Бүгін Ақтауда МО іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен қолөнершілер фестивалі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ескі нақыш пен заманауи сәнді ұштастырған қолөнершілер фестиваль арқылы кәсіпті сауатты жүргізуге мол мүмкіндік алып отыр. Өйткені оларға бұдан кейін сүйікті істі табыс көзіне айналдыруға жол ашылмақ. - Жұмыссыз қыз-келіншектердің табыс тауына жол ашып, мүмкіндік жасағымыз келеді. Фестиваль қорытындысында әр ауданның іскер әйелдер кеңесі табыссыз отырған 2 қыз-келіншек тауып, соларға бір-бір тігін машинасын сыйлайды. Одан әрі кәсіпті дамытып, жұмысын бастап кетуге мүмкіндік береді. Салт-дәстүрді дәріптейтін фестиваль елге танылса деген ойымыз бар, - дейді Тілектес Болатбаева Жаңаөзен қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, фестиваль ұйымдастырушысы. Ұйымдастыру алқасы алдағы уақытта бұл фестивальді дәстүрге айналдыруға ниетті. Ал келер жылы теңіз жағасында жұртшылық назарына тың туындыларды ұсынуды жоспарлап отыр. Шараға 5 аудан мен 2 қаладан барлығы 30-дан аса қолөнер шебері қатысты. Фестиваль аясында жалпы жүлде қоры 600 мың теңгені құрайтын конкурс та ұйымдастырылды. Конкурс қорытындысы бойынша, бас жүлде түпқарағандық Гүлнар Салықбаеваның еншісіне тисе, І орынды мұнайлылық Гүлшат Демеуова иеленді. Қарақиялық Жанаргүл Жапарова ІІ орын жүлдегері болып, ІІІ орынды жаңаөзендік Жәмила Нұрғазиева алды. Одан бөлек қазылар алқасының шешімімен арнайы 8 аталымға лайықтылар анықталды.
Махахббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="89616,89614,89619,89620,89621,89624,89622,89625,89618"]