1 Мамыр - тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылдан жылдан бастап Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде аталып өтілуде. Бүгінде көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі болып отыр. Мінеки, осындай дархандық мінезі, салиқалы саясаты бар қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Санаулы күндерден тойланғалы отырған осынау мереке қарсаңында «Жаңаөзен» газетінің тілшілері қала тұрғындарымен жүздесті. Ондағы мақсат - жастайынан еңбек етіп, қала дамуына өз үлестерін қосып жүрген өзге ұлт өкілдерімен сұхбаттасу еді.
Қазақ еліне ризамын
Қаладағы «Шаңырақ» шағынауданындағы орналасқан көпшіліктің тілімен айтылып кеткен «Әсем» тұрмыстық үйі ғимаратының бірінші қабатында әртүрлі әшекей бұйымдар жасайтын зергер Раджаны танымайтын адам кемде-кем шығар. Қаладағы барлық қыз-келіншектер сақина, алқа, сырға және де өзге бұйымдары сынып қалса да Раджаға барады. Раджа Суреновичтің қолынан келмейтіні жоқ. Раджа Ағванян 1950 жылы жылы Әзірбайжан Республикасының Кировабад қаласында дүниеге келген. Сол қаладағы сегіз сыныптық мектепті бітірген соң, көркем әдебиет-дизайнер мамандығы бойынша колледжде білім алады. Отбасында 6 баланың екіншісі. Өзінен үлкен апасы, өзінен кейін іні-қарындастары бар. Раджа мектепте оқып жүргенде оқу үздігі болды. Ол әртүрлі үйірмелерге қатысқан. Мектептегі оқуымен қатар, көркем мектепте де оқыған. Авиамодель үйірмесіне қатысып, кішкентай самолет жасап халықаралық байқауда бірінші орын алған. Раджаның әкесі Сурен әскери офицер қызметін атқарған. Р.Ағванян 1970-72 жылдары аралығында Куба елінде әскери борышын өтеп болған соң туған қаласына оралып, театрға жұмысқа орналасты. Ал 1973 жылы Жаңаөзен қаласына келген. Сонау Әзірбайжан елінен мұнайлы қалаға қалай келдіңіз?, - деген сауалымызға Раджаның жауабы: - 1973 жылы алғашқы махаббатым лейкоз ауруына шалдығып, өмірден озған соң Кировабад қаласында өзімді қоярға жер таппай басқа жаққа қашып кеткім келді. Көңіл-күйім өте нашар болатын сол кезде. Әкемнің інісі Жаңаөзенде фотограф болып жұмыс жасайтын еді, менің қасыма кел деп шақыртты. 23 жасымда танымайтын қалаға келіп, алғашында ағама көмектесіп жұмыс жасап жүрдім. Содан кейін тұрмыстық комбинатқа жұмысқа орналастым. Мені жұмысқа алып, өзінің інісіндей қабылдаған Саден Шакенов мырзаға алғысым шексіз. Өте қарапайым, ақкөңіл, жаны таза кісі еді. Содан бері менің бүкіл саналы ғұмырым осы қаламен бірге жасап, бірге кемелденіп келеді. Ата-анамның тауып берген қызына үйлендім, бірақ екеуміздің мінезіміз сәйкес келмеді ме, әлде тағдырымыз бірге болуды жазбаған болар ажырасып кеттік. Екі қызым бар. Миланя және Маргарита, 4 немерем бар. Екі қызым да Францияда тұрады. Бақытты әке, атамын. Жаңаөзен қаласында көптеген адал достар таптым. Ұлтым армян болғанымен жүрегім қазақ деп соғады. Менің Жаңаөзенге көшіп келгеніме биыл 44 жыл болыпты. Осы өлкеде жастық шағым өтті, жетілдім. Сондықтан да бұл аймақтың әрбір қиыры, тау-тасы мен үшін ыстық. Кез-келген кәсіптің өз қиындығы мен артықшылығы болады. Зергер болу үшін төзім керек. Ал қазір төзімді, шыдамды адам аз. Ыждаһаттылық таныта білмеген адамды зергерлік жалықтырып жіберері сөзсіз. Зергерліктің мен үшін ауыртпалығынан артықшылығы көп. Ең алдымен ол менің жеке кәсібім, сүйікті ісім. Өзім Қазақстандай беделді мемлекетте тұрып жатқанымды әрдайым мақтан тұтамын. Елбасымыз Н.Назарбаевтың саясатына қатты қызығамын және өте ризамын. Кейде жақын-жуықтарымды сағынып Арменияға бара қалсам, Қазақстанға, өз үйіме қайтқанша асығамын. Біздің елде ешбір этностың құқы шектелмейді, салт-дәстүрі, тілі мен дінінің сақталып, дамуына оңтайлы жағдай жасалған. Бұл - бірліктің арқасы деп білемін. Көпұлттылық адамға ерекше бір жылулық береді. Мен көп елде болдым. Бірақ осындағы жылулықты еш жерден сезінген жоқпын. Бүгінде қаламызда қос қолына сенетін шеберлер аз. Соның бірі Раджа аядай ғана адам айналып өте алмайтын шағын шеберханада талай жылдар бойы бір орында тапжылмай еңбек етіп келеді. «Бала күнімнен игерген кәсібім ғой. Қолсағаттың бауын қысқарту, үлкен сақиналарды кесу сынды жұмыстарды істеймін. Ескірген алтын-күмісті тазалаймын. Жасым ұлғайған соң бұйымдар жасауды қойдым. Көз кеткен соң оның бәрі қиындай түседі екен. Қазір әйтеуір жүзіктер мен сырғалардың көзін салып берем, сондай ірілі-ұсақты тірліктерді істеймін», - дейді. Сөз арасында: «Негізі көбіне әшекейді тағатын әйел заты ғой. Мен енді осы алтын-күмісті тазалап жүрген соң айтайын, оны тұрмыста пайдаланбауға тырысу керек. Әсіресе қамыр жайып, кір жуғанда шешіп қойған жөн. Өйткені оны тазалау өте қиын. Сосын, оны бір ыдысқа салып араластырмай, әрқайсысын жеке қораптарда сақтаған дұрыс. Ал майысса, ескірсе оны зергерге әкеліп, жаңартып алуларына болады», - дейді. Мен - қазақстандықпын! Бұл сөз - тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан халқы үшін өмірлік ұстаным іспеттес. 130-дан астам ұлт өкілі бір шаңырақ астында сүттей ұйып отыр. Әрбірі өз тағдырының бір Отан, бір Елбасымен байланысқанына шүкіршілік етеді. Кез келген елдің мықты, алып мемлекетке айналуы сол елді мекен еткен адамдардың бірлігі мен ынтымақтастығына байланысты болса, онда бұл жағынан қазақ елі кенде емес. Мереке құтты болсын, ағайын!
Татулық мекені
Бүкіл саналы ғұмырын Қазақ газ өңдеу зауытына арнаған Светлана Петровна Детистова Ресейдің Красноярск өңірінің Норильск қаласында дүниеге келген. Мектеп бітіргесін ата-анасымен Украинаға қоныс аударып, Донбасс мемлекеттік машина құрастыру академиясында (бұрынғы Краматорск индустриалды институты) инженер-механик мамандығы бойынша білім алады. Институтты бітіргесін Ташкент қаласына жолдама алып, жұмысқа аттанады. Осы жерде болашақ жарын кездестіріп, бас қосып, 1984 жылы сол кездегі Маңғышлақ облысына қоныс аударады. 1991 жылы Газ өңдеу зауытына қоймашы болып жұмысқа орналасып, кейін экономика бөлімінде экономист, жетекші экономист, бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы қызметтерін атқарады. Еңбек ете жүріп, «Экономист» мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, 2002 жылы тәмамдайды. Бүгінде Светлана Детистова директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары. Бір ұл, бір қыз тәриелеп отырған үлгілі ана, абыройлы қызметкер. - Жастық шағым, ең бақытты кезеңім осында өтті. Балаларым дүниеге келді. Жаныммен сүйетін қызметім бар. Қаншама дос таптым. Ұжымым өте жақсы, тату, барлық қызметкерлер өз ісінің шеберлері десем артық айтқандық болмас. Әрқашан мейлінше адал болуға, адал өмір сүруге тырыстым. Балаларымды да осыған үйреттім. Қазақстан - менің Отаным! Осында көшіп келгеніме, осы жерде өмір сүргеніме ешқашан өкінген емеспін. Пейілі дархан, көңілі пәк, қонақжай қазақ халқына деген ризашылығым шексіз. «Бірлік бар жерде - тірлік бар» дейді қазақ. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Елбасымыз айтқан дамыған 30 елдің қатарына кіруге бізде барлық мүмкіндік бар. Тек сыбайластыққа жол бермей, білім алып, талмай еңбек ету керек. Біз - қазақстандықтармыз! Ортақ еңбегімізбен, бірлескен ізденісімізбен, топтасқан болмысымызбен ортақ үйіміз - Қазақстан Республикасын күн санап түлетіп, өркендету өз қолымызда. Мереке қарсаңында еліміздің барша тұрғындарын Қазақстан халқының достығы және бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңілмен бақыт-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз - молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенеле берсін!
Мен – қазақстандықпын
Қазақ газ өңдеу зауыты тек жұмыс өнімділігімен ғана емес, білікті мамандар мектебімен де мақтана алады. Соның тағы бір дәлелі - Екатерина Саратовкина. Тарихи Отаны Ресей болғанымен, осында туып-өскен. Ата-анасы өңірімізге Кеңес дәуірінде жолдамамен келіп, тұрақтап қалған. Екатерина қаламыздағы №3 орта мектепті аяқтап, О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжіне оқуға түседі. Оқу бітіре салысымен газ өңдеу зауытына зертхана қызметкері болып жұмысқа қабылданады. Содан бері осы жерде талмай еңбек етіп келеді. Катя бүгінде химиялық талдау цехы басшысының орынбасары. Әріптестері Катяның жайдары мінезі мен жарқын көңіліне, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын кең жүрегіне, достық ілтипатына дән риза. Екатерина Геннадьевна бүгінде екі баланың анасы, жолдасы да мұнай саласында қызметте. - Қазақстан - менің Отаным, туған жерім, туған елім. Есімді білгелі қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, тілімен біте қайнасып өмір сүріп келемін. Өмірде де, қызметте де достарымның көпшілігі қазақ қыздары мен жігіттері. Олар мені ешқашан жатсынып көрген емес. Қазақ ұлтына деген сүйіспеншілік сезімім шексіз. Мен өзімді қазақстандықпын деп мақтанышпен айта аламын. Қолымнан келгенше қазақ елінің қарыштап дамуына, алпауыт мемлекеттердің қатарынан орын алып, көркеюіне өз үлесімді қосқым келеді. Балаларымның жоғары білім алып, білікті маман атанып, ел игілігі үшін қызмет еткендерін қалаймын. Тарихи Отанымызға оралу деген ой ешқашан мазалаған емес, мен өз болашағымды, балаларымның келешегін гүлденген қазақ елімен, дархан қазақ халқымен байланыстырамын. 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен барша отандастарымды шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке мемлекетіміздің әр бұрышында күнделікті тойланып жатады. Себебі, елімізде ең бастысы - ұлтқа бөліп емес, адам деп сыйлау, барлық ұлттың құқықтарының бірдей болуы және қандай бастама, ізгі іс болсын басталуына қолдау жасау, ұлтына қарап емес, іскерлігіне қарай бағалау алға қойылған. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болсын. Қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігінің сақталуына әрқайсымыз өз үлесімізді қосып, бейбіт те мазмұнды өмір кешуге атсалысайық. Осы берекеміз бұзылмағай. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілеймін.
Ел бірлігі – татулықта
Қаладағы ірі өндіріс мекемесінің бірі «ҚазГӨЗ» ЖШС-да 23 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Райфудин Муталибов Дагестан Республикасының Хивский ауданында дүниеге келген. Ресей елінің Мичуринск қаласындағы колледжде көппрофилді агроном мамандығы бойынша орта білім алды. Кеңес әскері қатарында 1983-85 жылы әскери борышын өтеген соң Жаңаөзен қаласына келген. Алғашқы еңбек жолын 1985 жылы слесарьдан бастаған. 1994 жылдан бастап Қазақ газ өңдеу зауытына жұмысқа орналасып, қазіргі таңда компрессорлық цехының шебері қызметінде. Жұмыс жасай жүріп Ш.Есенов атындағы университетінің мұнай газ-химия мамандығын оқып, жоғары білім алған. Отбасында 3 ұл, қыз тәрбиелеп, өсірген. Балаларынан тараған 3 немеренің атасы Райфудин Абуталибович мерекеге орай өзінің тілегін айтқан еді. - Тәуелсiздiктiң 25 жылында жеткен жетiстiктерiмiзге Қазақстан халықтарының өз- ара түсiнiстiкте, бейбiт өмiр сүруi де ықпал еттi. Қазақстанда 12 мың дағыстандық тұрады. Олар, әсiресе, республиканың Маңғыстау, Атырау, Қарағанды сынды өңiрлерiнде көп шоғырланған. Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрып жатыр. Мұндағы әр халықтың өз тарихы, өз болмысы бар. Десе де, қазақтың қонақжайлығының арқасында ұлттар тағдырлас болып кетті. Себебі, бір шаңырақтың астында өмір сүргеннен кейін тілегі де бір, жүрегі де біте қайнасып соғып жатыр. Елбасының бастамасымен тойланып жатқан мейрамға орай қазақ халқына осында тұратын өзге ұлт өкілдерінің атынан рахметімді айтамын. Бір-біріміздің жанымызды жадыратудан жалықпай жүруге жазсын! Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла береке нәсіп етеді. Ынтымағы ыдыраған елден ырыс та кетеді. Жаһандық аумалы-төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқаны бүгінгі күннің ащы шындығы. Осындай алмағайып заманда бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болғай. Қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!
Айжан НАСЫРОВА. Гүлсім МҰРЫНОВА