©
Ақорданың Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық Кеңеске берген өтінішіне қатысты жасаған мәлімдемесінің видеосы жарияланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Естеріңізге сала кетейік, кеше 4 ақпан күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Конституциялық Кеңеске өтініш берген болатын. Президент кеңес мүшелерін Президент өкілеттілігіне қатысты Ата заңдағы 42-баптың 3-тармағына ресми түсіндірме беруді сұрады. Елбасының өтініші Конституциялық Кеңестің отырысында қаралады. "Конституциялық Кеңеске берген өтінішіме қатысты қысқаша жауап бергім келді. Бұл - мемлекеттің күнделікті мәселесі. 1995 жылдан бері, Конституцияны қабылдағаннан бері Конституциялық кеңеске 220 өтініш келіп түскен. Оның 22-сі менің президенттік өтінішім. Бұл - қалыпты үрдіс", - деді Президент. Президент өзінің Конституициялық Кеңеске берген өтінішінен шу тудырудың қажеттігі жоқ екенін айтты. "Әрине, бәрін қызықтыратын сұрақ - сайлау, транзит және т.б. Конституцияны оқыңыз. "Президент туралы" Заңды оқыңыз. Онда сайлаудың қашан болатыны, өкілеттік мерзімі қашан аяқталатыны нақты көрсетілген. Иә, Президенттің Конституция бойынша мерзімінен бұрын сайлау жариялауға заңды құқығы бар. Ол әзірге болмайды. Сабырға келіп, жұмыс жасайық", - деді Президент. https://www.facebook.com/AkordaPress/videos/1174276112730763/