©
«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Биыл Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің ресми түрде таныстырылғанына 26 жыл толды. Алғаш 1992 жылы 4 маусымда еліміздің жаңа мемлекеттік рәміздері бекітіліп, айтулы күн ел тарихында мемлекеттік маңызды мереке ретінде сақталды.
"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибут тарының бірі. Мемлекетіміздің мызғымас негіздерінің бірі саналатын рәміздерімізге Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран енген. Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. Халқымыз үшін мәнмаңызы айрықша рәміздің бірі – суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту 1992 жылы бекітілген. Мемлекеттік туымызда шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Бүгінгі егемен Қазақстанның Елтаңбасы танымал сәулетшілер – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қолынан шыққан туынды. Мемлекеттік елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» жазуы алтын түспен әспеттелген.
Ал 1992 жылы елімізде әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан Әнұранының авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди болса, 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранының авторлары – Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Әнұраны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бұл әнұран алғаш рет 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалғанды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау қалалық соты шымкенттік полицейлерді ақтап шықтыМемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан республика азаматтарының мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – азаматтық парыз әрі абыройлы міндеті деп бағаланады. Мемлекеттік маңызы жоғары рәміздеріміздің қорғалуы мен заңдылықтарын сақтау – әрбіріміздің азаматтық міндетіміз болмақ. Жоғары мінберлерде ел қалаулылары да – бұл жайында үнсіз қалған емес. Маңғыстаулық зиялы азамат Зейнолла Алшымбаев «халық қалаулысы» атанған кезінде осы тұрғыда үлкен көрегенділік танытқанды. Астана қаласындағы Қабанбай батыр даңғылына жағалай тігінен ілінген Қазақстанның мемлекеттік туларындағы қыран құстың бейнесі тудың ішінде оң жақ қапталға «орнын ауыстырып», яғни, көлденең көріністе қыран бейнесі бүйірлеп қалған. Зейнолла Өтежанұлы мемлекеттік ту көлденеңінен немесе тігінен ілінгеніне қарамастан, оның бейнесі еш уақытта өзгертілмеуге тиіс тігін айтып, талап қойды. Нәтижесінде, ҚР Мемлекеттік туын және мемлекеттік Елтаңбасын жасауда заңдылықты сақтауда бақылауды күшейту мақсатында ҚР Бас прокуратурасына, ҚР Индустрия және Сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің жергілікті басқармаларымен бірлесіп мемлекеттік кәсіпорындарын, Астана мен Алматы қалалары және облыс әкімдіктерін тексеру тапсырылып, кемшіліктер түзетілген. Осы орайда Қазақстанның стандарттау және сертификаттау саласындағы мемлекеттік органдары саладағы тәртіпті күшейтіп, талапқа сай келмейтін жалаулар шығаруға жол бермеуге тиістігін айта кеткіміз келеді. Қазіргі жұртшылық пайдаланып жүрген жалаушалардың эталонға сәйкессіздігін болдырмау ләзім.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміз дің, бой ұсынбас бостандығымыздың, айқын азаттығымыздың жарқын символы. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба арқылы әр қазақстандық азаматтың немесе басқа да заттың Қазақстанға тиесілі екенін бірден аңғарасың. Осынау 26 жылдық тарихында мемлекеттік рәміздеріміз Қазақ елінің абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеріп келеді.
Жаратқан Алла, өр рухты Әнұранымызды көк аспан астындағы тұғыры биік Туымыздың астында бірлік пен татулыққа ұйыған ұлттар мен ұлыстардың мәңгілік бірге шырқап, бейбіт ғұмыр кешуін жазғай!
Жайық НАҒЫМАШ