Маңғыстау облысы әкімдігінің, облыстық білім басқармасының қолдауымен «Al-Farabi Education» Business Academy орталығы ұйымдастырған «Кәсіпкер боламын!» жобасы өткен жылдың соңында бастау алғанды. Бүгінде бұл пилоттық жобаның қорытынды кезеңі «Фламинго» демалыс базасында өтіп жатыр.
Мектептің жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беруді, кәсіпкерлікке баулуды, өңірде шағын және орта бизнестің үлесін арттыруды мақсат тұтқан жоба аясында алдымен 85 мектеп мұғалімі бизнес-тренер ретінде дайындалды. Жаңа мамандық түрін меңгерген мұғалімдердің ішінен іріктелген 14 ұстаз өздері еңбек ететін білім ошақтарында 10-сыныпта оқитын 365 оқушыны кәсіпкерлікке оқытты. Мектепте қосымша сабақ ретінде өткізілген жоба барысында оқушылар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, жаңа білімді игерді. Нәтижесінде өз жобаларын сәтті қорғаған ойы жүйрік, кәсіпкерлікке бейімі бар оқушылар қорытынды кезеңге жолдама алды. Сөйтіп, облыс мектептерінен іріктелген 150 оқушы «Фламинго» демалыс базасында 6 күн бойы өтетін бизнес-лагерге қатысуға мүмкіндік алды.
Қорытынды кезеңнің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жансая Исмағұлова, белгілі журналистер Нұртөре Жүсіп, Серік Жанболат, Срайыл Смайыл және танымал тележүргізушілер мен бизнес-тренерлер қатысты.
Салтанатты жиында аймақ басшысының орынбасары Шолпан Лазарқызы экономиканың салмағын көтеретін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту өзекті боп тұрған уақытта жүзеге асқан жобаның өзектілігіне тоқталды. Жобаның сәтті де жемісті аяқталуына тілектестігін біл діріп, белгілі бір кәсіптің көзін тауып, кәсіпкерліктің көсегесін көгерту арқылы ел дамуына үлес қосатын жаңашыл жастардан мол үміт күтетінін жеткізді.
- Құрметті маңғыстаулықтар! Қазіргі уақытта өмір сүрудің өзегі – кәсіппен айналысу. Белгілі бір тың идеяны ойлап тауып, оны мол қаражатпен емес, шағын ғана қаржымен іске асыруға болады. Әлемдегі миллионер атанған кәсіпкерлердің табысқа жету жолын алып қарасақ, кәсіпкерлік еңбек етумен, шыдамдылықпен, алға қарай ұмтылумен жүзеге асады. Кәсіпті жаныңмен қалап жасасаң ешқандай кедергі де сенің сағыңды сындырмайды. Сіздерді келешекте елге қызмет етіп жүрген азаматтардың қатарынан көргім келеді. Жоба игілікті болып, республика көлемінде жүзеге асса елімізде кәсіпкерлік кеңге қанатын жаяр еді, – деді Серік Жанболат.
Ақтық кезеңнің ашылу салтанатында сөз алған «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл жастарды жігерлендіріп, болашаққа деген сенімдерін нықтай түсіп, кітап оқуға, білімді болуға шақырды.
Ақшұқыр мектеплицейі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, бизнес-тренер Ғимран Мүсіровтің айтуынша, бұл білім ошағында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыған оқушылардың 22-сі алғашқы кезеңдегі сынақтан сүрінбей өтті.
- Қаңтар айынан бастап мектебіміз де әр сенбі сайын кәсіпкерлік сабағын оқыдық. Осы 5 айдың ішінде бизнес-жоспар жасау, кәсіпкерлікті жүргізу, жарнамалау, тауарды нарыққа ұсыну және өткізу жолдарын үйрендік. Біздің топ Шолпан апайымызбен бірге қазақтың қолөнер туындыларын жасап, бұйымдарды мектептегі жәрмеңкеде және әлеуметтік желілер арқылы сатылымға шығардық. Шағын бизнесіміздің алғашқы нәтижесін, жемісін де көріп үлгердік. Болашақта кәсіпкер болғым келеді, – деді Ақшұқыр мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Айгүлім Сұлтанмұрат.
«Кәсіпкер боламын!» жобасының үйлестірушісі Әйгерім Бекованың хабарлауынша, ойы озық оқушылар бизнес-лагердегі 6 күн ішінде білікті тренерлерден тәлім алып, қызықты әрі пайдалы ойындар мен сабақтарға қатысып, өз жобаларын жетілдіреді. Ақтық кезең қорытындыланатын 8 маусым күні жобалардың тұсаукесері өткізіліп, оқушыларды марапаттау кеші өткізілмек.
Қорытынды кезеңнің ашылу салтанатынан кейін жоба қатысушылары белгілі эстрада жұлдызы Айдана Меденованың концертін тамашалады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Сурет ұйымдастырушылардан алынды