©
Өңірге Үкімет мүшелері жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер Гүлшара Əбдіхалықова бастаған Үкімет делегациясының мақсаты – Мемлекет басшысының "Əлеуметтік қамқорлық" жаңа əлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. «Нұр Отан» партиясының съезінде Н.Назарбаев жаңа әлеуметтік шараларды жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Ол үшін 2,3 трлн теңге әлеуметтік салаға бөлінетін болады. Нақты айтсақ бұл шаралар 3 бағытта жүрмек. Бірінші – ең аз қамтылған, көмекті қажет ететін отбасыларға қолдау көрсету және ең төменгі жалақы алатын, әсіресе, бюджеттік мекемелердегі азаматтардың айлық табысын көбейту. Екінші – баспана мәселесі, денсаулық, білім сапасын арттыруға көңіл бөлінеді. Үшінші – өңірлік даму. Ауыз су, ішкі жолдар т.б. қаралатын болады. Ендігі міндетіміз осы шараларды халыққа жеткізу, түсіндіру», - деді Гүлшара Әбдіхалықова. Жұмыс тобының құрамында еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім жəне ғылым министрі Күлəш Шамшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс жəне тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов бар. Үкімет мүшелері алдымен Жаңаөзен қаласында болып, тұрғындармен, қоғам белсенділерімен жүздесті. Кездесу барысында олардың тұрғын үй мəселелерін, білім беру жəне денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған шараларды мəлім етті. Сондай-ақ халықтың сауалдарына жауап беріп, мəселелерін тыңдады. «Үш жасқа дейінгі бала күтімінде отырған, мүгедек балаларға қарап отырған аналардың зейнетақы қорыне ештеңе аударылмайды. Сосын қазір бірқатар көп балалы жас отбасылардың баспаналары жоқ. 5 балалы әйелдер зейнетке ерте шығады. Бірақ біз 4 баладан бастап көп балалы деп есептейміз. Олай болса бұл аналарымызды да зейнетке ерте жіберу керек. Тағы бір айтайын дегенім, Жаңаөзен қаласы халқының саны өсіп жатыр. Жаңа аудан ашып жіберсек қалай болар екен деген ой келеді. Жасалып жатқан жұмыстың есебі жоқ, өте көп», - деген ұсыныстарын жеткізді Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова. Оның сауалы мен ұсыныстарына Бердібек Сапарбаев былай жауап берді: «Мүгедек балалары бар аналардың зейнетақы қорына ақшау аудару жөніндегі ұсынысыңыз өте дұрыс. 4 баласы барларды ертерек зейнетке шығару бойынша есептеп көрейік, қаржы жағын қарастыру қажет. Ал аудан ашу туралы мәселені облыс әкімдеріңіз Ералы Лұқпанұлы Үкімет басшысымен өткен үлкен мәжілісте көтерген. Тиімділігі болса, мүмкін солай жасау керек шығар», - деді ол. Ал кәсібін енді бастағалы отырған спортшы Бекнұр Есенов өзіне мемлекет тарапынан қандай көмек болатынын сұрады. «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап кәсіпорын аштық. Енді оған 20 шақты адамды, әсіресе, есту қабілеті нашар адамдарды жұмысқа алғымыз келеді. Ол кәсіпорын автокөлік дөңгелегін қайта өңдеу арқылы иілгіш брусчатка шығарады. Жұмысымызды енді бастаймыз және мемлекеттік бағдарламаларды қолданғымыз келеді. Бір өтінішім, өзім 3-топтағы мүгедекпін. Осы жұмысымызға қандай көмек болады? Салық жағынан, сату жағынан көмек бола ма? Өзім спортшы болғандықтан, кәсіпті бірден алып кету оңай емес», - деді ол. Бұл сауалға: «Біз Ақтөбеде бірнеше мекеме өкілдерімен кездестік, алда да жүздесеміз. Қойылатын сұрақтардың көбі – арнайы жобаларға көмек беру. Арамызда «ҚазМұнайГаздан» келген Жақып Марабаев мырза отыр. Бұл кісілерде де мұндай жобалар бар, қарастырады деп ойлаймыз», - деді Г.Наушақызы. «Мен жұмыс мәселесін айтқалы көп балалы аналар атынан келіп отырмын. Бізге айлығы 200 мың болса да тұрақты жұмыс қажет. Облыс басшысы шамасы келгенінше тұрғындарды жұмыспен қамтыды. Оған алғысымыз шексіз. Ал енді қалған отбасылар мұнай саласынан болмаса да, жаңағы айтқан, 200 мың жалақысы бар тұрақты жұмыс сұрайды», - дегенді айтты көп балалы ана Сұлу Жолдасбаева. «Сұрақтарыңыз орынды, дегенмен 200 мың теңге деген оңай дүние емес. Жаңаөзен қаласында жалақының көлемі 80-100 мың теңге айналасында ғана. Жыл соңына дейін 5000 мың жұмыс орны құрылады. Бірақ оның бәрі 200 мың жалақы береді деген сөз болмайды. Өткенде «Өзен Инвест» мекемесінен 350 орын ашылып, 334 азамат барды. Одан бөлек жаңаөзендіктерге арнап Ақтау қаласынан 150 жұмыс орны ашылды. Жалақысы - 300 мыңға дейін. 1 айдан астам уақыт өтті, 88 адам баратынын айтқан, оның ішінде 46-сы келіп жұмысты бастады», - деп жауап берді Маңғыстау облысның әкімі Е.Тоғжанов. Кездесуден соң министрлер қаладағы бірнеше нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты. Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова мен еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Жанарыс» тігін цехында, жұмыспен қамту, халыққа қызмет көрсету орталықтарында болды. «Жаңаөзен қаласында қаңтар айынан бастап бірнеше жұмыс орны ашылып жатыр. Қазіргі таңда «Өзенинвест» мекемесінен жалақысы 100 мың теңге көлемінде болатын 350 орын ашылды. Тұрақты жұмысқа 796 адам орналасты. Жыл соңына дейін 5260 адамды қамту жоспарымыз бар, оның 1398 жұмыс орны құрылды. 41-і «enbek.kz» порталында жарияланып тұр. Жыл аяқталғанша жоспарды орындап береміз», - дейді Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының орынбасары Ажархан Тұрақова. Сонымен қатар Жаңаөзендегі аз қамтылған «Күміс алқа» иегерлерінің отбасына барып, тілдесті. Амал мейрамымен құттықтап, сый-сияпат тарту етті. Білім жəне ғылым министрі Күлəш Шамшидинова қаладағы білім ордаларына барса, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыстарымен танысып шықты. «Мұғалімдердің кәсіптік шеберлігі ең бірінші балалардың білім сапасына әсер етеді. Сондықтан алдағы 3 жыл ішінде 144 мың мұғалім қайта даярлаудан өтеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері елімізде 1672 мектеп салынған екен. Оның 55-і Маңғыстауда салыныпты. Алдағы уақытта республикада 190 мектеп салынады, оның 8-і Маңғыстауда бой көтермек. Олар 3 ауысымда жұмыс істейтін, апаттық жағдайда тұрған мектептерді алмастырады», - деді білім және ғылым министрі К.Шамшидинова.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="75045,75041,75035,75034,75033,75036,75037,75031,75044,75032"]