©
Облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы Қазақстан республикасына еңбегі сіңген қызметкер, әнші Күріш Тасболатовтың 75 жылдық мерейтойына арналған ІІ республикалық «Қайқылардан қалған саз» атты Маңғыстаудың дәстүрлі әндерін орындаушылар конкурсының ашылу салтанатына жиналған өнерсүйер қауым сахна төріне көтерілген күміс көмей Күріш әншіні тікесінен тік тұрып қарсы алды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева қатысып, той иесінің иығына оқалы шапан жауып, мерейтой құрметіне орай жолданған облыс әкімі Алик Айдарбаевтың құттықтауын оқып, Алғыс хатын табыс етті.
Күріш әншінің ізбасар інісі, жыршы Жеткізген Сейітов өзінің мерейтой иесіне арнауын орындап берді. Астанадан, Оралдан келген өнер иелері Айтбек пен Серік кезекпен ән салып, көрермендердің көңілін көтеріп тастады. Ән мен жырға кенеліп қалған көпшілік қошемет шапалағын үсті-үстіне үстемелей жаудырды. Әсіресе, жерлесіміз, жезтаңдай әнші Айгүл Қосанова тамылжыта шырқағанда жұрттың қошеметінде шек болған жоқ.
Конкурсқа республикамыздың түкпір-түкпірінен 25 талапкер, атап айтқанда: Батыс Қазақстан облысынан-2, Шығыс Қазақстан облысынан-1, Атырау облысынан-5, Ақтөбе облысынан-1, Маңғыстау облысынан-12, Алматы қаласынан-3 үміткер қатысты.
Маңғыстаудың дәстүрлі әншілік мектебінің, соның ішінде, жеті қайқының қазақтың музыкалық мәдениетіндегі тарихи рөлін республика көлемінде айқындап, рухани мұраларын жас орындаушылар арасында кеңінен насихаттау және дауылпаз әнші Күріш Тасболатовты дәріптеу мақсатында жыл сайын өткізіліп тұратын байқауға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова жетекшілік жасап, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Серік Әбдірахманов, Маңғыстаудың жеті қайқысының өмірі мен шығармашылығын зерттеуші, көне дыбыс жазбаларды жаңғырту маманы Сұлтанбек Құдайберген төрелік етті.
Байқау болғасын жүлдесі болады, аталмыш мерекенің де ең шырқау шегіне жеткен сәті осы жүлде үлестіру кезеңі болды десек, артық айтқандық болмас. Құдайға шүкір, мәдениетте өнерге шашатын қаражат мол көрінді. Оған қуанып қалдық. Орнына жұмсалса, ақша шіркіннің адамға қуаныш сыйлайтын құдіреті еселене түсетін секілді.
Қазылар алқасының шешімімен 1 000 000 теңге сыйақысымен Бас жүлде – жерлесіміз Асқанов Нұрымға бұйырса, 500 000 теңге сыйақысымен I орынды Алматы қаласының өнерпазы Құлжарасова Әйгерім жеңіп алып, 300 000 теңге сыйақысымен II орынды оралдық Бейбіт Қажығалиев пен алматылық Жігер Бектұрғанов бөлісті.
ІII орынға 200 000 теңгелік байрағымен жерлесіміз Збира Рахметова мен Әбуғали Ибраев және атыраулық Серікбаева Фатима ие болып, Күріш Тасболатов атындағы арнайы жүлде мен 500 000 теңге Маңғыстаулық Әзімхан Баймағанбетовке мерейтой иесі Күріш Тасболатовтың інісі Жетібай Бопышұлы тапсырды.
Манаш Әділбаев, Гүлфайруза Кенжеғараева, Нұрдәулет Ахмедияр, Гүлжайна Жолдыбаева, Оңдасын Қалқанов дипломант атанып, 50 000 теңгеден сыйақы алды.
Нұрпейіс Әбілхасан, Ақмарал Кемелханова, Ақмарал Мыңбаева, Оспан Құлсымақов, Ниязтұрлы Бектұров, Тыныштық Қармысова, Мейрамгүл Қосшығұлқызы, Асыл Нұрғали, Бақытбек Сәрсеновке 30 000 теңге мен Алғыс тапсырылды.
«Сіздердің әрқайсыңыздың мойныңызда ата-баба аманаты бар. Ол - Даланың мәңгілік өлмейтін ұлы сарыны. Сенің мойыныңда да сол аманат бар!»-деп, жас өнерпаз Нұрымға Бас бәйгені аманаттап тапсырған арқалы ақын Светқали Нұржан: «Ата-бабаның киелі аманатын сонау дәуірлер түбінен қажыма-талмай бізге жеткізген сізге рахмет!» деп той иесіне көпшілік тілегін жеткізді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ