©
Кеше 25 желтоқсанда Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында 27 жастағы аяғы ауыр келіншек дүние салды. Жаңаөзендік жүкті әйелдің өліміне не себеп болғаны нақты белгісіз. Өйткені келіншектің туыстары экспертизаға қарсы болып, денесін алып кеткен. Бұл туралы Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықтың директоры Жамал Жаманбаева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Оқиғаның мән-жайын басынан бастап айтсақ, науқас 23 желтоқсанға қараған түні Жаңаөзен қалалық перзентханасына преэклампсия (жүктілік кезіндегі асқыну) диагнозымен түсіп, оны сағат түскі 12.00-де Ақтаудағы Маңғыстау облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырады. Келіншектің облыстық перинаталдық орталықта түскеніне небәрі екі-ақ күн болған. https://www.youtube.com/watch?v=FdXyqiuLEIo&t=2s Орталыққа келгенде айрықша шағымы болмаған, қан қысымы 130/80 болыпты. Ж. Жаманбаеваның айтуынша, келіншек алғашқы жүктіліктің 31 аптасында болған. Аяқ тамырларындағы варикоз, анемияның жеңіл деңгейі анықталған. «Зертханалық тексеру бойынша кіші дәретіндегі ақуыз преэкламсияны көрсетті. Қалған талдаулары бірқалыпты еді. УДЗ мен доплерге түсіріліп, іштегі шарананың жүрегіне кардиотокография жасалды», - деді Ж. Жаманбаева. 25 желтоқсанда жүрегіне УДЗ жасалып, аневризма синуса вальсальвы, яғни тумысынан жүрек ақауы бар деген диагноз қойылған. «Жүрегінде ақауы бар екендігін өзі білмеген немесе білсе де дәрігерлерге ескертпеген болуы мүмкін», - дейді мамандар. Келіншек хал жағдайын білу үшін келген туыстарымен перинаталдық орталықтың дәлізінде сөйлесіп тұрғанда кенеттен жағдайы нашарлап кеткен. Ол есінен танып құлап, клиникалық өлім жағдайына түскен. 1991 жылы туған жас келіншекті аман алып қалу үшін мамандар 55 минут күрескен. Дегенмен ол 14.20-да көз жұмады. Өлімнің себебі – алдын ала диагноз бойынша «Өкпеартериясының тромбоэмболиясы» және «Аневризма синуса вальсальвы». Туыстарының айтуынша, келіншек орын босауы үшін дәлізде 2 күн күтіп отырған. Бірақ Жамал Жаманбаева оны жоққа шығарды. Аяғы ауыр келіншектің дәлізде 2 күн жатуы мүмкін еместігін, кейде орын болмай қалғанда 5-6 сағат күтуі мүмкіндігін айтты. "Келіншектің нақты неден қайтыс болғанын анықтау үшін экспертиза жасау қажет. Бірақ туысқандары кесуге келіспей, дәрігерлермен, полиция қызметкерлерімен жанжалдасып жүріп мүрдені алып кетті", - дейді дəрігер. Енді дәл диагнозды қою мүмкін емес көрінеді. Айта кетелік, 21 желтоқсанда аяғы ауыр келіншек дәрігерге бас ауратынын және қан қысымының жоғары екенін айтып шағымданып келген. Ол жүктілігінің 21 аптасында есепке тұрған. Барлық толыққанды зерттеуден өтпеген екен. Негізі аяғы ауыр келіншектер 12 аптаға дейін есепке тұру керектігін айтады дәрігерлер.Ақкенже БЕРКЕНОВА
Сурет пен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН