Маңғыстауда электр энергиясының сараланған тарифі болмайды. Енді Ақтау қаласының тұрғындары 17,29 теңгемен төлейді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Өркен Бисақаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Сондай-ақ баспасөз жиынына Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов және Маңғыстау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бақыт Бекмұратов қатысты. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалармен жасалған жария шартты және заңды тұлғалармен жасалған келісімшартты тоқтатты. Ақтау қаласын энегриямен жабдықтау қызметі «АльянсэнергоСнаб-Ақтау» мекемесіне ауысты. Осыған орай 29 қаңтар күні «Альянс энергоснаб-Ақтау» ЖШС тариф бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Жаңа тарифті талқыға салған тыңдауда тұрғындар мен жабдықтаушы мекеме арасында қызу пікірталас туып, мәселе аяқсыз қалған еді. 30 қаңтар күні қалалық әкімдіктің құрамында қалалық прокуратура, монополияға қарсы комитет және энергетика басқармасы өкілдері, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылып, түйткілдің түйінін шешуге тырысқан. Нәтижесінде бүгін басшылар бекітілген жаңа тарифтерді жария етті. «Негізгі сұрақтардың бірі нақты тарифтің көлемі мен сараланған тарифке қатысты болды. Ақтау қаласы мен оның құрамына кіретін Өмірзақ, Приморский, Приозерный елдімекендерінде тариф 17,29 теңгеге төмендетілді. Былтыр 19 теңге 42 тиын болған еді. Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия аудандарында 20 теңге 2 тиын болса, биылдан бастап 16 теңге 89 тиынға түсірілді. Ал Мұнайлы ауданында 15,62 теңге болып өзгерді. Бұрын 17,45 теңге болатын. Тариф 1 жылға бекітіледі. Оған дейін өзгермейді. Бұл өзгерістердің нәтижесін бүгін-ертең келетін түбіртектен көресіздер», - деді Ө.Бисақаев. https://youtu.be/mDv4cUufGOI
Яғни қала тұрғындары енді энергияны қанша тұтынса да 17,29 теңге/кВт.сағ бойынша төлейді. Бұл – қосымша құн салығын қосқандағы баға. Ал ҚҚС-сыз 15,44 теңге.
«АльянсэнергоСнаб» мекемесінің толықтай лицензиясы бар, Қазақстан аумағында жұмыс істеуге құқылы. Сондықтан ол жұмысын жалғастыра береді. Одан бөлек қала бойынша «АқтауэнергоСбыт» мекемесі бар. Олар тек заңды тұлғалармен жұмыс істеп отыр. Егер алдағы уақытта жеке тұлғалармен жұмыс істейміз десе, нарық ашық», -деді Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязов.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71242,71243,71244"]Брифингтің видео нұсқасын фейсбуктегі парақшамыздан көріңіз.
https://www.facebook.com/mangystaumedia/videos/2134586003425326/