Қазақстан инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан
Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстандық жаңа индустрияландыру:орнықты даму мен прогресс үшін» жалпыұлттық телекөпір өтті. Телекөпір арқылы тікелей байланысқа шыққан аймақтарда Индустрияландыру картасы жобаларының тұсауы кесіліп, жаңа өндіріс орындары іске қосылды.
Елімізде көліктік- логистикалық инфрақұрылымының дамуына дем беріп, транзиттік әлеуетті арттыруға жол ашатын Құрық портындағы паром кешенің 1-кезеңінің пайдалануға берілуіне облыс әкімі Алик Айдарбаев, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашев, «Құрық порты» ЖШС бас директоры Абай Түрікпенбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның бас инженері Бауыржан Орынбасаров және теміржолшылар мен порт жұмысшылары қатысты.
– Біз теміржол және порт инфрақұрылымын салуды аяқтадық және бүгін бірінші теміржол құрамын тиеуге дайынбыз. Алғашқы жолаушылары бар Тұлпар- Тальго пойызының қозғалысын Алматы- Шу жаңа теміржол бағыты бойынша іске қосуға және паромға вагондарды тиеу жұмыстарын бастауға рұқсат етіңіз, – деді «Құрық порты» ЖШС-ның бас директоры Абай Түрікпенбаев.
Телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Құрық порты еліміздің жүктерін Кавказ бен Еуропаға шығаруға мүмкіндік беретінін, ұзақ күткен жоба мемлекетіміздің дамуы үшін аса қажетті екенін айтып, порт жұмысының 1-кезеңінің басталуына рұқсат берді. Сөйтіп, Транскаспий халықаралық дәлізі көлік-логистикалық жүйесінің маңызды буыны саналатын Құрық портында паромға жүк вагондарын тиеу басталды. Мұнда тиелген алғашқы жүк көлігі Баку мемлекетіне аттанады. Алдағы уақытта аталмыш кешенде халық игілігіне тұтынатын тауарлар, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар тасымалданбақ. Құны 32,1 млрд.теңге болатын кешеннің жобалық қуаттылығы жылына – 5,1 млн.
Жалпыұлттық жоба кезінде еліміздің өңірлерінде ірілі-ұсақты 20-дан аса өндіріс орны іске қосылды.Елімізде «Индустриялық- инновациялық даму» бағдарламасының екінші бесжылдығында 70 мың адамды жұмыспен қамтитын 400 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 10 айында 63 жоба жүзеге асып, 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Осылайша, дәстүрге айналған телекөпірде индустриялық- инновациялық бағдарламаның тағы бір жылы түйінделді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ