Мерекені бұрғышылар бастады
Жаңаөзендегі «Бұрғылау» ЖШС - іргетасы 1965 жылы қаланған өндірістегі іргелі кәсіпорындардың бірі. Еліміздің экономикасының артуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бұл мекеменің тарих жылнамасында өзіндік орны бар. Бүгінгі таңда аталмыш серіктестікте 1200-ден астам адам еңбек етеді. Әрине, соның көпшілік бөлігі жер асты қойнауын аруанадай идірген – бұрғышылар. Бұрғышысыз, бұрғылаусыз жер астынан мұнай өндіру мүмкін емес. Мұнай шықпаса Қазақстан экономикасы мұншалықты қарышты қадаммен дамымас еді. Сондықтан мұнай-газ саласындағы бұрғышылардың елеусіз еңбегі ұшан теңіз. Атап айтқанда; 2017 жылдың өзінде көлемді жұмыстар атқарылған. Жыл басынан бері 177 ұңғы болса, соның 150 ұңғысы мұнайға тиесілі. 12 ұңғы тереңдетіп қазу, 13 ұңғы қиғаш қазу, көлбей қазатын 2 ұңғы өнімді жұмыс істеді. Бүгінгі таңға дейін жыл басынан бері 113 ұңғы иегеріліпті. Оның ішінде 104 мұнай ұңғысы, тереңдетіп қазу бойынша 3 ұңғы, қиғаш қазатын 5 ұңғы және көлбей қазатын 1 ұңғы аяқталыпты. Сонымен қатар күрделі жөндеудегі 47 ұңғымен жұмыстануда. Осыларға қосымша мекеме басшылары тағы да 50 ұңғы алуды жоспарлап жатқан көрінеді. Бұрғылау жұмыстарының сапалы жүргізілуіне жан-жақты көмегін тигізіп тұрған қосалқы цехтардың да өзіндік алатын орындары бар. Дайындау цехы, арнайы техникалармен қамтамасыз ету шегендеу цехы, өндірістік қамтамасыз ету базасы, тағы басқа цехтарда тынымсыз еңбек етіп жатқан азаматтардың қызметінің маңызы зор. Шегендеу цехына арнайы техникалар алынып, бұрғылау жұмыстарына қызмет ететін техникаларды жаңартып, цехтарға толықтай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қызметкерлерге кәсіпорыннан өз міндетіне алған әлеуметтік мәселелерге жыл сайын қомақты қаржы жұмсалып, қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануға, қалыпты демалуына денсаулықтарын нығайтып, жүйелі емделулеріне материалдық қолдау көрсетіліп, қамқорлықтар жасалуда. Міне, осындай ақпараттармен таныстырып, мекеменің жетістіктерін тілге тиек еткен «Бұрғылау» ЖШС бас директоры Бисенбай Таушанов мерекелік салтанатқа жиналған әріптестерін қызу құттықтап, отбасыларына амандық, ауызбіршілік, мықты денсаулық пен игілікті істеріне тасқын табыстар тіледі. Мұнан кейін мерекелік салтанатқа жиналған бұрғышыларды «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Мақсат Ибағаров, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Серік Қалдығұл, «Бұрғылау» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Эдуард Рақымов, кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәдуақас Бекғалиев тағы басқалар құттықтап Алғыс хат, Құрмет грамота, сый-сияпаттарын тапсырды. Мысалы, «Бұрғылау» мекемесінде еңбек ететін 1200-ден астам жұмысшы-қызметкерлердің 95 пайызы кәсіподақ мүшелері. Сондықтан ұйым төрағасы С.Бекғалиев солардың бірқатарына кәсіподақтың грамоталарын тапсырып, бәріне бірдей тегіс мерекелік тарту ретінде банкоматтарына 20 мың теңгеден сыйақы құйыпты. Сондай-ақ күнібұрын ойналған лотереяның ұтыстарын бағы жанған жандарға табыс етті. Ұтыстың ішінде шетелдік қымбат бағалы кілемдерден бастап тоңазытқыш, үтік, тефал сияқты тұрмыстық бұйымдарға дейін бар. Ал салтанатты жиыннан соң жүрекжарды аса қуанышпен қайтқан азамат – Жұмағазы Баймағанбетов. Ол өзінің жалпы 35 жылдық еңбек өтілінің 30 жылын осы «Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісі мен экономикалық жағынан нығаюына арнапты. Өз мамандығын атқару жолында үнемі озаттар қатарынан көрініп жүрген Жұмекеңнің әріптестері мен мекеме басшылығы еселі еңбегін ескеріп, кешегі кәсіби мерекесі күні оған суретте көрініп тұрған заманауи ақ жорғаның тізгінін ұстатып, рөліне отырғызды. Кәсіптен нәсіп тауып, ерінбей еткен еңбектің арқасында жеңіске жетіп, жемістің тәтті дәмі таңдайына татып, мерейі артып, беделі биіктеп, абыройы асқақтап, бақытқа бөлену деген осындай-ақ болар.
Одан кейін мұнайшылар қоштады
Өзен кенорындарындағы барлау жұмыстарының басталғанына 60 жылға жуықтады. Осынау жылдар ішінде тағдыры «қара алтынға» байланған түбектің талай тарландары тамаша еңбек үлгілерін көрсетіп, таңшолпандай танылды. «Елдің атын ер шығарады» дегендей бұрғылау шебері Ғазиз Әдіразақовтың бастауымен К-18 бұрғылау ұңғысынан Өзен кенорнында тұңғыш рет табиғи газ атқылады. Бұл 1961 жылдың 5 қаңтары болатын. Ал көп ұзамай сол жылдың ақырында, яғни 1961 жылдың желтоқсанында бұрғылау шебері Михаил Кулебякиннің №1 ұңғысынан 1261 метр тереңдіктен сынақ кезінде осы Өзен кенорнынан тұңғыш рет алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Осыларға байланысты 1963 жылдың күзінде Маңғыстау мұнай бірлестігі ашылды. 1964 жылдың 15 шілдесінде Өзен кенорнын тікелей игеру мақсатында «Өзен мұнай өндіру кәсіпшілік басқармасы» құрылды. Бұл Жаңаөзен қаласы мен қазіргі «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының іргетасының қалануына себепші болды. Осынау кенорыннан осы күнге дейін жалпы 377 миллион 243 мың тонна ел байлығы өндірілді. Ал оның қалдық қоры 120 миллион 530 мың тоннаны құрайды. Сол кездері осылай пайда болған шағын поселкеден осы күнгі 150 мыңнан астам тұрғыны бар шәһәрға айналған Жаңаөзен мен «Өзен мұнай өндіру кәсіпшілік басқармасы» бүкіл облыстың донорына айналды. 16 құрылымдық басқармасы бар алып компанияда бүгінгі таңда 9 мыңнан астам адам жұмыс істейтін, ал солардың ішіндегі нәзік жанды 1827 қыз-келіншектің ерлермен бір сапта тұрып ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жатқанын мақтаныш еткен «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры Бекзат Абайылданов салтанатты жиынға қатысқан әріптестерін Қазақстан мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен қызу құттықтады. Сондай-ақ бас мұнайшы өндірілетін өнімнің мөлшерінің төмендеп кеткенін тілге тиек етіп, ондай олқылықтардың орнын толтыру үшін алдағы бірқатар кешенді жоспарларымен таныстырды. Мұнан кейін мұнайшыларды Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов, «Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Наурыз Сақтағанов тағы басқалар құттықтады.
«Мұнайшы» мәдениет сарайына мерекелік салтанатқа жиналған мұнайшылар «ӨМГ» АҚ, Маңғыстау облысы әкімінің, «ҚМГ» ҰК, «ҚМГ» БӨ» АҚ, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бірқатарына «ҚМГ» ҰК-ның естелік белгісі тапсырылса, тағы бір тобына Жаңаөзен қаласы әкімі мен «ӨМГ» АҚ кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары тапсырылды. Сондай-ақ, Қайырбек Елеусінов пен Есен Өтеевтің омырауларына «Тау-кен саласының батыры» құрметті белгісі тағылды. Бекболат Нұрлыбаев «Үшінші дәрежелі құрметті кенші», Мұрат Қожабергенов «Кенші үздігі» белгілеріне ие болды. ҚР Энергетика министрлігінің мерекелік медалі Болат Бегжановтың омырауынан орын алды.
Тағы оқыңыздар: Латынға көшкенде құжат ауыса ма?Құлақтан кіріп, бойды алған әсем әндер мен тәтті күйлерді тамсана тыңдаған «қара алтын» мамандары мерекелік салтанаттан бірқатары үйлеріне көңілді қайтса, кейбіреулері, яғни түнгі ауысымға баратындары кәсіпшіліктерге қарай беттеп бара жатты.
Шабандоздар елдің соңын тосқаны
Ертеңіне Құланды ипподромында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен «Арман тұлпарлары» Жаңаөзен ат спорты федерациясының ұйымдастыруымен мұнайшылар мерекесіне арналған бәйге болды. Онда тай жарысынан басталып, құнан бәйге, аламан бәйгеге қатысқан тұлпарлар табан жолға тарысып бақты. 6 шақырымдық тай бәйгесінде 7 орынға дейін сыйлық берілді. Онда Тельманнан келген Қиялбек Қойшыбаевтың «Айкөркем» тайы бірінші орынды иелесе, жаңаөзендік Нұрлыбек Махамбетовтің тайы екінші, Жаңаөзен қаласындағы Теңге ауылында тұратын Дыбысбай Түрікменбаевтың «Фуршет» атты тайы үшінші орынның жүлдесін қанжығасына байлады. Ал тоғыз шақырымдық құнан бәйгеге қатысқан жеті құнанның ішінде оза шапқан Теңге ауылының шабандозы Ақан Құрақбаевтың «Зарип» құнаны біріншілікті қолдан бермеді. Жаңаөзендік Рахим Махамбетовтың «Қаншайымы» екінші, Жыңғылдыдағы Баубек Омардың «Құрқалмасы» үшінші орындарға ие болды. Көрермен жұрттың асыға күткен Аламан бәйгесі де келіп жеткенде қалың қауым ду-у қол шапалақтады. 18 шақырымдық бұл бәйгеге 12 ат қатысты. Соның ішінде біріншілікті бұрыннан ешкімге бермей жүрген бейнеулік Әбдіғали Таңатаровтың «Ақ жолы» тағы да бірінші орынның жүлдесін қанжығасына байлады. Екінші орында Теңге ауылындағы Жүзбай Күмісбаевтың «Бәли торысы», үшінші орында Теңге ауылындағы Ісенбай Қалдамановтың «Гәуһартасы», төртінші орында жаңаөзендік Роман Құдайбергеновтің «Толағайы» келді. Жеңімпаздар мен жүлде иелерінің бәрі бағалы заттармен сыйлықтанды. Сөйтіп елдің соңын тосқан шабандоздар биылғы мұнайшылар мерекесін осындай қызықтармен аяқтады.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
Суреттерді түсірген автор