©
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтау теңіз порты» арнайы экномикалық аймағының және оның аумағында жуырда іске қосылған жобалардың қызметімен танысты.
«Ақтау теңіз порты» АЭА-ның негізгі тапсырмасы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін, соның ішінде, құрылыс индустриясы, мұнайхимия, мұнайсервис, көлік және логистика салалары үшін инвестиция тарту болып табылады.
Құрылу кезінен бастап АЭА аумағында 236 млрд.теңгеге өнім өндіріліп, 84 млрд.теңге тартылды, 20,8 млрд.теңге салық ретінде бюджетке түсті. 1023 тұрақты жұмыс орны ашылды.
АЭА аумағында тіркелген 30 жобаның 15-і жүзеге асырылды. Осы жылы тағы 4 жобаны іске қосу жоспарлануда, 11 жоба жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, мемлекет басшысына азық-түлік тауарларын сақтауға арналған «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» қойма кешенін таныстырды. Инвестор «Анадолу Инвестмент Компани» ЖШҚ (Әзірбайжан Республикасы) 4,56 млрд. теңге бөліп, 15 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жабық қоймалардың аумағы 8730 шаршы метрді құрайды,соның ішінде, құрғақ жүктерді, жеміс-жидек пен көкөністерді сақтауға арналған және мұздататын қоймалар бар. Барлық қоймаларға паллет ыдысындағы тауарларды сақтауға арналған 4 қабатты сөрелер орнатылған, штрих-коды бар бағытталған және орталықтандырылған бақылау жүйелері ұйымдастырылған. Қоймалар орталық басқару жүйесі бар толық автоматтандырылған климаттық бақылаулармен қамтамасыз етілген. Инновациялық құрал-жабдықтар, соның ішінде, мұздататын құрылғылар, климат жүйелері – терең қатыруға арналған. Бұл жобаны іске асыру Маңғыстау облысының сыртқы нарығын жоғары сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Ақтаудағы логистика орталығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағытталған. Маңғыстау облысымен қатар, республикамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп, онымен қамтамасыз ету мақсатымен тауарларды сақтау, жеткізілетін көлемін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет, – деді Елбасы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев орталық қызметкерлеріне табыс тіледі.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН