Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында, Ақтауда 6-9 желтоқсан күндері аралығында «Әбіш әлемі» бірінші республикалық театр фестивалі өтеді. Екі жылда бір өтеді деп жоспарланған фестиваль мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың көркем әдеби мұраларын насихаттау.
Драмалық «Абылайхан» шығармасымен бірге Шекспир секілді ірі драматургтерді тәржімалаған Кекілбаевтың суреткерлік қырлары мен азаматтық ұстанымын жас ұрпаққа үлгі ету үшін ұйымдастырылып отырған өнер мерекесінің ашылуы жазушының туған күнімен сәйкес келіп отыр. Өмірден озғанына бір жыл болған кемел ойлы кемеңгердің атымен екі жыл сайын театр шеберлерін Маңғыстауға жинап, байқау өткізу көзделіп отырған шараның қазылар алқасы құрамын қазақтың кино және театр қайраткері, КСРО және Қазақстан халық әртісі Асанәлі Әшімов басқарып, сайысқа қатысушылар өнерін «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов, театртанушы, өнертану кандидаты Бақыт Нұрпейіс, актер, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұркен Өтеулі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрнияз Мұқанов сараптайтын болды.
Түбі бір түркі халықтары ішінде қазақтың қандас бауыры саналатын ноғай жұртының өнерпаздары да атсалысу үшін фестивальға қатысқалы отыр. Дағыстан Республикасы мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайту үшін игі қадам жасап отырған ноғай өнерпаздары Қарағия ауданының орталығы Құрық ауылына барып, жұртшылықпен дидарласуды жоспарлап отыр.
Өнер байқауының жабылуы желтоқсанның 9-ы күні өтеді. Жеңімпаздар 8 аталым бойынша марапатталады. «Ең үздік қойылым» - Ә.Кекілбаев атындағы Бас жүлдеге ие болады. Қалған 7 жеңімпазға облыс әкімі арнайы жүлде дайындаған.
Баспасөз конференциясының соңында қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
— Әбіш әлемге танымал жазушы. Жантөрин атындағы музыкалық драма театры ұжымы жазушыны еске алу мақсатында ұйымдастырып отырған бұл шара көпшілікке де, өнер иелеріне де рухани жігер-күш беретін игі бастама. Бұндай фестивальдар Атырауда, Шымкентте өтті. Енді міне, өнер байқауы Ақтауда жалғасып отыр. Әбекең 30-дың ішінде «Король Лирді» аударған, өзі де «Абылайхан» драмасын жазған кемел ойшыл, терең жазушы.
Түбіміз бір жұртпыз деп Дағыстаннан келіп отырған ноғай бауырларымызға қош келдіңіз дейміз. Өнер додасына қатыспақ оймен, әрі мәдени, бауырластық байланыс орнату мақсатында еліміздің Тәуелсіздігі қарсаңында қауышқан туысқандармен татулығымыз жалғасын таба берсін, — деді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ