©
5 шілдеден бастап 4-шағын ауданнан «Самал» қонақүйіне дейін орналасқан 97 тұрғын үйге street art стилімен ерекше суреттер салынады. Осы мақсатта маусым айында арнайы 4 елден (Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Украина) архитектор, суретші мамандар Ақтауға келетін болады.
- 5 шілдеден бастап 4-шағын ауданнан «Самал» қонақүйіне дейін орналасқан 97 тұрғын үйге өзгеше стиль қалыптасады, - деді брифингте қалалық құрылыс және архитектура бөлімінің инспекторі Далер Нуруллаев.
Бұл «Ақтау: 55 игі іс» жобасы аясында «Ақтау серпіні» бағдарламасы арқылы меценаттардың қаражатымен жүзеге аспақ. Қаңтарда басталған жобаның ерекшелігі сонда, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қаланы көркейту мақсат етілген. Игі істердің бастамасы жөнінде Далер Нуруллаев кеңірек айтты.
5-шағын аудандағы Мұрат Өскінбайұлы атындағы облыстық филармонияның сырт келбеті әрленген. Мұны «Aktau BS СТРОЙ» ЖШС мекемесінің басшысы, меценат Сұңғат Мұңалбаев өз қаражатынан жөндепті.
- 30 жылдан аса уақыт өткен ескі ғимарат еді. Бір жағынан, мәдениет орны болған соң, шамамыз жеткенше архитектурасына мәдени әр бердік. Қателеспесем, бірінші болып ғимараттың атауын латын әрпінде жаздық, - деді Сұңғат Мұңалбаев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ақтау қаласын жаңғырту тұжырымдамасы ұсынылды
«Заветная мечта» тұрғын үй кешені бұрын қоңырқай түсті болса, қазір өңі ашық түстерге боялған. Яғни, тұрғын үйдің сырт келбеті мүлде бөлек, өзгеше рең беріп тұр. Бұл – «Барьер Плюс» ЖШС мекемесінің қала күніне орай тартқан сыйы, - деді Далер Нуруллаев.
«Заветная мечта» тұрғын үйінің сырт келбетін жақсыртуға 1 жарым ай уақыт кеткен, бұған мекеме 30 млн көлемінде қаржы жұмсапты.
Сондай-ақ, сырт келбеті өңделген екі үй бар, олар – 29 ш/а, 28,29-үйлер. Жауын-шашын салдарынан үйлердің өңі кетіп, сыртқы қаптамалары түсіп қалған болатын. «К7Group» ЖШС өз қаражатынан қолайсыз ауа райына төзімді қаптамамен жөндеп, жаңа түске бояған.
Бұдан бөлек, Далер Нуруллаев түнгі уақытта қаланы жарықтандыру мәселесін көтерді.
- Сауда орталықтары, қоғамдық орындар мен зәулім ғимараттар түнгі қаланы көркейтіп тұруы қажет. Оған көңіл бөлінбейді. Сол себепті ғимарат иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олардың ішінде, Ш.Есенов атындағы университет, «Астана» сауда үйі, «ШУМ» сауда үйі, «Нур Плаза» қонақ үйі , "PR" орталығы сияқты ғимараттар бар. 10 маусымнан бастап түнгі қала өзгереді, - деді ол.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН Басты сурет ашық дереккөзден алынды.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="55614,55611,55610,55609,55608,55627,55628"]