ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру күні 2019 жылғы 12 маусымға белгіленді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы мәлім етті. ҚР ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен республика Президенті болып дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан артық дауыс алған кандидат танылатынын атап өтті. «Қаулы жобасына сәйкес, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының, сонымен қатар 9 маусым күні өткен дауыс беруде аумақтық сайлау комссияларының дауыстарды санаудың нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының сайланған Президенті болып танылсын. Қ.Тоқаев кандидатурасы үшін сайлаушылардың 6 539 715-і дауыс берді», -деді ол. Айта кетейік, заңнамаға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиялары хаттамаларының негізінде сайланған Президентті тіркейді. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық Заңға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайланған Президентке Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырады. Конституциялық Заңның осы нормасын басшылыққа ала отырып, 9 маусым күні сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсыру ұсынылады. Сонымен қатар заңға сәйкес, Президент кезектен тыс сайлауда сайланған жағдайда ант беру күнін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Осы заңнама нормасына сүйене отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру күні 2019 жылғы 12 маусым болып айқындалсын», - деді Сүлеймен. Атап айтқанда, ҚР ОСК-ның ашық отырысында 2019 жылғы 9 маусымда болған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындыларын анықтау туралы қаулы қабылданды.