Жан білмейді, мейлі мұнда ел аштан,
Біреу келіп, үңілмесе адасқан.
Шығыршықтай, шыңыраудың аузынан.
Оймақтай боп, көрінеді көк аспан.
(Н.Айтұлы)
Қали ақсақал осыдан 7-8 жыл бұрын Қарақалпақстанның Қоңырат жерінен көшіп келген. Содан бері отбасымен Ақшұқыр ауылынан үй жалдап тұрған. Әкімдіктерді жағалап жүріп, көп күткен жер теліміне былтыр ғана қол жеткізіпті. Өз беттерінше әрекет қылмақ болып, бірнеше рет несие де алған.
- Ақшұқырға келгелі пәтер жалдап келеміз. Үй, жер ала алмадық. Біз келген жылы квота беру де тоқтатылыпты. Ақшұқырдың әкімі Мәлікке (ред. – М.Жоламанұлы) кемпірім бірнеше рет қатынады. Сосын Форттың (ред. - Түпқараған ауданының) әкіміне бардық. Ол өткен жылы күзде осы жерді берді. Аздаған кредит алып, мына үйді тікейтіп, осы шамаға келтірдік. Одан кейін бізге несие де бермей қалды, алдыңғыларын өтемегенше болмайды екен. Сонымен отырып қалдық, - дейді Қали Есенбаев.
[embed]https://youtu.be/hXBhgYBGcZI[/embed]Біз барғанымызда Қали ата үй алдында радио тыңдап отыр екен. Жолдасы шаруаларымен қалаға кетіпті. Біраздан соң ол да жетті.
- Мына бір сарайды тіктетіп едік. Бірнеше рет кредит алғанымызбен құрылысын бітіруге жетпей қалды. Ең соңғы кредитіме құдық, әжетхана қаздырдым. Менде үш кредит бар, шалда - біреу. Оның пенсиясы - 45 мың, 32 мыңын төлейміз. Менің пенсиямнан 5 мың ғана ауысады. Содан әрі ойланып, бері ойланып, «Не де болса, мешітке барайын, ауыл халқы бар, ел бар, көмек берер» дедім. Мешітке көмек сұрап барғаннан кейін олар вагонымызға жарық орнатып берді. Мына тұрғызып жатқан үйге терезе салып берді... Біраз жыл әр жерді паналап жүрдік. Мына жерді алған соң, қарап отырмайыншы деп, барынша қолымнан келген қарекетті жасадым. Ендігі тілегім – осы үйді бітіріп, ішіне кірсем деймін. Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы кішкентай үйімде отырсам, - деді көзі жасаураған Қымбат ана.
Олар несиесін әлі үш жыл төлейді.
- Осы келе жатқанымда, несие төлеп келе жатырмын. Пенсиям түсіпті, - дейді ол.
- Алғашында осы үйдегі әжей мешітке келіп көмек сұраған еді. Содан біз жамағатпен ұйымдасып, қаржы жинастырдық. Вагонға жарық қосқызып, бұрынғы қарыздарын өтедік. Одан соң мына үйдің терезелерін орнаттық. Қалған ақшаға азық-түлік, керек-жарағын әкеліп, барымызша көмектесіп жатырмыз. Құрылысшылармен сөйлесіп қойдық, енді осы кішігірім үйдің құрылысын аяқтап беруге ниеттеніп жүрміз. Байқасаңыз, жарты таспен қаланған. Қыста жылы болу үшін ішінен арнайы материалдармен қаптап, алдына ауыз үй салып бергіміз келеді, - дейді Сайын Шапағатов ауылдық мешітінің наиб имамы Талғат Әбдіразақов.
«Ақшұқыр ауылында тіркеуде тұрмыз. Азаматтығымызды алдық, құжаттарымыздың барлығы бар»
Жылы үйде денсаулығын күтіп, немере ойнатып отырар шақта қариялар «шықпа, жаным, шықпа» күй кешіп жүр. Жан сауғалар баспанаға зәру. Оның үстіне, екеуінің де денсаулығы сыр берген.
«Мүгедекпін, ұршығыма операция жасаған, содан жүруім қиындады. Тамырым тартылып, еңкейіп жүремін. Бойымды көтертпейді. Бір-екі күн вагонның жан-жағын қымтап, құдықтың айналасын көміп едім, соған ауырып қалдым. Бүгін тәуір болып, далаға шығып отырғаным еді» Қали ақсақал.
- Көрші үйдің құдығын пайдаланып отырмыз. Ол үйде ешкім тұрмайды, көшіп бара жатқанда рұқсатын алып қалдық. Суымызды соған құйып, пайдаланып отырмыз. Кемпір тәшкімен тасиды.
[embed]https://youtu.be/4z4GyBHP8tk[/embed]Мешітке келген, қарттардың жағдайын естіген тұрғындар азын-аулақ қаржы, азық-түлік әкеліп, көмек қолын созған. Ондай жомарт жандарға, мешіт ұжымына қарттардың алғысы көл-көсір. Олардың сөздерінен ішкілікке салынған баласынан үміттерін үзгені де байқалады.
- Баладан қайыр жоқ, оны бірнеше рет жұмысқа да тұрғыздық, шығып қала береді. Қызымыз ғана келіп көмектесіп тұрады. Ақшұқырда жалдаған үйіміздің иесі Ақтауға көшті. Қорасында аздаған жандығы бар еді, соларға қарап, тұра бер деген соң, балам мен қызым қазір сонда, - дейді ақсақал.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда жыл басынан бері өрттен 5 адам қаза тапқан- Мешітке келген кісілерге айтып, құлағдар қылып жүреміз. Жақында осы кісілердің несиесін жабу жайында да ұсыныстар болған. Одан да үмітіміз бар. Несие жабылса, зейнетақыларын өздері пайдаланып, аяққа тұрып кете ме деген ниет қой, - деп қалды Талғат Әбдіразақов.
Қали ата мен Қымбат ана қыс қырауы білінбей, сарайға кіруді ойлайды. Аядай вагон аптапта сая болғанымен, аязға қауқары жете қоймас. Оларды мешітке алып барған үміті әлі өшпек емес. Себебі айналасында пейілі кең, жомарт жандардың барына сенеді.
P.S. Қарияларға көмектесем деушілерге редакциямызға немесе Сайын Шапағатов ауылдық мешітіне хабарласуды өтінеміз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="38471,38470,38469,38468,38465,38464,38463,38462,38461"]