Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Маңғыстау облысының қала құрылысын және жерді бақылау басқармасының жерді қорғау және пайдалануды бақылау бөлімінің бас маманы Е.Адильбаевқа қатысты тәртіптік істі тоқтату туралы бірауыздан шешім қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Құқық қорғау органы тарапынан 7 ш/а жағалауында орналасқан "Tofu" ресто-барының жер учаскесін мақсатты пайдалану заңдылығын тексеру туралы ұсыныс жасалған. Сол іске байланысты жауапты маман Есенбек Адильбаев құрылыс саласын тексеру лауазымдық міндеті бойынша құзыретіне жатпайтындықтан, тек қана жер қатынастары саласы бойынша тексеру жүргізген. Нәтижесінде лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әдеп кеңесінің хатшылығымен мән-жайды қарау нәтижесінде құрылыс саласына қатысты тексеру жүргізу Е.Адильбаевтың лауазымдық міндеттеріне жатпайтындығы анықталды. Тікелей кінәсі болмауына байланысты, алқалық орган Есенбек Адильбаевқа қатысты істі тоқтатуды шешті. Ал, жұмысты тиісті дәрежеде ұйымдастырмағаны үшін басқарма басшысына қатысты мәселе бөлек қаралатын болады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Сурет ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінен