Маңғыстау облыстық экология департаменті мен «Экотерра» компаниясы соттасып жатыр. Іс Жоғарғы сотқа жеткен. Экология департаменті қоршаған ортаның ластануына әкеп соғатын әрекеттерге барғаны үшін компанияға айыппұл салған. Яғни, экологиялық қауіпті болып саналатын мұнай қалдықтарын, медициналық қалдықтарды және түрлі тұрмыстық қалдықтарды экологтардың рұқсатынсыз жойған. Алайда «Экотерра» ЖШС мұнымен келіспей отыр. Бұл мәселеге қатысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарлы тексеріске сәйкес министрліктің бекітуімен және бас прокоратураның келісімімен Маңғыстау облысы экология департаменті тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесінде 4 заңбұзушылық анықталған. «Біріншісі – ликвидациялық қор ашпаған. Мекеме жұмысын тоқтатқан жағдайда қанша қаржы кетеді, қандай жолмен полигонды жоятынына тиісті жоба жасақтау қажет. Сондай-ақ экологиялық мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу керек болады. Бұл жағдай қарастырылмаған. Екіншісі – өндірістік талаптарға сәйкес олардың тізімін жүргізбеген. Мәселен, қанша қоқыс келді, ол қоқыс қайда жіберді және қандай әдістермен оларды залалсыздандырды. Сонымен қатар одан шыққан қалдықтарды қайда тапсырды, қалай жойды, қалдықтан қандай өнім алды. Үшіншісі – өндіріс қалдығымен айналысатын аталған мекеме экологиялық департаменттен рұқсат алуы тиіс. Төртіншісі – мемлекеттік экологиялық сараптамада бекітілгендей тәртіпті бұзып отыр», - дейді Руслан Төкенов. Соған сәйкес, жалпы қалдықтарды өңдеу және жою жұмыстарымен айналысатын компаниялар ҚР заңнамасына сәйкес департаменттен арнайы рұқсат алуы тиіс екен. - Ал «Экотерра» ЖШС белгілі бір бөлшегіне ғана рұқсат алды. Сондықтан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 332, 323, 344, 351 баптарына сәйкес компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды және салынған 150 АЕК көлемінде айыппұл мемлекет пайдасына толықтай өндірілді, - дейді Р. Төкенов. Дәлірек айтқанда 2017 жылы компания экология департаменті тарапынан 135 582, 089 тонна түрлі қалдықты қабылдап, жою үшін рұқсат алғанымен, олар 235454,454 тонна қалдық жойып, нормативтен 141606,8 тонна артық кеткен. 2018 жылы экология департаменті бұл компанияға 3080 тонна ғана қалдықты қабылдауға рұқсат бергенімен олар көрсеткішті 60618,257 тоннаға жеткізіп, 57538,257 тонна қалдықты экологтардың рұқсатынсыз жойған. Алайда компания бұнымен келіспей отыр. «Экотерра» ЖШС заңгері Курсив сайтына берген сұхбатында компанияның ешқандай заң талаптарын бұзбағанын айтып отыр. Экология департаменті бұл компанияға 2013 жылы да дәл осындай айыппұл салған. Эмиссияның заңсыз салынғанын дәлелдемек болған «Экотерра» компаниясы Жоғарғы сотқа дейін жеткен. Осылайша 2015 жылы Жоғарғы сот қоршаған ортаға эмиссияға төлем салу туралы шешімді заңсыз деп таныған. Енді «Экотерра» компаниясының айтуынша, дәл осы баппен оларға қайтадан эмиссия салынып отыр. Сот шешімімен келіспеген компанияның шағымын Маңғыстау облыстық әкімшілік соты қанағаттандырмады және аппеляциялық шағымы да қанағаттандырусыз қалдырылған. - Облыстық сот шешімді экология департаментінің пайдасына шешіп отыр. Сол үшін біз қайтадан Жоғарғы сотқа шағымдандық, қазір шешімін күтіп отырмыз. Біз Жоғарғы соттан 2015 жылғы шешімін қайта растауды сұрап отырмыз, өйткені бір мәселе бойынша 2 түрлі шешім шығуы мүмкін емес, - деген «Экотерра» ЖШС-нің заңгері Курсивке берген сұхбатында. Айта кетелік, былтыр Маңғыстау облыстық экология департаменті 50-ден астам тексеру жүргізген. Қорытындысында 142 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталған. Заң бұзушыларға 30 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынған. Бүгінде оның 64 миллион теңгесі мемлекет пайдасына өндірілсе, қалғаны сот орындарында қаралып жатыр.
Ақкенже БЕРКЕНОВА