Биыл «Абай жолы» романының жарық көргеніне 75 жыл. Соған орай Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Бір кітап» көрмесі өтті. Мұхтар Əуезов Абайды əлемге танытты. Десек те, Абай мұрасын жинап, сақтаушы – ақынның ұрпақтары. Абайдың ұрпақтары кімдер, олар қалай өмір сүрді, көзі тірісінен кім қалды? Осы жайында білгіміз келіп, көрмеге келген ақынның жиеншары Лəйлə МҰХЛЕСҚЫЗЫМЕН əңгімелестік.
Лəйлə Мұхлесқызы 1950 жылы 7 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында өмірге келген. Өмірінің көп бөлігін Семейде өткізіп, бірнеше жыл бұрын Астанаға көшіп келіпті. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң Семей педагогикалық институтына түсіп, ұзақ жыл оқу-ағарту саласында қызмет атқарады. Бала кезінен Абай, Ақылбай, Баймағамбет, Мұхтар туралы естіп өскен қыз анасы Қауашпен бірге атасының мұражайына жиі баратын.
– Өз атамның мұражайында жұмыс істеуді армандадым. Ақыры сəті түсіп, 1996 жылы Абай мұражайына аға ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдым. Мұнда 14 жыл қызмет етіп, зейнетке шықтым. Зейнетте жүрсем де, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың Абайтану залына қызметке шақырды. Қазір осында істеп жатырмын.
Лəйлə апай Өскенбай есімді азаматымен бір ұл, екі қыз тəрбиелеп өсірген. Бүгінде ардақты ана, сүйікті əже. Лəйлə апайдың анасы Қауаш Абайдың, Ақылбайдың, Мағауияның, Əубəкірдің өлеңдерін жатқа білген. Сөзге шешен, əңгімешіл кісі болған екен.
– Анам Мұхтар Əуезов пен Мағауияның қызы Кəмила екеуінің махаббатының, тағдырының куəсі болған. Кəмиланың Мұхтар Əуезовке деген сағынышқа толы өлеңдерін жеткізген де анамҚауаш пен Мəкен Тұрағұлқызы. Мұхтар Əуезов Кəмиладан екі қыз сүйеді. Бірақ екеуі де бала кезінде шетінеп кеткен. Сонан «маған бала керек» деп біздің апамызды тастап, орыс əйел алады. Бұл əрекетіне Абайдың ұрпақтары ұзақ уақыт ренжіп жүрді. Ренжімегенде ше?
Абайдың ұрпағын менсінбей, тастап кетті де, басқа ұлттан əйел алды. Бірақ кейін Абайды танытып, кітап жазған соң біздің үлкендер де кешіріп, қайтадан жақсы араласып кетті.
Қауаш Əлімқұлқызы ертекші Баймағамбеттің немересі Мұхлеске тұрмысқа шыққан. Ал Баймағамбет Абайдың досы, «сырсандығы». Сонда қараңыз, Абайдың ұлы –Ақылбай, оның баласы – Əлімқұл, Əлімқұлдың қызы – Қауаш. Абайдың досы – ертекші Баймағамбет, оның ұлы – Салих. Салихтың ұлы – Мұхлес. Солайша, Абай мен Баймағамбеттің ұрпақтары үш атадан кейін шаңырақ көтереді. Мұхлес Салихұлы соғыста болып, Отан соғысының I дəрежелі орденімен, бірнеше медальмен марапатталған. Соғыстан оралғаннан кейін өмірінің соңына дейін ағарту саласында қызмет еткен. Қай жерде жүрсе де оқу-ағарту ісіндегі қызметкерлерге қамқорлық жасап жүреді екен.
Соның бірі – батыр Қасым Қайсеновке көмектескені. Ол туралы жазушы Ахат Жақсыбаевтың Қасым Қайсенов жайында жазған «Қайтпас қайсар» кітабында баяндалады. Қасым Қайсенов 1938 жылы саяси-ағарту техникумын бітіріп, еңбек жолын Павлодардан бастайды.
«…Павлодарда облыстық оқу бөліміне инспектор болып қызметке тұрдым. Жиырмаға жаңа толған жас жігітпін. Оқу бөлімін Маршинин деген орыс басқарады. Орынбасары Мұхлес Баймағамбетов деген аса сабырлы, мейірімді, іскер адам болды, жақсылығын көп көрдім. 1939 жылы фин соғысы басталып, мені əскерге алғанда сол кісі қолыма қаражат берді. Қиын-қыстау кезеңде адамшылық, азаматтық қолұшын берген қамқор ағаны қалай ұмытарсың…».
Осы естеліктен-ақ ертекші Баймағамбеттің ұрпағын тани аламыз.
Лəйлə апайдың Тели есімді əпкесі бар. Жасы 74-те. Өмір бойы тауартану маманы болып қызмет істеген. Қазір №4 Астана қалалық емханасы жанындағы зейнеткерлерге арналған «Алтын жылдар» клубының төрайымы. Өте белсенді өмір сүреді. Тіпті, елімізде өткен EXPO-2017 көрмесінде екі ай ерікті болып жұмыс істеп, ең жасы үлкен ерікті атанды.
Жібекті таңдаған Ғазел
– Мағауияның Жағыпар есімді ұлы болған. Оның қыздары Ишағы мен Ғазел апайларымды таптым. Өмірлерінің соңына дейін жақсы араласып, жерлеуіне қатыстым. Ғазел апайым көп жыл «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді. Бір жолы үйіне барғанымда əдемі қыздардың фотолары бар конвертті көрдім. Семейлік қыздардың суреттері екен. Барлығы «Қыз Жібек» фильміне Жібектің рөлін сомдағысы келіп фотоларын жіберіпті. Ғазел апайым Меруерт Өтекешованы Алматыда таңдаған. Көре сала «басты рөлге осы қызды бекітеміз» депті. Түсірілімдерде Меруертке: «Сен қорықпа. Сен əдемісің. Жібек деп тексені елестетемін», – деп айтып жүреді. Меруерт оны «мама Галя» деп атап кеткен. Ғазел апайыммен өте жылы қарым-қатынаста болды. Апайым қайтыс болғанда жылап келді. Қырқында да, жылында да болды.
Лəйлə апай ұлы ақынның ұрпағы жалғаспай қала ма деп уайымдайтынын да айтты.
– Ұрпақ жалғаушы ұл баласы ғой. Қазір атамыздың Ақылбай баласынан екі ұл бар болуы керек. Ақылбайдың баласы – Əлімқұл, оның Бағфур деген ұлы болған. Бағфурдан Эрнесто, Бауэр жəне Айдар деген үш ұл тарайды. Эрнестоның Айдос деген баласы бар деседі. Əскерге алынып, сонан соң орыс ұлтынан қыз алған дейді. Қайбір жылдары «Алматыда тұрып жатыр, қыздары бар» деп естігенбіз. Бірақ араласпадық. Айдардан Данияр есімді ұл бар. Оның өзі Ресейде білім алып, Наталья деген қызға үйленген. Үш қызы бар.
Он ұрпақтан екеуі аман қалған
Соғыс жылдарында Отан үшін от кешкендер қатарында Абай ұрпақтары да құрметпен аталады. Абайдың он немере-шөбересі соғысқа аттанып, тек екеуі аман оралады. Олар – Алпаш Абаев пен Ишағы Жағыпарқызы. Ал Берекехан, Жошыхан, Рəпила Мағауиндер, Əлихан мен Қапсалям Ақылбаевтар, Құзаир, Қалышер Мекайылұлдары, Тоқташ Ізкайылұлы соғыста ерлікпен шайқасып, қаза болады.
ИИшағы Жағыпарқызы (сол жақта), Лəйлə Мұхлесқызы (ортада), Ғазел Мағауияқызы (оң жақта Ишағы Жағыпарқызы – Абайдың кіші баласы Мағауияның немересі. Лəйлə апай оның өмірі туралы айтып берді.– Ишағы апайымыз қазіргі Абай ауданында туғанымен, кейін балалар үйінде тəрбиеленеді, ары қарай мектеп-интернатта оқиды. 1934 жылы əкесі 36 жасында дүниеден өткен соң Ақылбай атамыздың Шəбап деген немересі оларды көшіріп алуға келеді. Шешесін алады. Ол кезде апайларым Новошульба ауданы, Уба-Форпоста тұрған. Тұрмыстары жақсы, мал бар, үйі де жақсы, сыйлы болып тұрған. Ишағы апайым: «Шəбап ағамыздың мінезі қиын болды. Бауырларымызға маза бермеді. Ғазел мен Жошыхан қашып, Алматыдағы Уəсиланың (Мағауияның қызы) қолына барды. Ал мені Құтайбайдың баласы Берекешпен бірге Семейдегі балалар үйіне тастап кетті», – деп айтатын. Сонда менің əкем Мұхлес Баймағамбетов Облыстық білім беру бөлімінде істейтін. Соған «мен балалар үйіне бармаймын» деп жылап барыпты. Əкем апайымды балалар үйінен алып, №11 мектеп-интернатқа орналастырды.
Ишағы Жағыпарқызы Семейдегі мектеп-интернаттың 9-сыныбында оқып жүргенде бір топ қыздар болып соғысқа қатысу туралы арыз жазады. Мектептегі барлық ер балалар соғысқа аттаныпты. Ел басына күн туған шақта алаңсыз сабақ оқып жүре алмаса керек. Ол əуе əскери полкінде қызмет етіп, ұшақтарды жөндейді, ұшақтан атып үйренеді, парашютпен секіріп, авиация технигі болып, Харбин маңында майданға қатысады. Өзі талдырмаш қыз болыпты. Парашютпен секірерде командирі əзілдеп: «Сенің беліңе тас байлап секіртпесек, мына салмағыңмен жерге қона алмай ауа кеңістігінде қалқып қалып қоярсың», – депті. Жеңіс туы көтеріліп, фашистер тас-талқан болып жеңілгенде де қыздарды үйіне жібермейді. Сөйтсе, жапон соғысы басталып кеткен екен. Əскери ұшақтарға зіл-батпан бомбаларды тиеу, қираған ұшақтарды қайта жабдықтау, жараланған ұшқыштарды ұшақтан түсіру секілді машақаты мол жұмыстарды атқарады. Соғыстан келген соң Алматыда тұратын Уəсила апасының үйіне тоқтайды. Мұхтар Əуезовтен көп жақсылық көреді. Жазушының жəрдемімен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына түседі. Алайда ол жерден шығып, басқа институтқа сырттай оқуға ауысыпты. Өйткені, Уəсила апасы жұмыс істемейді. Ғазел сіңлісі интернатта. Тиын керек, тамақ керек. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де қамқорлығын көреді. «Абайдың сілемі» деп атап, сол жылдары ай сайын 20 мың теңгеден стипендия беріп тұрған екен. Ишағы Жағыпарқызының Абайдың немерелері Рахила, Мəкен Тұрағұлқыздарымен аралары жақсы болмапты. Олар Ишағы апайды қызғанады екен. Оның себебі Ишағы апай 1986 жылдан өмірден озғанша өз зейнета-қысынан бөлек, атасының атынан жəрдемақы алып отырған. Ал Абайдың Əйгерімнен туған балалары ол жəрдемақыға ілінбей қалған. Негізінен Абай ұрпақтарының бір-бірімен аралас-құраластығы жақын емес. Оған орысша білім алып, қуғын-сүргін көріп, ортада байланыстың үзілуі немесе Абайдың ұрпағы екенін айтуға қорыққан заманда бір-біріне қарауға шамасының болмауы себеп болуы мүмкін. Осындайда Лев Толстойдың ұрпақтары ойға оралады. 2000 жылы Ясная Полянада Толстой ұрпақтарының халықаралық жиыны өтеді. Содан бері жиын əр екі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Қазір жазушының 350 ұрпағы əлемнің əр түкпірінде өмір сүреді. Олардың бірі журналист, фотограф, мал дəрігері, енді бірі Ресей Федерациясы Президентінің кеңесшісі. 2016 жылғы жиында Ресейден, Еуропадан, АҚШ пен Латын Америкасынан Толстойдың 87 ұрпағы бас қосқан екен. Бір-бірінен алшақ кетсе де, барлығы бірдей орыс тілінде сөйлей алмаса да, əр жиында олар ортақ тіл табысып кетеді. Өздерінің шығу тегіне қатысты аса маңызды мəліметке қанығады.
Уәсила МағауияқызыҚазір Данияр ғана – Абайдың көзі тірі ұрпағы. Лəйлə апайдың айтуынша, Даниярдың туыстыққа аса жұғымы жоқ көрінеді. Ишағы Жағыпарқызының інісі Жошыхан жастайынан өлеңге құмар болып өседі. 12 жасынан бастап өлең шығарып, ақын атана бастайды. 1942 жылы соғысқа аттанып, 19 жасында Харьковты азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Майдан шебінен қарындасы Ғазелге өлең арнап, хат жіберіп тұрыпты. Бір хатында «Альбомға» деген тақырыппен мынадай өлең жолдайды:
«Қарындасым, сүйенішім, тірегім,
Мен дегенде өзгеше еді-ау жүрегің.
Ағатайың алыс кетсе қасыңнан,
Жалғызсырап жабығарсың, білемін.
Хош, бауырым, көріскенше күн жақсы,
Сен байқама көзден тамған бір жасты.
Альбомыңды ашқан кезде əрқашан,
Осы бетті көкірегіңе бір басшы!»
Жошыханның біраз өлеңдері бауырларының арқасында «Жыр-аманат» жинағына енгізіледі. Біразы Семейдегі Абайдың мемориалды музейіне тапсырылған.
Айдар БағфурұлыҚиын заманда көрген құқай
Абай ұрпақтары «байдың баласы» деген желеумен сонау 1922 жылдан қуғын-сүргінге ұшырайды. Сол жылдардың саяси науқанында Абайдың 1876 жылы Əйгерімнен туған ұлы Тұрағұл абақтыға жабылып, төрт айдай қамауда болады. Өзі орысша-арабшаға сауатты. Түрмеден босатылған соң Ақшоқыда жатып, аудармамен айналысады. М.Горькийдің «Черкаш» əңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, 1924 жылғы «Таң» журналына бастырған. А.Невровтың «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Балалық туралы əңгіме» сынды шығармаларын да қазақ тіліне аударған. 1927 жылы Тұрағұл қайта қамауға алынып, бір жыл түрмеде жатады. Шыққан соң бар дүние-мүлкі кəмпескеленіп, өзін Шымкентке жер аудартады. Тұрағұл Абайұлы 1934 жылы 59 жасында қайтыс болып, Шымкенттегі мұсылмандар зиратына жерленеді. Кейін зираттың үстіне зауыт салынып, Тұрағұлдың сүйегін алатын жанашыр табылмай, зауыт астында қалып қойған. Тұрағұлдың інісі Мекайыл да арабша, орысша білетін, домбыра тартып, əн салған сері кісі болған. Əкесі туралы естеліктерді ел ішіне кеңінен насихаттады. Мұхтар Əуезов те Мекайылдан Абай туралы көп естелік естиді. 1931 жылы бай баласы деп, Мекайылды Семейдегі Полковничный аралында атып тастайды. Сол жылдары Құнанбаев болып жазылған Абайдың немерелерінің бəрі қуғынға ұшырап, көбі Қарақалпақ, Өзбекстан елін паналаған. Тұрағұлдың ұлы Жебірейіл де қашып жүріп, небəрі 28 жасында Ташкентте сүзектен қайтыс болады. Өзі қыз біткеннің жүрегін жаулаған көркем жігіт болған деседі. Ақындығы, əншілігі, серілігі де бар. Мұхтар Əуезовпен дос болады. Дүниеден өткенде Мұхтар Əуезов арулап жерлейді.
Данияр АйдарұлыСоғыс жылдарында да ұлы ақынның ұрпақтары өздерінің кімнен тарағанын ашық айтуға қаймыққан. Соның бір дəлелі, Абайдың шөбересі Жошыхан 18 жасында майдан шебіне алынып, соғысқа аттанарда қарындасы Ғазелді құшақтап тұрып: «Айналайын, Абайдың ұрпағы екенің туралы лəм-мим деп аузыңды ашушы болма. Қудалап интернаттан шығарады, далада қаңғып өлесің», – деп айтып кеткен. Абайдың ұрпағы əзірге Даниярмен тоқтап тұр. Ақтауда тұрады. Бір жолы Семейге барғанында ауыл ақсақалдары ортаға алып: «Келінге айт, халықтың ұлы тұлғасынан қазаққа ұл керек», – деп қоймайды. Ақсақалдардың сөзін құптаған болып, үйіне қайтады да, содан қайтып Семей жаққа аяқ баспай қояды. Үлкен кісінің ұрпағы болудың ауыртпалығын, жауапкершілігін осындайда түсінеді екенсің.
Таңшолпан ТӨЛЕГЕН «Ұлан» газеті, №37 12 қыркүйек 2017 жыл