Режиссер Жәнібек Жетіруовтың «Шыңырау» фильмі Үндістанның Тируванантапурам қаласында желтоқсанның 6 мен 13 аралығында өтіп жатқан Керала халықаралық кинофестиваліне қатысып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қазақфильм киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Керала штатының мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған бұл ірі мәдени іс-шара Үндістанда өткізілетін беделді кинофестивальдердің бірі. Осы жылдар аралығында бұл фестиваль көрермендер арасында сұранысқа ие болған бірден бір байқауға айналды. Фестиваль шеңберінде әлемнің үздік фильмдері көрсетіліп, танымал режиссерлер және басқа де киногерлердің қатысуымен кездесулер өтеді. Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді. Бұл фильм Маңғыстау облысында түсірілді. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Фильмдегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады. Бұл туынды Бангладеште өткен 17-ші халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алды. Одан бөлек, «Шыңырау» фильмі жақында ғана, қарашаның 19-ы мен 23-і аралығында Қытайдың Сямэнь қаласында өткен 28-ші «Алтын әтеш және Жүз гүл» атты бүкілқытайлық фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып, Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан киносы күндерінің ашылу салтанатында көрсетілді. Ал өткен аптада отандық кинотуынды Американың Аризона штатында өткен Asian International Film Festival Arizona кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысты.