Соңғы жылдары тілімізге енген жаңа сөз тіркестерінің бірі—тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бір отбасын бір азаматтың ың-шыңсыз басқарып, отағасылық міндетін мінсіз атқарып, әйел мен бала-шағаның сол кісінің сөзін екі етпейтін әдеті бойына сіңген халқымыздың құлағына бұл сөздің түрпідей тигені рас-ты. Өкінішке орай, қазақылықтың қаймағы жұқара бастады ма, ер азаматтың ұсағы, әйелдің «ірісі» көбейе түсті ме, әлде, жаһандық өзгерістердің басқаша ықпалы ма, әйтеуір бір шаңырақта бірінің сөзін бірі көтермей, дау-дамай соңын төбелеске ұластырып жүрген ерлі-зайыптылар қатары өсуде. Қол көтерумен тынатын жанжалда, әрине, денелік тұрғыдан әлсіз әйелдер зардап шегіп жатады. Бірақ аз да болса, еркектердің де өз отбасынан қағажу көріп жүргендері бар көрінеді. Дегенмен, ата-ананың қайсысы жәбірленсе де, ауыртпалық екі арадағы бейкүнә балаға көбірек түсетіні шындық. Әсіресе, оның нерв жүйкесі зақымдалады және әке-шешесінің біріне, яғни, әлімжеттік көрсететініне деген іштей өшпенділік қалыптасады екен. Ал күнде-күнара жан-жарынан таяқ жеп отырған әйел балаларымен ешқайда кете алмайды. Оны ешкім түсінуге де тырыспайтындықтан олардың арасында өзіне қол жұмсап, өмірмен қош айтысып жатқандары да бар. Ащы да болса бүгінгі күннің шындығы бұл.
Отбасындағы осындай бақытсыздықтардың алдын алып, өз отбасынан амалсыздан уақытша кетуге мәжбүр болғандардың паналауы үшін арнайы үйлер ашу—қазіргі заманның талабы боп тұр. Мұндай үй таяуда Ақтау қаласында ашылды.
14-шағын аудандағы «Облыстық арнайы мамандандырылған «Балалар үйі» ғимаратында орналасқан «Үміт үйі» дағдарыс орталығының ашылу салтанатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобасын дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас және басқа қонақтар сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Жақсы лебіздер ақтарылған құттықтаулардан кейін жиналғандар ішке еніп, күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген дағдарыс орталығын аралады.
15-20 орынға есептелген уақытша баспана әйелдер мен олардың балаларының ыңғайлы орналасуы үшін қажетті заттармен—жиһаз, тұрмыстық техника, басқа да қажетті тұтынатын заттармен, азық-түлік және алғашқы көмекке қажетті медициналық дәрі-дәрмекпен қамтылған. Балалар бөлмесі дидактикалық ойыншықтар мен құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ ғимаратта әйелдер мен қызметкерлерге тренинг, семинар өткізуге арналған зал бар. Жылына 200-ге жуық тұрмыстық зорлықтан зардап шеккен әйелдерді уақытша баспанамен қамтамасыз ете алатын бұл үйде келешекте киім пішу, шаштараз, аспаз, консервілеу, жүн иіру, кесте-тоқыма оқу курстарын ашу жоспарланып отыр.
Қонақтарға дағдарыс орталығы таныстырылғаннан кейін мәжіліс залында жиналыс болды. Оны кіріспе сөзбен ашқан Бану Нұрғазиева осындай үйдің маңғыстаулықтарға да қажет екендігін, бұл орталық отбасыларды ажырататын емес, керісінше, жұбайлардың арасындағы түсініспеушіліктің түйінін шешіп, оларды жарастыратын орын екендігін айтты. Сондай-ақ «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобасын дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас, «Самұрық-Қазына» ХАҚ акционерлік қоғамы корпоративтік орталығында тасымалдау жобасының басшысы Лариса Зямзина, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің өкілі, подполковник Шұға Смағұлова, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаев, «Жастар жетістігі» қоғамдық қорының төрайымы Жақсыгүл Махамбетова және басқа қатысушылар сөз сөйлеп, отбасылық жанжалдан жапа шеккен аналар мен балаларды қамқорлыққа алатын «Үміт үйінің» маңыздылығы мен қажеттілігін баяндады.
Мамандардың айтуынша, Маңғыстау облысында әрбір төртінші әйел күйеуі жағынан зорлыққа ұшыраған. Облыста 4 ай ішінде тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдер саны 868-ге жеткен.
Өткен жылы әйелдерге байланысты қылмыс саны—510. Олардың ішінде жеңіл жарақатпен–99, орташа жарақатпен–317, ауыр жарақатпен–50 адам шағымданған. Бұл тек ресми берілген ақпарат қана. Осындай қиын жағдайға тап болған әйел қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмейді, оларға жәрдем беретін ешкім жоқ. Ал Қазақстанда бар болғаны 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді.
Ақтауда ашылған ағдарыс орталығында тәулік бойы әлеуметтік педагог, кеңесші заңгер және психолог жұмыс істейді. Заңгерлер әйелдерге сот үдерісінде өз құқығын қорғауына көмек көрсетеді. Бұдан былай әрбір зардап шегуші әйел тұрмыстық зорлық құрбаны орталығына хабарласып, көмек және мамандардан кеңес ала алады. Бұл үшін тәулік бойы 42-00-60 сенім телефоны жұмыс жасап тұр. Телефон арқылы маман азаматтарға шұғыл көмек көрсете алады. Барлық ақпарат анонимді түрде, құпия. «Үміт үйі» дағдарыс орталығы осы орталыққа хабарласқан адамдар туралы ақпаратты таратпауға жауапты.
«Үміт үйі» дағдарыс орталығының басшысы Райхан Бекманова уақытша баспананы лайықтап, күрделі жөндеуден өткізген және оны жабдықтауға көмектескен кәсіпкерлер мен барша азаматтарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН