Табиғаттың бір бөлшегі саналатын Адамзат қоғамы үшін ХХІ ғасырдың басты мәселесі – жаһандық жылыну десек, бұл жер бетінде өмір сүріп жатқан тіршілік иесін ортақ үйін құтқару жолында қол ұстаса тұрып тұтасуға шақыратын үлкен бір себеп. Жаһандық жылыну туралы алғашқы болжамдар өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында пайда болып, тұңғыш дерек америкалық баспасөз бетінде жарық көрген соң «жаһандық жылыну» термині өмірге келді.
Содан бері қарай жаһандық жылыну үрдісінің тежелмеуі, қайта үдей түсуі қоршаған ортаға, сонымен қатар адамзат тіршілігіне орасан зор қауіп төндіріп отыр. Ғалымдардың зерттеуінше Жер шары жылдан-жылға қызып барады. Қыза берудің қаупі мұзды мұхитты ерітіп, жер бетін топан су қаптауға әкелетін апатты құбылысқа жол ашатыны белгілі.
Егер бұл қайталанып тұратын қалыпты табиғи құбылыс болса ше? Тап осылай болжаушылардың айтуынша, соңғы екі мың жыл ішінде Жер шарын мекендейтін тіршілік атаулы үш рет жаһандық жылыну кезеңін, үш рет жаһандық суыту кезеңін бастан өткізіпті. Сондықтан бүгінгі жаһандық жылыну кезеңі ұзамай суытуға ұласып, ауа температурасы төмендей бастауы мүмкін.
Иә, сонымен адам санасын сансаққа жетелейтін түрлі-түрлі болжам көп. Деректерге жүгінер болсақ, бұдан он жыл бұрын баспасөз және басқа да ақпарат көздері негізгі аумағы мұздан тұратын Гренландияның жыл сайын 250 миллиард тоннасы еріп буға, одан соң тиісінше суға айналып жатыр деп дабылдатты. Мұздықтардың еру процесі, сонау алыс Гренландия ғана емес, әлемдік картаның бетіне қарасақ өзіміздің іргемізге таяу орналасқан Қырғыз Алатауында да жүріп жатқаны байқалды.
Осы жылынудың салдарынан дүние жүзінде талай апаттар орын алып, 2000 жылдардан бастап Еуропаны топан су басып, мәңгілік мұздақ есептелетін Сібірді құрғақшылық жайлап, тұтас ормандар отқа оранып жатты. Сол кездерде Орталық Ресейде сол орман өрті апатынан тұрғын үйлер жанып, тұтас елді мекендер күлге айналса, 2010 жылы Пәкістанда орын алған алапат су тасқыны жүздеген адамның жанын қиюға себепші болды. Соның салдарынан 20 миллионға жуық адам баспанасыз қалды.
«Апат айтып келмейді» деген рас. Аяқ асты келген апаттың кесірінен, адамдар күнделікті тірлік ырғағынан жаңылып, күнелтіс қорынан айырылып, ол елдерде азық-түлік тапшылығы белең алды. «Жұт жеті ағайынды» дейді қазақ. Жеті жұттың бірі – су тасқыны болса, тасқын судың зардабы – аштыққа, аштықтың арты – індетке ұласты. Сондықтан тасқын судың астында қалған Пәкістан елінде жұқпалы аурулар тарала бастап, апат аймағына айналған мемлекет әлем қауымдастығынан көмек сұрауға мәжбүр болды. Құдай ондайдың бетін аулақ етсін тек тарихи деректерді ақтармалап жаһандық жылынудың адамзатқа әкелген зиянын айтқымыз келіп отыр.
Жаһандық жылынудың негізгі себебі неден? Осы сұраққа жауап іздеушілер оның бірнеше себебін алға тартады. Климаттағы өзгерістерді кейбір ғалымдар Күннің белсенділігінің арқасы деген пікір айтса, екінші біреулері югославтық астроном Миланкович оны жердің күнді айналу орбитасының бұрыштық өзгерісінен көреді. Осындай болжамдар қатарына атмосфераға көмірқышқыл газы мен күкірт қышқылы аэрозолін шығарушы вулкан белсенділігін, Күн жүйесі мен Күннің өзара қарым-қатынасынан туындайтын өзгерістерді т.б. жатқызуға болады.
Ал енді біреулері бұл жағдайды жер шарындағы адамдардың санының өсуінен деген пікірді алға тартады. Бұл пікірдің растығына анық көз жеткізе алмасақ та, 2050 жылы 9 миллиардқа жетеді деп болжанып отырған адамзат ұрпағының табиғи өсу процесі, шынында да, үлкен мәселе екенін мойындамасқа болмайды.
Дегенмен ғалымдардың басым көпшілігі жаһандық жылынудың негізгі себебін ауаға бөлінген техногендік қоқыс қалдықтары – көмірқышқыл газы мен метанның көлемі шектен тыс асып кеткендіктен көреді. Осыдан келіп ғалымдар қазіргі жаһандық жылыну үрдісіне себеп болып отырған кесапат негізінен адам қолымен жасалып отыр деген тұжырымға тоқтаған. Бұл жай ғана айтыла салған жадағай сөз емес, зерттеушілер пікірінше жаһандық жылыну – адамдардың қоршаған ортаға деген жанашырлығының жоқтығынан пайда болған әлемдік маңызы бар күн тәртібіндегі өте қауіпті мәселе!
Өнеркәсіптің қарқындап дамуына байланысты табиғи қазба отын қорын өте үлкен мөлшерде өндіру ауаға парниктік газдың таралуын тудырып қана қоймай, адамдардың арасында демікпе және тыныс жолдары ауруының ушығып, содан көптеп қайтыс болуына әкеліп соғып отыр.
Ғалымдар экологияның шамадан тыс ластануына байланысты ауада пайда болатын парниктік газдар космосқа таралып кетуге тиіс күн энергиясының атмосферада қалып қоюына әсер етуде деген тұжырымға келген. Атмосфераға кері әсерін тигізуші бұндай газдарды индустриясы қауырт даму үстіндегі Қытай және Үндістан, АҚШ елдері көптеп бөлуде және осының әсерінен жер бетінің жылыну процесі жүздеген жылдар бойы жалғаса беруі мүмкін деп санайды. Тіпті осы жағдайдың салдарынан 2050 жылдарға дейін мұздықтардың түгел еріп кету қаупі бар.
Осының бәрін атмосферада CO2 деңгейінің жоғарылауымен түсіндіруге болады. Әрине, бұл – қоршаған ортаның ластануына байланысты және экологиялық ахуалдың нашарлауынан болып отырған құбылыс. Себебі жердің экожүйесі қоршаған ортамен тығыз байланысты. Жыл сайын атмосфераға тікелей адам қолымен 37 миллиард тонна көмірқышқыл газы таралатын көрінеді.
2030 жылға таман Жер планетасының атмосфералық тепе-теңдікті сақтап тұрған екі алып мұздақтағы мұз қалқанының мүлде жойылып кету қаупі бар. Оның бірі – Гренландия, екіншісі – Антарктика.
Одан бөлек көп жылдық мұз қабаттары 4 метр қалыңдыққа дейін қататын Солтүстік Мұзды мұхит және құрлықтардағы биік таулар басында жатқан мәңгі мұз шыңдары бар.
Жыл сайын 250 миллиард тоннаға жуық гренландиялық мұз суға айналып, Атлант мұхитына қосылатын көрінеді. Егер бұл құбылыс осы ретпен жалғаса берсе, теңіздегі су деңгейі үстіміздегі жүзжылдықтың соңына дейін 19–60 см көтеріледі деген болжам бар. Бұл мұхит жағалауларын қоныстанған Азия құрлығы үшін аса қауіпті жағдай болмақ.
Адамзат үшін қауіпті тағы бір мысал жаһандық жылыну салдарынан мұхиттар түбінде мүлгіп жатқан мәңгілік тоңдардың жібуіне байланысты оның қабатындағы метан газдарының ауаға тарауы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, адамзат тіршілігінің экологиялық себеп-салдарларын екшей келе ғалымдар климаттың күрт өзгеруі техногендік дәуір әрекеті көмірқышқыл газы мен метанның ауаға шектен тыс көп бөлінуіне алып келді, жаһандық жылыну негізінен осының салдарынан деген тұжырым жасап отыр.
Сөзіміз жалаң болмас үшін ғалымдар дерегіне сүйенсек, соңғы жылдары көмірқышқыл газының ауаға таралуы 40%-ға артып, метанның таралуы 2 есеге, азот тотығының атмосфераны ластауы 20%-ға өскен.
Бұл маңызды мәселенің алдын алу үшін халықаралық беделді ұйымдар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан түрлі жиын, шаралар ұйымдастырып кеңесталқылаулар өткізіп келеді. Соның ең беделдісі – 1999 жылы БҰҰ-ның Киотодағы халықаралық саммитінде қабылданған «Атмосфераға таралатын зиянды газдарды шектеу туралы хаттама».
Киото хаттамасы – халықаралық деңгейде экологиялық проблемамен бірлесіп күресу жөніндегі адамзатқа ортақ алғашқы маңызды құжат. Содан бері түрлі халықаралық кеңес жиындарда адамзатты алаңдатып отырған жаһандық жылыну үдерісін тежеу, аймақтардағы экологиялық апаттардың алдын алу, құрлықтардағы құрғақшылық қасіретіне тосқауыл қою мәселелері жан-жақты талқыланып келеді.
Киота келісімін іске асыру аясында Копенгагенде өткен конференцияда Қазақстан парниктік газдарды 1992 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2020 жылға қарай 15%-ға, 2050 жылға қарай 25%-ға төмендету бойынша міндеттемелер алып отыр.
Климаттың өзгеру үдерістері біздің еліміздің экологиялық жағдайына да кері әсерін тигізіп, кейінгі жылдары Қазақстан аумағында да ауаның орташа температурасы күрт жылынып кеткені анықталып отыр. Мысалы, Арқаның жергілікті тұрғындары қыстың қақаған аязы мен ақтүтек бораны өзінің қалыпты үрдісінен жаңылып, соңғы жылдары ауа райы өзгере бастады дейді. Ал өзіміздің Ақтауға келсек, қыстай қар орнына жаңбыр сіркіреп, қатты ыстықтың салдарынан жазы жыл сайын құрғақшылыққа ұласып отыр. Ауа райын бақылаушы ғалымдар биылғы жылғы жаздың да қатты ыстық болатыны туралы болжам айтып отыр.
Ауаны улы газбен ластауда әлем елдері арасында жан басы қатты өскен, соған қарай экономикасы қауырт дамып бара жатқан Қытай Халық Республикасы бірінші орынды алып отырса, алпауыт өндірістер орталығы мол шоғырланған АҚШ екінші орында келеді екен. Әлемдік экологиялық ахуалға бейжай қарай алмаған Аспан асты елі ауаға таралатын улы газды 2020 жылы 40%-ға қысқартуды мақсат етіп отырса, АҚШ бұл мақсатта белгілі бір межені ұстанып отырған жоқ. Сондықтан үстіміздегі жылы дүниежүзінің барлық мемлекеттері бірігіп, қоршаған ортаны ластамау туралы жаңа халықаралық келісімге қол қоймақ.
Егер жылыну процесі осы бетімен кете беретін болса, жердің атмосфералық қызуы 150°С-қа дейін көтеріліп, ақыр аяғында адам баласының тіршілігіне қауіп төндіруі мүмкін деседі.
Дүние жүзі ғалымдарының 90%-ы жер бетіне жаһандық жылыну арқылы төнген шынайы қауіпті мойындап отырғанмен, одан құтылудың нақты жолын әзірге ешкім таба қойған жоқ.
Сондықтан адамзат баласы жаһандық жылынуды қалай да тежеу үшін табиғи энергия көздерін алатын желдиірмендер, күн батареяларын, улы газдарды азайту мақсатында электромобильдер секілді түрлі жаңалықтар ойлап табу үстінде. «Жасыл даму» салалық бағдарламасы аясында атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды кем дегенде 5,9%-ға төмендетуге жұмыстануда.
Ғаламдық жылыну салдарынан бүгінге дейін белгісіз болып келген патогендер қоршаған ортаға түсіп, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін екен. Қалай айтқанда да адамнан айла құтылмаған. Әрине, оның ақыл-ойына қозғау салушы – бір жаратушы Алла!
Үміт ЖӘЛЕКЕ