ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры ұйымдастырған «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» республикалық конкурсы қорытыланды.Конкурс мақсаты – Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін көрсету, насихаттау, Қазақстан мемлекеттігінің негізі ретінде «Назарбаев моделін», Елбасы идеялары мен бастамаларын жұртшылыққа таныстыру болатын.
Басқосуда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының директоры Д.Назарбаева, ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы М.Қасымбеков бірінші кезекте сөз алып, аталған шараның маңғыздылығына тоқтала келіп, конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.
Конкурсқа ережеге сәйкес биылғы маусымның 1-інен қазанның 31-іне дейін 4 аталым – «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала», «Үздік теледидар материалы», «Үздік радиоматериал», «Ғаламтордағы БАҚ үздік жарияланымы» бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен 365 материал жолданыпты. «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала» аталымында бірінші орын – Қостанай облысы «Қостанай жаңалықтары» ЖШС бас директоры Сергей Харченкоға, екінші орын – Маңғыстау облысының танымал журналисі Айтуар Өтегеновке, үшінші орын «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Әлисұлтан Құланбайға берілді. А.Өтегеновке жүлде республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газеті «Үш қоңыр» газетінде жарияланған Маңғыстау өлкесінің облыс болып қайта ашылып, өсіп-өркендеуін баяндайтын «Қайта түлеген түбек» публицистикалық очеркі үшін берілген еді.
Аталымдардың әрқайсысы бойынша жеңімпаздарға 1миллион теңгеден, ал екінші және үшінші орын иелеріне 500 мың және 200 мың теңгеден сыйлық берілді. Біз белсенді авторымыз, Қазақстан республикасының құрметті журналисі Айтуар Өтегеновті биік жүлдесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ