©
«Өзенмұнайгаз» АҚ мұнайшылардың жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес...
Кендірлі демалыс аймағына күн арқан бойы көтеріле жеттік. Түнімен жауған қар күн сәулесімен шағылысып, жарқырап жатыр. Бір-бірімен көрік жарыстырып, қаз-қатар тізілген әсем үйлер айналаға ажар қосқандай. Ауа-райының құбылмалы мінезін елең қылмай, қызу жұмысқа кіріскен құрылысшылардың жанынан табылдық.
- Биыл тапсырылған жатақханамыз керемет. Жуынасың ба, теледидар қарайсың ба, барлық жағдай жасалған. Кендірліде машинист болып жұмыс істегеніме 10 жылдай болып қалды, - дейді Берік Дәулетов деген азамат ризашылығын жеткізіп жатыр. Әңгімеге «Өзенмұнайгаз» АҚ құрылыс департаментінің инженері Мирас Көбей араласты.
Он бес жылдан бері жөндеу көрмеген демалыс аймағында бірталай жұмыстар атқарылыпты. 40 орындық жұмысшыларға арналған жатақхана пайдалануға берілген. Күрделі жөндеуден өткен, жастарға арналған 10 котедж көз жауын алып, жұтынып тұр.
Бюджет кең көсілуге мүмкіндік беріп жатса алдағы уақытта отбасылы котедждерге де жөндеу жасалмақ. Қосымша бірден 50 демалушыны қабылдай алатын асхана құрылысы салынып жатыр. Әуел баста жаз айларында күніге 150 адам демалуға арналған демалыс орны тарлық етіп отыр. Қыркүйек айында 100 орындық жатақхана құрылысы басталыпты. Алдағы жаздан бастап күніге 250 келушіні қабылдауға мүмкіндік бар.
Осында 2011 жылы ашылған 100 орындық «Медикер» шипажайынын да көре кеттік. Осыдан екі жыл бұрын емдеу бөлмелері мен жатар орын аралығы қосатын «өткел» салынған екен. Демалушылардың қыс айларында да салқынға ұрынбай, жылы жерден ем-домын алуларына қолайлы жағдай жасалып отыр.
– Арнайы келісім-шарт бойынша Павлодардағы Мойылды шипажайынан балшық, Алматыдан сүлік алдырып отырмыз. Қараша –наурыз айларында кәсіпорын зейнеткерлері демалады. Жаз айларында мұнайшылар емделеді. Осындағы 35 ақ халатты абзал жандардың 15-і дәрігерлер, – дейді медбике Балбибі Жетімекова.
Түстен кейін Жаңаөзен қаласындағы өндірістік нысандарға бет алдық.
– Еңбек жағдайын жақсарту, жұмыс орындарындағы әлеуметтік ахуалды түзеу мақсатында 2009 жылы арнайы бағдарлама қабылданып, жыл сайын 1,5-2 миллиард теңге қаржы бөлініп келеді. Жеті жыл ішінде мұнайшылардың киім ауыстыруына, жуынуына арналған 29 тұрмыстық-шаруашылық кешен, 10 асхана, топтық қондырғы және сораптар станцияларының жұмысшылары үшін 70 мәдени үйшік жаңадан бой көтерді. Сонымен бірге өндірістік аймақтан 1250 орындық автостанция, Қызылсай ауылында тұратын мұнайшылардың жұмысқа тасымалы үшін 50 орындық автостанция пайдалануға берілді. «Өзенмұнайгаз» АҚ жыл сайын Жаңаөзен қаласына 750 миллион, Қарақия ауданына 150 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Мәселен 2015-2016 жылдары компанияның демеушілігімен «Жаңаөзен-Құланды» автожолы салынды. «Шаңырақ», «Мұнайлы», «Бостандық» шағын ауданы асфальтталды, абаттандырылды. Құрық, Жетібай. Мұнайшы ауылдарының автожолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлінді. «Кендірлі» аумағындағы ашық жағажай құрылыс қаржыландырылуда, – деп «Өзенмұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаменті директорының орынбасары Мұхамбетберді Сүйітов жол қысқартып, атқарылған істерден хабардар етіп келеді.
«Жақсыны көрмек үшін» деген, тоқтай қалып, Жаңаөзен-Құланды бағытындағы жолды суретке түсіріп алдық. Бұрын екі жеңіл машина әзер сиятын жол бойымен ауыр көліктер әрлі-берлі ағылып жатыр. Ұзындығы 44 , ені 9 шақырымға созылып жатқан кеніші аумағын байланыстыратын жолдың былтыр 10 шақырымы жөнделіпті. Бұл жұмыс биыл да жалғасуда.
Екінді кезінде жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалық орталығына жеттік. Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін мұндай алып цех ТМД елдерінде жоқ екен. Осында 4 тізбек орналасқан, сораптық компрессорлық құбыр, сораптық шыбық, терең сорап жып-жылы, тап-таза, жабық алаңда жөнделеді. Кілт, балға дегендер жоқ, тетікті баса біл, бәрі автоматты түрде атқарылады.
- Өзіңіз де аңғарған шығарсыз, бұрын осындай жұмыстарды мұнайшыларымыз әр жерде, жауын-шашын, боранды күндерге қарамай ашық алаңда істейтін. Енді міне, бәрін бір жерге біріктірдік. Құбырларды жуатын ванна да іргемізде. Өндірістік нысан қызметкерлеріне арналған 75 орындық тұрмыстық-шаруашылық кешен құрылысы жүруде. Орталықта 270 мұнайшы жұмыс жасайды, оның 80-і әйел, 38-і инженер-техникалық қызметкер. Жылына 400000 құбыр, 300000 шыбық, 10000 тереңдік сорабын жөндеп, жоспар межесінен шығып отырмыз. Мақсат-қолда барды қадеге асырып, сатып алуды азайту арқылы бюджет қаржысын үнемдеу, - дейді цех бастығы Нұрболат Қарабаев.
Бесінді кезінде мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу базасының құрылысымен таныстық. Өзгелерге арман болған бұл ірі кешен 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында пайдалануға берілмек. «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған, әр жерде шашырап жатқан, әбден тозығы жеткен нысандарды осында көшіреміз. Мына жабдықтар Болгария, Германия, Ресей,Қытайда шыққан технологияның озық үлгілері. Мұнай өндіруге қажетті тетік, бөлшектердің бәрін жасаймыз. ,-дейді сапаны бақылау бөлімінің бастығы Рафаэль Хамидуллин.
Қыстың қысқа күні өте шықты. Айнала қоңыр түске еніп, қоюланған шақта 1961 жылы 15 желтоқсанда тұңғыш мұнай бұрқағы атқан №1 ұңғы жанында орнатылған ескерткішке жеттік. Жылтыр тақтаға Михайл Кулебякин бригадасында болған, алғашқы мұнайды ашқан мұнайшылардың өзімізге таныс есімдері жазылыпты.
- Бәрі де күні кешегідей көз алдымда. 1961 жылы наурыз айында Түбіжіктен Өзенге 30 адам келдік. Бригадиріміз Кулебякин Грозный мұнай институтын бітіріп келген. Мен Доссордағы училищеден 6 дәрежелі бұрғышының көмекшісі деген мамандық алған жиырмадағы жас жігітпін. Қайсы бірін айтайын, сол жігіттерден бүгінде үш-ақ адам ғана қалдық. Зулап аққан уақыт-ай десеңізші. Артымызда ізіміз, айта жүрер ісіміз қалды, - деп №1 ұңғы басынан кездестірген ардагер ағамыз Болатбай Қарамұрзаев кең көсілгісі келген...
Уақыт тығыз еді, жолға асықтық. Бас шұлғып, тербелген качалкалар ұрпақтар сабақтастығы жайлы ой салып, қаз-қатар тізіліп артта қалып барады.
Болат ҮМБЕТОВ
Суреттерді түсірген Қуаныш ТЕКЕБАЕВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="15727,15726,15723"]