Маңғыстау облысында Бейнеуден Өзбекстан шекарасына дейінгі автомобиль жолын жаңғырту жұмыстары басталды. Көлік дәлізі Құрық портынан өзге елдерге жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Жол құрылысына мемлекет қазынасынан 20 млрд теңге бөлінген.
«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» тас жолының ұзындығы 85 шақырымды құрайды. Ескі жолды қайта жаңғырту жұмыстарының басталуына әсіресе Бейнеу ауданының жұртшылығы қуанды. Себебі жүзге тарта жергілікті тұрғын құрылыс басында еңбек ететін болады.
https://youtu.be/j_feYZs3dVAБолат Досов, Бейнеу ауылының тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты:
- Өзбекстанға жол Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Сарыағаш ауданында ғана бар екен. Енді міне, тас жол, автомобиль жолы салынатын болса, іргелес жатқан, көршілес жатқан мемлекетпен ара қатынас, сауда-саттық, экономикалық байланыс дами түсетіні анық. Сондай-ақ біздің елді мекенде көпшілігі осы көршілес мемлекеттен көшіп келгеніне байланысты өздерінің тума-туысқандарына, ағайындарына жол жақын болатын болды.
Екі елді жалғайтын күре жол құрылысы келер жылы аяқталады. Бұл дәліздің еліміздің экономикасын дамыта түсуде маңызы зор. Көрші мемлекеттер аталған тас жолмен Құрық порты арқылы жүк тасымалдайтын болады. Қазір Қазақстанның жаңа портынан Ақтауға дейін де автожол салынып жатыр. Құрылыс аяқталған соң Құрық портының мүмкіндігі екі есеге дейін артпақ.
Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:
- Айналамыздағы Иран сияқты мемлекетке, Ресей, бүкіл Кавказ елдеріне, Түрікменстан мемлекетіне, Өзбекстанға тікелей жолдар ашылып, бүкіл дүние жүзінің қарым-қатынасының үлкен қақпасына айналды. Орта есеппен есептегенде 68 пайызға дейін Қытай мемлекетіне шығатын үлкен жолдың торабы бүгінде осы Ақтау, Маңғыстау жері арқылы өтіп жатыр. Оның бәрі тәуелсіз Қазақстанның мүмкіндіктеріне жатады.
Бейнеу ауданында жолмен қатар ауыз су тапшылығы мәселесі де шешілетін болды. Сарға ауылына су құбырын тарту жұмыстары басталды. Алдағы жылы 200 отбасы өз үйінен таза ауыз су ішетін болады.
Дереккөз: khabar.kz Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="30010,30008,30007,30009,30012"]