©
- Жертөледе тұрдық. Қыстың аязы мен жаздағы ыстық аптапта жұмыс істеу оңай болған жоқ. Мен алғаш мұнай бұрқағы атқылаған жылы бар болғаны 20 жастағы бала едім... Михаил Кулебякиннің бригадасында болдық. Бұрғылаушының көмекшісі болып, қара жұмыс істедік. Жас болған соң ба, жұмыстың ауыртпалығы көп біліне бермеуші еді, - деп бастады әңгімесін Болатбай Қарамұрзаев.
Есіл естелікке толы әңгіме жарты ғасыр бұрын болған күндерді еске салады. Кейінірек «Мұнайлы өлке – Маңғыстау» деген тіркестің кең таралып кету себебі де Болатбай Қарамұрзаев сияқты аталарымыздың арқасы еді. Ашық аспан астында қаңтардың суығы мен шілденің ыстығына шыдап қана қоймай, қиын да ауыр жұмыс істеген азаматтар тарихта қалды. Қазір Ырзабек Нұрбеков, Дүнбай Қужалов және Болатбай Қарамұрзаев есімді мұнайшы-ардагерлердің көзі тірі екен. Ал Өзен кен орнында әйгілі скважинада жұмыс істеп, алғаш мұнай бұрқағы атқылаған сәтте куәгер болған азаматтар өкінішке қарай бұл өмірден өтіп кеткен.
Алғаш мұнай атқылаған күнге биыл 15 желтоқсанда 55 жыл толады. Сол мерейтой қарсаңында «Өзенмұнайгаз» тынысымен танысудың сәті түскен еді. Ал бүгін ұзақ жылдар ішінде адам танымастай өзгерген алып мекеменің жеткен жетістіктері мен жаңа нысандары туралы кеңірек баяндаймыз.
Жұмысшылардың жағдайы қалай?
«Өзенмұнайгаз» жұмысшыларына арнап 100 орындық жатақхана, жаңа шипажай, сондай-ақ балалар лагерін салды. Мекеменің жұмысшылары жыл сайын тегін шипажайда демалып, балаларын лагерьге жібереді. Биыл жазда қолдануға берілген жатақхананың іші мұнтаздай таза, жаңа заманауи жабдықтар орналастырылған.
– Кендерліде қызмет етіп келе жатқаныма биыл 10 жыл. Бұған дейін әр жерде тұрып келдік. Тұрақты жай болған жоқ. Ал жаздан бері осы жатақханада жатып, жұмыс істеймін. Бұл жердегі жағдай көңіл көншітерліктей. Барлық қажеттіліктің бәрі бар. Тазалық бөлмесі, асханасы, сондай-ақ жату орындары да жаңа, – дейді «KMGEP-Gating» ЖШС қызметкері Берік Дәулетов.
Бұрын балалар лагері саналған ғимарат қазір шипажайға ауысқан. Шипажайдың барлық медициналық процедура бөлмелерімен танысып болғаннан соң, Балбибі Жетмекова есімді дәрігер-маман демалыс орны туралы әңгімеледі:
– «Өзенмұнайгаз» басшылығы бізбен арнайы келісімге отырған. Бір уақытта 100 жұмысшы бұл шипажайда демала алады. Ем балшығын арнайы Мойылдыдан (Павлодар қаласына жақын) алдырамыз. Гидромассаж, гидротерапия сынды 15-тен аса медициналық қызмет түрі көрсетіледі. Жаз мерзімінде жұмысшылардың өзін қабылдасақ, қараша-наурыз айларында олардың туыстары келіп демалуға мүмкіндік бар.
Бізге қызығырақ болғаны мынау: Бұл мекемеде қызмет атқармайтын қарапайым халыққа қандай көмек көрсетіп жатыр? 9 мыңнан аса қызметкері бар мекеме Маңғыстауға экономикалық жетістіктерден өзге қандай пайда әкелді? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеген едік.
Тұрғындарға ТЕГІН жағажай салынады
ТЕГІН деген сөз кім-кімге де ұнайды. Ақшаңқай Ақтауда да жаз бойы ақылы жағажайларға барып теңізге түсіп жатамыз. Шын мәнінде, Каспий маңы аймағы бола тұра, теңізге шомылу үшін қарапайым адамнан ақы алу да құлаққа түрпідей тиері анық. Сол себепті «Өзенмұнайгаз» Кендірліден орнықты әрі заманауи жағажай салуды жоспарына енгізген. Келер жылдың жазында ашылатын жағажайда кез келген тұрғын немесе қонақ келіп демала алады. Биодәретхана, Киім ауыстыру орны, сондай-ақ, жағажайдағы көлеңкелі қаптамалар да жағажай жанында салынатын болады, деп сендіреді «Өзенмұнайгаз» мекемесінің жұртшылықпен байланыс бөлімі өкілдері.
Кендірлі аймағы – теңіз суының жылылығымен, жағажайдың жайлылығымен ерекшеленетін жер. Кендірлі Каспий теңізінің оңтүстік-шығысындағы шығанақ. Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасқан. Құрлыққа 22 км шамасында еніп жатыр.
– Жаңаөзен мен Қарақияға «Өзенмұнайгаз» 900 миллион қаржылай қолдау көрсетуде. Жаңаөзен қаласының өзіне жыл сайын «Өзенмұнайгаз» 750 миллион теңге көмек көрсетсе, Қарақия ауданына 150 миллион көлемінде қаржылай қолдау көрсетуде. Соңғы 2 жылда (2015,2016 жж.) Жаңаөзен-Құланды автожолы салынды, «Шаңырақ», «Мұнайлы», «Бостандық» шағынаудандары асфальтталды, Құрық, Жетібай, Мұнайшы ауылдары жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көптің сұранысымен «Кендірлі» демалыс аймағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деп атап өтті «Өзенмұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаменті басшысының орынбасары Мұхамбетберді Сүйітов.
ТМД-да теңдесі жоқ жоба
Байқағанымыз, цех жұмысшылары ішінде жұмыс істейтін нәзік жандылар да көп екен. Олардың айтуынша, цех салынғаннан бері жұмысшылар қатарына әйелдерді де ала бастапты. Барлық процесстер аппарат батырмалары арқылы жүзеге асырылады.
– Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде теңдесі жоқ цех. Ресей, Татарстан сияқты елдерде жекелеген өңдеу цехтары болғанымен, 3 бірдей жабдықты жөндейтін цех осы. Қазіргі Маңғыстау облысы әкімі өндіріс саласында қызмет еткен тұста осы цехты ашуға ықпал еткен болатын. Бұрын мұндай жабдықтар ашық аспан астында жұмыс істесе, қазір мүмкіндік көп. Цехта барлығы 270 адам жұмыс істейді, оның ішінде 38-і инженер-техник мамандар, – дейді цех басшысы Нұрболат Қарабаев.
«Өзенмұнайгаз» АҚ Мұнай-газ өндіру басқармасының жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеудің жаңа цеxының жұмысымен таныстық. ТМД елдерінде аналогы жоқ жоба. Мұнайды жерден шығаратын ең негізгі жабдықтарды тазалап, жөндеуден өткізетін бұл цех жылына 400 мың сораптық-компрессорлық құбыр, 300 мың сораптық шыны мен 10 мың тереңдік сораптарды жуып, өндіріске дайындай алады. Аталған өндірістік нысан қызметкерлері үшін 75 орындық тұрмыстық-шаруашылық кешеннің құрылысы басталуда.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Қуаныш ТЕКЕБАЕВ