Ақтаулықтардың теңіз ауасын жұтып қыдыратын сүйікті орындардың бірі - жағалау. Жағадағы "жайма базар", яғни тәтті сусын сатып, велосипедпен, атпен серуендеу қызметін ұсынатын жеке кәсіпкерлер кеше орнын босатты. Енді екі күн бойы мұнда санитарлық тазалық жүреді. Бұл туралы кеше теңіз жағасындағы сауда мәселесі талқыланған басқосуда айтылды. Жиынға Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, Ақтау қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Есберген Іңірбай, қалалық мәслихаттың хатшысы Сембіғали Зекенов, МО ішкі істер департаментінің бірінші орынбасары Амангелді Халмурадов, Ақтау қалалық прокурорының орынбасары Дауылбай Шелпеков пен жағалауда табыс тауып отырған жеке кәсіпкерлер қатысты. "2017 жылдан бері 14 а, 15 а шағынауданы теңіз жағалауындағы кәсіпкерлікке халық тарапынан арыз-шағым көп", - деп мәлімдеді қала әкімі. Былтыр аумақты күтіп ұстау үшін қала әкімдігі мен жеке кәсіпкер «Ақтау-сервистің» арасында меморандум жасалған. Меморандум негізінде «Ақтау-сервис» салығын төлеп, кассалық аппаратын алған 24 жеке кәсіпкермен шарт жасасады. "Олардың 14-і машиналар мен велосипедтерді жалға берсе, 8-і балаларға арналған машина сатумен айналысады, біреуі спорттық груша және біреуі әр түрлі бағытта қызмет көрсету үшін рұқсат алды», - деп атап өтті қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Демеуғали Баков. Бірақ 2013 пайдалануға берілген жағалауда бір орынға ғана рұқсат алып бірнеше жерде жұмыс істейтіндер, тіпті заңсыз табыс тауып отырғандар бар. Осындай рұқсатсыз кәсіпкерлерге 10 әкімшілік хаттама толтырылып, 3-еуінің заты тәркіленген. Алайда әкімдік пен «Ақтау-сервистің» арасындағы меморандумның күші 2018 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды. Содан бері жағаны жаулаған кәсіпкерлер заңсыз жұмыс істеп келеді. Енді жергілікті билік жағалауды сенімгерлік басқаруға беру үшін құжат рәсімдеп жатыр. Компания конкурс негізінде анықталады. Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Бәлиұлының айтуынша, 19 наурызда теңіз жағасында көшпелі жиын өткен. Сол жерде «Самал» шағынауданынан 15 а шағынауданға дейінгі 1700 метр аумақ серуендейтін аймақ, 430 метр ойын және сауда алаңы ретінде, одан кейінгі 14 а шағынаудандағы 1270 метр среуендейтін аймақ және 9 а шағынаудандағы 100 метр жер ойын-сауда алаңы ретінде бөлінген. Б.Бәлиұлының айтуынша, 15 а және 9 а шағынауданда әрбір сауда орнына 25 дана велосипед пен машина ұстауға рұқсат етілген. Бірақ жалға берушілер көбейіп кеткендіктен, машиналар мен велосипедтің санын қысқартуды сұрады. Б.Бәлиұлы кәсіпкерлердің рұқсат берілген уақыттан да (таңғы 10.00-ден түнгі 23.00-ге дейін) ұзақ жұмыс жасайтынын айтты. Ал кәсіпкерлер жағалаудағы жайма базардың саудасы тек кешкісін қызатынын айтады. Сондықтан олар «күндізгі уақытты қысқартып, рұқсат етілген кешкі уақытты ұзартып берсеңіз» деген тілегін жеткізді. https://www.youtube.com/watch?v=eXRNRu1Emx4 Басқосуға жиналғандар жағалаулардың тазалығы, теңіз жағалауында суға түсуге тыйым салынған, ит қыдыртуға рұқсат етілмеген орындарға арнайы белгілер орнату мәселесі де айтылды. Жеке кәсіпкерлер көтерген тағы бір мәселе - электр энергиясының төлемін реттеу. Салқын су, балмұздақ пен попкорн сататын кәсіпкерлер жағалауда электр қуатын пайдаланғаны үшін 300 мың теңге төлеп отыр екен. «Кезінде бұл аумаққа ток тарту мәселесі қаралмағандықтан, «Ақтау-сервис» бізден электр энергиясын алып, өздері кәбіл тартып, жеке кәсіпкерлерге беріп отыр», - дейді АУЭС мекемесінің басшысы. Ал «Ақтау-сервистің» басшысы 2018 жылы 14 а, 15 а шағынаудандағы теңіз жағалауына ток жүргізіп, электр энергиясының автоматын орнатып, есептегіш қойғанын айтады. «Бірақ кәсіпкерлер 300 мың емес, бірнешеуі бірігіп 100 мың теңгеден төлеп отыр. Яғни адам басына шаққанда 15-17 мың теңгеден», - деп түсіндірді ол. Тараптардың уәжін тыңдаған қала әкімі тарифтің қалай есептеліп отырғанын прокуратурамен бірлесе отырып қарайтынын айтты. «2017 жылға дейін АУЭС мекемесінің қала бойынша коммерциялық шығыны 15 мың квт болды, яғни бұл жылына 300 млн теңгеге тең. Ал биыл коммерциялық шығын болмады дей аламыз. Сол кезде мекеменің алдына шығынды өзі көтеру немесе шешімін табу туралы мәселе қойылды. Сол кезде теңіз жағалауын дамыту үшін «Ақтау-сервис» мекемесімен меморандум жасалды. Соның негізінде жеке кәсіпкер теңіз жағалауына ток жүргізді. Ал оның жеке кәсіпкерлерге 300 мыңға берілетінін бүгін естіп отырмын. Қалай берілуі тиістігін прокуратура органдарымен бірге анықтаймыз», - деді Ғалымжан Ниязов. https://youtu.be/ki2uYOSIjM0 Теңіз жағалауында атпен серуендеу қызметін ұсынатын кәсіпкер де өзінің тілегін жеткізді. Ол бөлінген аумақтың тар екенін, бірнеше жылқы иесіне ортақ болғандықтан, тазалық сақтаудың да қиын екенін жеткізді. Ал басқосуға жиналғандар жағалауда жылқы ұстаудың қауіпті екенін айтты. Бұл мәселеге қатысты өз пікірін полиция өкілі де білдірді. «Кәсіпкерлік маңызды, бірақ қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Сондықтан депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерін осы мәселеге назар аударуға шақырамын», - деді ол. https://youtu.be/wA4Kz0eoi3s Жеке кәсіпкерлер мен жиналғандардың пікірін тыңдаған соң Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязов өз ұстанымын айтты. Енді әрбір кәсіпкердің велосипед пен машинасы 20 данадан артық болмауы және оны нөмірлеп қою қажет. Сондай-ақ серуендейтін аймақ пен ойын-сауда алаңын блокты таспен бөлініп, серуендейтін аймаққа велосипедтің өтпеуі қадағаланады. Әкім оған жол беген кәсіпкерді теңіз жағалауында сауда жасау рұқсатынан айыруды тапсырды. Ал жағалауда сауда жасауға берілген уақытты ұзарту, шлагбаум қою, жылқымен серуендеуге рұқсат беру мәселесі дәл қазір шешілмейді. Қала әкімі бұл мәселелерді қалалық қоғамдық кеңес пен мәслихаттың отырыстарында полициямен бірлесе шешуді ұсынды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттер мен видеоларды түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="81355,81353,81352,81354,81357,81351,81349,81350"]