Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесінің қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аймағымыздың аудан-қалаларынан келген 25 еңбек ардагері Ақтау қаласының маңындағы Сая демалыс орнында демалып қайтты. Қоғамның түрлі салаларында талмай тер төгіп, саналы ғұмырының сансыз жылдарын еңбек майданына арнаған абзал жандар демалыс үйінде 1 апта бойы емдік шаралар қабылдап, мәдени және рухани кештерге куә болды.
7 күнге созылған демалыс барысында облысымыздың аудан-қалаларынан келген еңбек ардагерлері денсаулықтарын жақсарту мақсатында емдік шаралар қабылдап, керемет көңіл-күй сыйлаған мәдени-әдеби кештерге қатысты. Ұзақ жылдар бойы өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолында үздіксіз еңбек еткен олардың барлығы да өз мамандықтарының майталмандары атанып, түрлі салалар бойынша үздіктер қатарынан табылғандар. Солардың бірі – Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Амангелді Аманжаев. Түрікмен жерінде туып-өскен Амангелді Аманжаевтың отбасы 60 жылдары Қазақстанның Шымкент өңіріне қоныс аударады. 1967 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетіне оқуға түскен жас жігіт өзінің болашағын ұрпаққа білім беру саласымен байланыстырады. 1973 жылдан бері ұстаздық етіп, қазақтың өскелең ұл-қыздарына білім нәрін берген ол 37 жыл орта мектептің басшысы болып, ерен еңбегі мен қажырлы қызметі үшін «Оқу ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» аталымдарының иегері атанады. Бүгінде зейнеткер, Мұнайлы ауданының тұрғыны Амангелді Аманжаев аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Бейнетті тағдырдың зейнетті шақтарында баянды ғұмыр кешкен Амангелді аға ұстаздар әулетінің ақсақалы. Амангелді Аманжаевтың өмірлік серігі, 6 баланың анасы, шаңырақтың отанасы Ағипа Тәжіғұлова да өзінің саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Отбасындағы 3 ұлдың екеуі, 3 қыз, 3 келін және 1 күйеу бала жүрек қалаулары бойынша мұғалім мамандығын таңдап, білім беру саласында абыройлы еңбек етіп жүр. «Елге қызмет ету - әр азаматтың міндеті» дейді ақсақал.
Еліміз бүгінде өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздік - біздің бақытымыз, байлығымыз болса, ата-бабаларымыздың ең ұлы арманы болатын. Олай болса, асыл қазынамызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Егемен еліміз 25 жылда көп жетістікке қол жеткізді деп санаймын. Ардагерлердің маңғыстаулық жеке кәсіпкердің «Сая» демалыс орнында демалып, ұлтымыздың ән –күйін тыңдап, бейбіт заманда күн кешіп жатқанымыз да Тәуелсіздігіміздің арқасы. Халқымыз аман, ұлан-байтақ жеріміз тыныш, ұлтын сүйетін отаншыл ұрпағымыз болса, Еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін,-дейді Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары А. Аманжаев. Ел Тәуелсіздігінің төл мерекесі қарсаңында демалыс орнында шипажайлық ем қабылдап, рухани сергіп, көңілді демалыс өткізіп қайтқандардың бірі - Маңғыстау ауданынан келген Қаржау Төлеуұлы. 1939 жылы Ұштаған селосында туған ол өмір бойы ауыл шаруашылық саласында еңбек еткен. Мамандығы механизатор болғандықтан, соғыстан кейінгі жылдары құлдырап кеткен ауыл шаруашылығын көтеруге бар күшін салған ол бүгінде қарқынмен жандана бастаған осы саладағы соңғы жаңалықтарға қуанамын дейді.
25 жыл – аз да, көп те уақыт емес. Қазақстан мемлекеті қалыптасып, тұрақты даму жолына түсті. Жерімізде бейбітшілік, елімізде бірлік орнап тұр. Әрине, бұл біздің елімізде шешімін таппаған мәселе жоқ деген сөз емес. Мәселен, жастар арасында баспанасыздық пен жұмыссыздық жетерлік. Әлемді дендеген дағдарысқа қарамай, қымбатшылық қарқын алып барады. Бірақ, мұның барлығы да уақыт өте келе түзелетін проблемалар. Ал, облысымыз туралы айтсам, 25 жылдың ішінде Маңғыстау адам танымастай болып өзгерді. Аймағымыздың қаншалықты дамығанын Мұнайлы ауданының бүгінгі қалыптасуынан көруге болады,-дейді Қызылтөбе ауылының тұрғыны Қ.Төлеуұлы. Еңбек ардагерлері 1 апта бойына медицина қызметкерлерінің қарауында болып, денсаулықтарын жақсарту мақсатында емдік массаждар алып, түрлі су ванналарын қабылдаған. Абзал жандар бос уақыттарында облыстық филормония өнерпаздарының концерттік бағдарламаларын тамашалап, рухани кештерге қатысқан.
Өте тамаша демалыс болды. Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде ұйымдастырылған бұл шараны аймағымыздағы түрлі сала ардагерлеріне деген үлкен құрмет деп түсінемін. 25 ардагердің барлығы да бір-бір тарихи тұлға. Демалыс тәнімізді емдеп, жанымызды жадыратты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құтты болып, Қазақстан алға қарай қарыштап дами берсін! Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, -дейді ардагер-журналист Е.Нәрембаева. 85 жастағы Жамалбек Рахметтоллаевқа да Сая шипажай үйіндегі 1 апталық демалыс тез әрі жақсы өтіпті. 1942 жылы әкесі Рахметтолла соғысқа аттанғанда, кішкентай қарындасы екеуі анасымен қалған екен. Жамбыл қаласында бау-бақша егіп, көкініс өсіріп күн көрген отбасының тірегі, асыл әке қан майданнан оралмайды. Бал балалықтың қызығына тоймай есейген жас Жамалбек 1955 жылы Ленинградтағы қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін дайындайтын училищеде білім алып, Қарағанды, Атырау қалаларында қызмет етеді. 1967 жылы Маңғыстауға қоныс аударған өз ісінің маманы абыроймен зейнеткерлікке шыққаннан соң да қол қусырып отырмай, еңбек жолын жалғастырған. 1957 жылы сүйіп қосылған Айымгүл Қалымбетқызы екеуінің шаңырақ көтергендеріне алдағы жылы 60 жыл толады. Бақытты жар, аяулы әке, абзал азамат бүгінде немере-шөберелердің қызығына қанбаған ардақты ата. «Мен Маңғыстауға аяқ басқанда Ақтауда 3 шағынаудан ғана бар еді. Алғашқы тұрғындар «Махачкала-2» паромымен келген болатын. Ел Тәуелсіздігінің нәтижесінде Маңғыстау облысы барынша дамып, Ақтау айрықша көркейді» деп естеліктерімен бөліседі ол.
Тәуелсіздік – бізге берілген Алланың сыйы, қол жетпейтін бақыт. Еліміз тыныштықта бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері бір кісінің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бақыт үшін бірлік, ынтымақ керек. Қазақ «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дейді. Қазір азаматтар өз істерін ашып, бастамаларын жүзеге асыруда. Жастарға мүмкіндік көп. Ең бастысы – олар еңбекті сүйіп, білімге іздене білсе болғаны,-дейді Ж.Рахметтоллаев. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен демалыс ардагерлер көңілінен шықты. Әрине, елі үшін еңбек етіп, халқы үшін қалтқысыз қызмет көрсеткен ардақты ардагерлер бұдан жоғары құрметке, артық марапатқа лайық. Аймағымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан 41 ардагер қалса, тыл ардагерлерінің саны 1 мыңдай ғана. Сұрапыл соғыс батырларының жасы тоқсаннан асып, денсаулықтары нашарлаған. Сондықтан Сая демалыс үйінде өткен демалысқа олардың ешбірі де келе алмады.
Анар ШАМШАДИНОВА