаевқа бұйырса, жас ақындар айтысының бас жүлдесін Азамат Орынбасаров жеңіп алды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61509,61527,61526,61525,61524,61523,61522,61521,61520,61519,61518,61517,61516,61515,61514,61513,61512"]