Биыл облыстық денсаулық сақтау саласы 60 жас маманмен толықты. Оның 29-ы қаладағы медициналық мекемелерге және 31-ауылдық жердегі аудандық ауруханаларға жұмысқа орналасты. Барлығы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін және Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдаған.
«Жас маман-жарқын істер иесі» деген тақырыпта өткен жас мамандардың шеруіне облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр қатысып, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
— Бүгінгі шара аға буын дәрігерлер мен жас мамандардың сабақтастығын дәріптей отырып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын ұлықтау. Осыдан 25 жыл бұрын облыстағы денсаулық сақтау саласында 59 медициналық мекеме болса, бүгінгі таңда олардың қатары 145-ке жетті. Жыл санап денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға осы жылы 20,6 млрд.теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Денсаулық сақтау саласындағы жетістік бүгінгі таңда қызмет атқарып жатқан 1800 дәрігер мен 5 мыңнан аса орта буын медицина қызметкерлері жұмысының нәтижесі. Алайда аймағымызға 400-ден астам дәрігер қажет, - деген облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов еліміз тәуелсіздік алған жылдары облыста 8 мың сәби өмірге келген болса, биылғы көрсеткіш 20 мыңнан асып жығылатынын атап өтті.
Мұнан кейін ардагер-дәрігерлер атынан Фаина Урынбасарова мен Сайын Керелбаев сөйледі. Ақтау қалалық №2 емханасының директоры Бектібай Төлегеновтің айтуынша, емхана бүгінде 117 мыңнан астам қала тұрғынына қызмет көрсетеді. Сондықтан да Ақтау қаласына қосымша емхана қажет.
— Биыл №2 Ақтау қалалық емханасына 12 жас маман келді. Олардың барылығына шамамыз келгенше жағдай жасап, пәтер жалдап беру жағын қолға алдық. Соңғы кездері келіп жатқан мамандардың басым көпшілігі жалпы тәжірибелі дәрігерлер. Қазіргі таңда біздің мекемеге акушер-гинекологтар жетіспейді. Бүгінде біз 117 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеміз. Оның 30-мыңы балалар, - дейді Ақтау қалалық №2 емханасының директоры Бектібай Төлегенов.
Дәрігерлік ант қабылдап, қызметіне адал болуға серт бергендердің қатарында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлегі Мақсат Серікұлы да бар. Жас маман қыркүйек айынан бастап қаладағы емханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып еңбек етеді.
— Мен мұнайшылар қаласы Жаңаөзенде дүниеге келдім. Бүгінгі таңда отбасыммен Ақтау қаласында тұрамын. Менімен бірге облысқа еңбек етуге 20-дан астам маман келді. Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым, сол мақсатыма қол жеткізгеніме қуаныштымын. Ата-анам мұнай саласында жұмыс жасайды, отбасымызда дәрігер мен ғана, — дейді Мақсат Серікұлы.
Венера МИРЛАН