©
Маңғыстау облысы бойынша 9 айда 216 өрт оқиғасы тіркелді. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда 24%-ға өскен. Бұл туралы бүгінгі баспасөз жиынында МО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мұқанов мәлімдеді.
- Одан бөлек өрттен қаза болған адамдар саны да көбейген. 9 ай қорытындысында 5 адам қаза болып, 16 адам жарақат алды. Қаза болғандар саны 40%-ға өскен. Өрт оқиғасы көбіне тұрғын үйлерде тіркеледі. 9 айдағы 216 өрттің 40%-дан астамы тұрғын үйлерде, 35%-ы автокөліктерде орын алған. Басым бөлігіне электр құрылғыларының нормаға сай жабдықталмауы және олардың қысқаша тұйықталуы себеп болады, - дейді Мұрат Мұқанов.
Өрт салдарынан келген материалдық шығын 176 млн.825 мың теңгені құраған. Ал автокөліктегі өрттердің материалдық шығыны 104 млн. теңгеге жеткен. Бүгінде облыс аумағында 67 мың газбаллонды автокөлік бар және олардың қатары артып келеді. Биылғы жылы өрттің 80%-ы газбаллонды қондырғымен жабдықталған көліктерден шыққан.
2017 жылдың 9 айында облыс аумағында табиғи газға уланудан 3 адам қаза тапқан. Ал 7 адам жарақат алған (улану).
Тағы оқыңыздар: Латыншаға көшудің терең логикасы барКөміртек тотығынан уланып қаза болғандар мен зардап шеккендер санын азайту мақсатында облыста 178 қондырғы орнатылған. Олар табиғи және сұйылтылған газдың мөлшерін, шоғырлануын анықтайды.
Департамент жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп, рейд ұйымдастырып, қауіпсіздік ережелерін, өрттің алдын алу және жою шараларын насихаттау жұмыстарын жүргізген. 9 ай ішінде облыс аумағында 13 мыңнан аса үйге өрт қауіпсіздік нұсқамасы таратылған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА