ЭКСПО – 2017 көрмесі – елдіктің ерен жеңісі. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады.
Елбасы Н.Назарбаев
Қазақ елі Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде қиын да күрделі сәттерді бастан кешіріп, талай жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырды. Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан мемлекетіміздің саяси аренадағы беделі биіктеп, әлемге танылды. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің, еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің арқасында «жасыл» технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесі өзекті боп тұрған заманда ЭКСПО көрмесін өткізу мәртебесіне ие болдық.
«Болашақ энергиясы» деп аталған әлемдік деңгейдегі шара мемлекетіміздің мығымдылығын, еліміздің еңселілігін, техникалық және технологиялық жетістіктерді, тарихымыз мен салт- дәстүрімізді паш етеді. Жуырда «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және «Alef prime group» компаниясы ауыл-аймақтардан келген 60-қа жуық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды. Бас қаланың бітім- болмысына соны серпін әкеліп, әлеуетін әлдендіретін көрменің дайындық жұмыстарымен танысуға Маңғыстау түбегінен облыстық «Маңғыстау» және «Огни Мангистау» газеттерінің тілшілері де барып келген болатын.
Алдымен, баспасөз турына қатысқан БАҚ өкілдері «Астана ЭКСПО –2017» ұлттық компаниясының» ұйымдастыру кеңсесіне аялдады. Мұнда мамандар 174 гектар аумақты алып жатқан көрме кешеннің макетімен таныстырды. ЭКСПО қалашықта конгресс- орталық, «Қазақстан» және өзге де тақырыптық павильондар, тұрғын үй кешендері, қонақ үйлер, ойын-сауық және сауда нысандары бой көтерген. Зәулім де еңселі, сәулеті мен сәні келіскен ғимараттардың айналасы абаттандырылып, шаһардың шырайын кіргізетін нақыштармен әсем безендірілген.
Құрылыс алаңына бет алған БАҚ өкілдерін «ЭКСПО – 2017» құрылыс дирекциясы филиалы бас директорының бірінші орынбасары Қадіржан Төребаев күтіп алды. –Шар тәріздес 8 қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 26 000 шаршы метрді құрайды. Көрмеге келушілер өткен тарихымыздан, салт-дәстүрімізден, ұлттық болмысымыздан сыр шертетін «Қазақстан- Астана» павильонында мұражайды тамашалай алады. Алғашқы қабатта қонақтар еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, өсіп-өркендеуі, дамуы, мәдени тұрмыс салты, қонақжайлылығы туралы мағлұматтарға қанығады.
Бұл ғимараттың құрылысына қолданылған шыны, нанокерамика және өзге де материалдар жылдың төрт мезгіліндегі ауа-райының құбылысына төзімді. Қазіргі таңда нысанның ішіне инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Шардың жоғары жағында екі жел генераторы және күннен қуат алатын панелдер орналасатырылады, – деді «ЭКСПО – 2017» құрылыс дирекциясы филиалы бас директорының бірінші орынбасары Қадіржан Төребаев.
«ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ департаменті директорының орынбасары Асқар Бапеннің айтуынша, осы уақытқа дейін 106 мемлекет пен 16 халықаралық ұйым Астанада өтетін мамандандырылған көрмеге қатысатындығын растаған. Көрме кезінде баламалы энергия көздерін пайдалану саласында үздік технологияларын көрсететін елдермен ұйымдастырушылық және техникалық мәселелер талқыланып жатыр. Бүгінгі дейін Франция, Германия, Венгрия, Түркия мен Қытай мемлекеттеріне павильондарды табыстадық. Қазіргі таңда Ресей, Ұлыбритания, Польша, Пәкістан, Үндістан, Жапония және Израиль елдеріне павильон бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
–ЭКСПО алаңында 4 ірі халықаралық павильон бар. Қатысуға тілек білдірген 106 мемлекет және еліміздегі ірі компаниялар осы павильондарға орналасады. Мәселен, Франция мемлекеті 1069,1 шаршы метр павильонда «Жасыл өсім бағытындағы энергетикалық бұрылыс» тақырыбында техникалық және технологиялық жетістіктерін көрсетеді. 411,9 шаршы метр аумақты алған Венгрия павильонында «Болашақ энергиясы бізді біріктіреді» тақырыбы ашылып, географиялық, экономикалық ерекшеліктерге негізделген жаңа идеялар таныстырылады, – деді « Астана ЭКСПО –2017» ҰК» АҚ департаменті директорының орынбасары Асқар Бапен.
Еліміздің мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатын көрмеге дайындық жұмыстарымен танысу барысында тұрғын үй кешенінде де болдық. Аумағы 12,47 гектарды құрайтын тұрғын үй қалашығында 6 блоктан тұратын 42 үй салынған. «Би ай груп» және «Люкс недвижимость» компаниялары салған тұрғын үйдің құрылысына 40 млрд.теңге бөлінген. Голд және силвер санатындағы үйлерде қонақүйдегідей барлық қызмет түрлері көрсетіледі. Шетелдік қонақтарға арналған үйлерді айына жалдау құны 557 мыңнан басталып, 1 млн.78 мыңға дейін жетеді.
Қазіргі таңда 1374 пәтердің 309-ы резервте тұр. Арнайы көлік тұрағы, балалар ойнайтын алаңдары салынған тұрғын үй кешенінде қауіпсіздік мақсатында аккредитациядан өткен меймандар ғана тұра алады. ЭКСПО қалашық арнайы қақпамен қоршалады. Мұнда құқық қорғау органдары тәулік бойы тәртіпті қадағалауда ұстайды. «Астана ЭКСПО – 2017» сервистік қамтамасыз ету департаментінің директоры Диас Әзбергеновтың айтуынша, көрме біткеннен кейін қалашық аумағындағы үйлер саттыққа шығарылып, қаржысы мемлекет қазынасына қайтарылады.
–ЭКСПО қалашықтағы ең басты ғимарат конгресс- орталықта жаһандық деңгейдегі шараның ашылуы, жабылуы және 93 күнде 30-ға жуық, форум, конференция, жиын өтеді. Көпфункциялы орталықтың аумағы 45 мың шаршы метрді алып жатыр. Мұнда 2700 шаршы метр болатын жалпы зал және әрқайсысы 700 шаршы метр болатын 4 зал бар. Мамыр айынан бастап еліміздегі ең маңызды шараның жоғары деңгейде ашылуына дайындаламыз, – деді «Астана ЭКСПО– 2017» ҰК» АҚ контент және іс- шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров.
Бұқаралық ақпарат құралдары құрылыс алаңын аралағаннан кейін Елордадағы «Rixos» қонақүйінде өткен баспасөз мәслихатына қатысты. Жиында «Астана ЭКСПО– 2017» ҰК» АҚ өкілдері мамандандырылған көрмеге дайындық жұмыстарынан хабардар етіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметовтың айтуынша,10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін көрмеге елімізден және шетелден 5 млн.нан астам адам келеді деп жоспарланып отыр. Оның 85 пайызы қазақстандықтар болса, 15 пайызы – шетел азаматтары. Басым көпшілігі ТМД мемлекеттерінен, Еуропадан, АҚШ-тан, Түркия, Қытай елдерінен келеді. Болжам бойынша олардың әрқайсысы көрмені екі немесе одан да көп рет тамашалайды.
– «ЭКСПО – 2017» көрмесі біткеннен кейін өз шығынын ақтағаны я ақтамағаны туралы мамандар есеп жүргізеді. Көрме кешеніндегі құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Құрылысқа зейнетақы қорынан қаржы бөлінген жоқ. Қалашықтағы ғимараттардың барлығы сәуір айының аяғында толықтай пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда көрме кешенінің аумағындағы 33 ғимараттың құрылысында 50 мыңнан аса адам жұмыс істеуде. Көрмеге қатысушы мемлекеттер энергия саласындағы техникалық жетістіктерімен барша жұртты тәнті етеді. Әсіресе, қазіргі таңда сұранысқа ие балама қуат көздерін алу жолдарын таныстырады. Елімізді индустриялық- инновациялық дамытудың және халықаралық көрме өткізу жоспарының аясында «жасыл экономканы» игеруде алғашқы қадамдар жасалды. Мәселен, осы уақытқа дейін энергия қуаты 300 МВт-тан асатын 50-ге жуық жоба іске қосылды, – деді «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов.
«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Куяновтың хабарлауынша, қалашық аумағында құлап қалған екі павильонның арасын жалғайтын декоративті көпір құрылымының құрылысын мердігер «Би ай груп» компаниясы қайта қалпына келтіріп жатыр. Арнайы комиссия құрылыстың құлау себебін анықтап, шығынын есептегеннен кейін арнайы мәлімде жасайды.
– «Жасыл экономиканың» негізінде жасалған, болашақтың баламалы энергия көздеріне арналған жобалар таныстырылатын көрме кезінде Астана, Алматы қалаларына және еліміздің басқа да өңірлеріне 70-тен аса бағытты қамтитын маршруттар қатынайды. Шетелдік қонақтар және еліміздің тұрғындарына жаһандық шара өтіп жатқан уақытта тарихи- мәдени орындарға апарып, көркі көз тартатын сұлу табиғат аясына саяхат ұйымдастыратын отандық туроператорлар белсенділік танытып отыр. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс істеуге тілек білдірген 7 компаниямен келісім-шартқа қол қойдық. Сондай-ақ қонақтар қалауларына қарай бизнес және премиум пакеттерді таңдай алады, – деді Дәулет Еркембаев. Баспасөз мәслихаты барысында Мәдениет министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және «Астана ЭКСПО –2017» ҰК» АҚ арасындағы үшжақты келісімге сәйкес, 93 күнде 3000 шараны өткізу жоспарланғаны белгілі болды. Мәселен, әр күнге жоспарланған 30 шара әр жастағы көрермендерге арналған. Елімізде жаз мезгілінде ұшақ пен пойыздарға билет табу қиынға соғатындықтан басқа өңірлердің тұрғындары Елордаға қалай жететінін сұрағанымызда, мамандар қосымша ұшақ, пойыз және автобустардың қатынайтынын жеткізді.
Аталмыш акционерлік қоғамның маркетинг және ілгерілету департаментінің директоры Алпен Шайжүнісовтың хабарлауынша, ағымдағы жылдың 10 маусымында жаһандық деңгейдегі мәні зор шараға билеттер онлайн түрде сатыла бастады. 10 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық қалаларында «Қазпошталарда», «Меломан» дүкендер желісінде саттыққа шығарылады. Ұлттық компания мен серіктестер арасында жыл аяғына дейін 100 мың билетті сату туралы келісімге қол қойылған.
«Жасыл экономика» құруға бағытталған көрмеде еліміздің түкпір- түкпірінен жиналатын 4500 ерікті жұмыс жасайды. Оның 3000- ы Астана мен Алматы қалаларынан, қалғаны басқа өңірлер мен шетелден келеді. Олар таңертеңгі, күндізгі және кешкі ауысыммен жұмыс істеп, арнайы бөлінген жатақханаларда тұрады.
Екі күнге жоспарланған баспасөз туры аяқталғаннан кейін «Alef prime group» компаниясы БАҚ өкілдеріне арналған семинар- тренинг ұйымдастырды. Журналистер жұмыстан бір сәт сергіп, қызықты ойындарға қатысты. Бұл күні аталмыш компания мамандары еліміздің әр өңірлерінен келген журналистерді бас қаланың көрікті жерлеріне апарып, қыдыртты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ