Дүйсенбі күні Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу аудиториясының ашылу салтанатына арналған жиын өтті. Оны кіріспе сөзбен ашқан университет ректоры Әділбек Ботабеков Әбіш оқулары конкурсына қатысқан университет студенттерінің жүлделер иеленгенін атап өтті.
Сондай-ақ ол университет студенттері мен магистранттары жыл сайын бірнеше дипломдық жұмыстарын Әбіш аға Кекілбаев шығармаларынан орындап, бірнеше магистранттар магистрлық диссертацияларын осы тақырыпқа арнайтын болатынын айтты.
– Биыл университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен ҚР Білім және ғылым министрлігіне Әбіш Кекілбаев құрметіне студенттерімізге мемлекеттік атаулы стипендия тағайындау туралы хат жіберген едік. Ол ұсынысымызға министрлік тарапынан қолдау көрсетіліп, келесі жылға Үкімет Қаулысы дайындалып жатқанын естіп тұрмын, - деген Әділбек Қожабекұлы сүйінші хабар жеткізді.
Салтанатты жиыннан кейін Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев пен Клара Жұмабайқызы Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу аудиториясын ашу таспасын қиды.
Университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Отарова қонақтарды Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу аудиториясымен таныстырады.
— Тәуелсіз еліміздің руханияты мен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған Әбіш Кекілбайұлының халқымыз үшін орны ерекше,-деді ол.-Дара тұлғаның артында қалған аталы сөзі мен асыл өнегесін келешек жас ұрпақтың игілігіне айналдыру мақсатында университеттің ғылыми кеңесі шешімімен Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу аудиториясы жасақталды. Бұл аудитория келешекте жазушы мұрасын оқып-үйрену, зерттеп-зерделеуде тағылымы мол оқу аудиториясы болары анық. Дарабоз дарынның тұлғасы мен шығармашылығы арқылы еліміздің ертеңі жастарды адамгершілікке, отаншылдыққа тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз болмақ.
Аудитория төріндегі жазушы портретінің жанындағы «Әбіш Кекілбайұлының өмір жолы» стендісінде абыз ағаның түрлі салалардағы қызметтері, жазушылық және қайраткерлік жолдары жан-жақты көрініс тапқан. Ал «Ә.Кекілбайұлының өмір жолы» стендісінде жазушының мәдениет, әдебиет, кино салаларында қызметтерінен бастап беделді қаламгер, Комитет төрағасы, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты сияқты лауазымды қызметтер атқарған ғұмырнамалық жолдары жан-жақты бейнеленген.
«Заманының заңғар ұлы» стендісінде біртуар тұлға жайындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, белгілі жазушы, қоғам қайраткерлері Шыңғыс Айтматов пен Мырзатай Жолдасбековтердің айтылған пікірлері берілген. «Мемлекет және қоғам қайраткері» стендісінде ұлы билердің жолын ұстанған Әбіш Кекілбайұлының Республика Парламенті Мәжілісінің төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Елбасы кеңесшісі, Сенат депутаты қызметінде жүріп, жас мемлекетіміздің тұғырлы бағыттарын айқындаудағы, халқымыздың идеологиясын қалыптастырудағы еселі еңбектері тұжырымдалған.
«Әбіш Кекілбайұлы және Маңғыстау» стендісінде туған жерінде Әбіш аға есімін ұлықтау жолындағы шаралар, атқарылған істер көрініс тапқан. «Ашық аспан астындағы мұражай» деп өзі бағалаған киелі мекеннің біртуар перзентімен Маңғыстау аты егіз аталатыны ақиқат. Туған өлкесі Маңғыстаудың өткені, бүгіні мен келешегі туралы жазылған «Ұйқыдағы арудың оянуы», «Күй», «Шыңырау», «Автомобиль» және басқа шығармалары турасында мағлұматтар берілген.
«Әбіш Кекілбайұлының әдеби мұрасы» стендісінде қаламгердің алғашқы «Алтын шуақ» өлеңдер жинағынан бастап «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» классикалық туындыларына дейінгі әлем әдебиетінің жауһарларына айналған шығармалары жанрларға бөлініп көрсетілген.
Сонымен қоса оқу аудиториясында ұлы суреткердің қаламынан туған халқының мәңгі рухани сусындар мұрасына айналар еңбектері арнайы кітап сөресіне қойылған. Бұл сөреде жазушы мұрасын зерттеумен айналысып жүрген «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессор-оқытушыларының да монографиялары мен оқу құралдары бар.
Аудиторияның таныстырылымынан кейін оқу орнының мәжіліс залында «Әбіш әлемі» журналының тұсаукесері болды. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыс басшысы Алик Айдарбаев нағыз Әбіштану енді басталғанын атап өтсе, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Әділбек Ботабеков Ә.Кекілбаевтың жан жары Клара апайға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Игілікті істің бастауы болған бұл жиында Отыншы Көшбайұлы, Сақып Бүркітбайұлы сияқты Әбіш ағамен аралас болған азаматтар естелік айтып, жаңа журналға сәттілік тіледі.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ