6 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында "Құрылыс комплексі мен ТКШ салалық кәсіподағы" ҚБ ұйымдастыруымен салалық кәсіподақтың белсенді мүшелері арасында "Жастар жылына" орай ұйымдастырылған "Jan' a esim" Республикалық жастар шеруі өз мәресіне жетті. Наурыз айынан бастау алған шерудің мақсаты жұмысшы жастар 9 ай бойы өздерінің авторлық әлеуметтік жобаларын дайындап, оны жүзеге асыру болатын. Нәтижесінде, Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар орталығының бас маманы Ұлболсын Мектепованың "Қазіргі қоғамдағы кәсіподақтың прогрессивті рөлі" тақырыбында дайындаған жобасы сайысқа қатысқан 32 үміткер арасынан жүлделі 2-орынды иеленді. Айта кетейік, Ұлболсын бұған дейін Ақтау қаласындағы "Каспий жылу, су арнасы" Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының баспасөз маманы болып қызмет етіп, жобасын әзірлеуді осы кәсіпорында бастаған болатын.