©
Қазақстанда көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары қайта қаралады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Бүгін министрлікте көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын жетілдіру мәселелері қарастырылады. Сіздер бұған дейін ешқандай шара қабылданбады деп ойламаңыздар. Өткен жылдың өзінде министрдің тапсырмасымен қолдау шараларының тиімділігіне әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Өйткені кез келген жаңашылдықтың міндетті түрде негізі болуы тиіс», - деді вице-министр. Осы ретте ол 4 және одан да көп баласы барлар көпбалалы отбасы саналатындығын еске салып өтті. «Бұл түсінік Неке және ерлі-зайыптылық кодексінде бекітілген. Көпбалалы отбасылар арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Бұған қоса, егер отбасының кірісі кедейшілік шегінен төмен болса, онда атаулы әлеуметтік көмек беріледі. 6,7 баласы барлар да көпбалады отбасы саналатындығы түсінікті. Мұндай отбасыларға жоғарыда аталған төлемдерден бөлек «Күміс алқа», «Алтын алқамен» марапатталған көпбалалы анаға арналған жәрдемақыдан төленеді», - деді С.Жақыпова. tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, Светлана Жақыпова қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаға қатысты да журналистердің сұрағына жауап берді. С. Жақыпованың айтуынша, министрліктің өкілдері балалар қаза тапқан отбасымен кездесіп, оларға көңіл айтқан. "Ал министр (Мәдина Әбілқасымова) қайда, ол кешеден бері денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімін алған екен?" деген сұраққа былай деп жауап берді. "Министр кешеден бері емес, өткен аптадан бері ауырып жатыр", - деген ол қаза болған балалардың үйіне министрдің өзі де барғанын айтты. Журналистердің "Неге балалардың ата-анасы түнгі мезгілде жұмыс жасауға мәжбүр болған?" - деген сұраққа вице-министр "Бұл - олардың таңдауы", - деп жауап қатты.