©
Маңғыстау облыстық жол полициясы 2019 жылдың 1-31 қаңтары аралығында жалған нөмірмен жүрген 6 көлікті анықтады. Олардың екеуі Жаңаөзен қаласында, қалған төртеуі Мұнайлы және Бейнеу аудандарында ұсталса, жалған нөмірлі бір көлікті жол-патрульдік полициясы анықтаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Атап айтсақ, 2019 жылдың 4 қаңтарында сағат 11:05 шамасында Жаңаөзендегі Бейбітшілік көшесінде мемлекеттік нөмірі R 647 MDM «ВАЗ-21112» көлігі жол ережесін бұзып, айып тұрағына жабылады. Тексеру кезінде нөмірдің 2012 жылы есептен шығарылғаны және иесінің 89 282 теңге көлемінде айыппұлын төлемегені анықталған. Дәл осындай жағдай 11 қаңтар күні де қайталанады. Жаңаөзеннің Самал шағынауданында сағат 17:30 шамасында R 489 СDM нөмірлі «Opel Vectra» көлігі жол ережесін бұзады. Көлік айыптұрағына салынып, тексеру бұл нөмірдің 2002 жылы есептен шығарылғаны белгілі болады. Бұл нөмір бойынша 63 871 теңге айыппұл төленбеген екен. Мұнайлы ауданында 5 қаңтар күні сағат 12:50 шамасында «Айшат» мейрамханасына қарама-қарсы жолда ереже бұзған Газель көлігін тоқтатылады. Көліктің R 130 HPM нөмірі жалған болып шықты. 9 қаңтар күні сағат 11:50-де Атамекен елді мекенінде Басқұдық ауылының тұрғыны «DAEWOO Nexia» көлігімен жол ережесін бұзады. Ол автокөлігіне 397ASA12 жалған мемлекеттік белгісін тағып алған екен. «Маңғыстау ауылына барар жолдағы №20 бекетте R 716 LUM жалған нөмірлі «DAEWOO Nexia» көлігі тоқтатылады. Жүргізуші жол ережесін бұзған. Оқиға 13 қаңтар күні 06:10-да болған», - деп мәлімдеді Полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер. Тағы бір факті 26 қаңтар күні сағат 16.00-де Бейнеу ауданы Бейбарыс көшесінің тас жолында Бейнеу ауданының тұрғыны, «Даеwoo Nexia» маркалы автокөлігіне 625EVA12 жалған мемлекеттік белгісін тағып басқарып, жол ережесін бұзған. Полиция департаментінің ӘПБ Әкімшілік практика бөлімінің мәлімдеуінше, жүргізушілерге ҚР ӘҚБтКодексінің 590 бабының 4 бөлігі бойынша хаттама толтырылып, көліктер айыптұраққа қойылған. Барлық факті бойынша әкімшілік іс сотқа шешім қабылдау үшін жолданған.