Мемлекеттің негізгі тірегі – ауыл. Ауыл өрнекті өміріміздің айнасы іспеттес. Елбасымыз Н.Назарбаев қиындау кезеңдерде де ауылға ерекше көңіл бөлді. Үлкен басқосу жиындарда ауыл жағдайын сөз етіп, жасалу керек жұмыстарға да бөлінетін қаржы мәселесін шешіп беріп отырды. Үш жыл қатарынан «Ауыл жылы» деп атап, шаруасы ширамай тұрған ауылдардың еңсесі, тұрғындардың көңілі бір көтеріліп қалды. Жұртшылық кешегісіне алаңдамай, ертеңіне сеніммен қарап, іске бел шеше кірісті. Ауылдарға бетбұрыс жасалған соң, кескін-келбеті сәндене, тұрмыс-тіршілігі әлдене бастады.
Тұщыбек ауылы бүгінде көркейіп, гүлденіп келе жатқан елді-мекендердің бірі, бірнеше жылдың ішінде аса маңызды өзгерістер жасалып, тұрғындардың әдеттегі тіршілігі толығымен басқа арнаға бұрылған, халықтың жағдайын жақсарту мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мұндағы әлеуметтік ғимараттардың барлығы жаңарып, ауылдың келбеті келіскен. Жыл өткен сайын шаруасы ширап, халықтың әлеуеті жақсара түсуде.
Отпан селолық округі болып Президентіміздің "Мәдени мұра" бағдарламасы негізінде 2007 жылдың желтоқсан айында құрылған ауылдың 473 тұрғыны бар. Бұған дейін 1960 жылдары 35-40 отбасы ғана орналасқан Тұщыбек ауылы болды. Өнеркәсіптің жетекші саласы, ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы болып табылады. Шаруагерлер жергілікті жердің өнімінен дәм таттырып, тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етіп келеді. Егін шаруашылығы селолық әкімшілік аумақтарында өсіріледі. Шаруасының тетігін тауып, еңбегінің жемісін көріп отырған 3 шаруа қожалығы 5,5 гектар жерге егін егіп, 10 тонна өнім алса, «Сырым балалары» шаруашылығы 600 тал егіп, 5 гектар жеріне қызанақ, қияр өнімдерін екті. Ауылдың ажарын арттыруға атсалысқан бұл қожалық сонымен бірге 200 түп алма, 300 түп ерік ағашын отырғызды.
Бақша дақылдарынан бөлек, ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мал өсіріп, оларды көбейтуге ерекше ден қойып отыр. Селолық округ бойынша қалыпты жұмыс жасап тұрған 6 шаруа қожалығының 3-еуі мал шаруашылығымен айналысады. Мал саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді, қазіргі таңда 91 сиыр, 2815 қой мен ешкі, 722 жылқы, 782 түйе есепте тұр. Мемлекет тарапынан қабылданған шаралардың арқасында мал шаруашылығы саласы біршама тұрақтанды. Соның нәтижесінде мал саны мен өнім өндіру көлемінде, оның ішінде ет, сүт өндіру жақсы жолға қойылған, 12 айда 10 тонна ет, 5,5 тонна сүт, 2 тонна жүн өндірілді.
Тәуелсіздік алған әр жылымыз ауыл азаматтарының жақсы жаңалығын еселемесе, азайтқан емес. Бұл ауылда әлеуметтік сала нысандарының барлығы жаңарған. 2005 жылы еңсесін көтерген Тұщыбек бастауыш мектебі 2008-2009 оқу жылын негізгі орта мектеп болып жұмысын бастады, 2014 жылы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді, жас ұрпақтың тағылымды тәрбие алуына жұмыс жасап тұр.
Адамзат баласының өміріндегі ең бағалысы - денсаулығы. Шынында, тәуелсіздік алған күннен бастап халық денсаулығын жақсарту жөнінде Елбасының алға қойған міндеттерін жүйелі орындау жұмысы мүмкіндігінше атқарылып жатыр. Қиын кезеңдер артта қалып, үміті үкілеген уақыт даңғыл жолға түсті деуге болады. Маңғыстау өңірінде өкпе ауруының көбеюіне байланысты Тұщыбекте науқастарды шұбатпен емдейтін Е.Оразақов атындағы өкпе ауруына қарсы санатория 1963 жылы салынған болатын. Ескіріп, тозығы жеткен, техникалық базасы ескірген ғимарат 2009 жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құралдармен жабдықталды. Сондай-ақ, жаңадан салынған медициналық пункт де халық денсаулығына қызмет етуде. Халық санының өсу пайызы жоғарылап, тұрғын үйлер саны көбеюде, оларға да өз кезегінде уақытымен электр желісі, көгілдір отын жеткізілуде. Ауылдың даму динамикасын жоғарылатудың негізгі бағыттардың бірі – ауыл тұрғындарын тұрақты жұмысқа орналастыру арқылы жұмыссыздың деңгейін төмендету болса, бұл жұмыстар тиісті деңгейде орындалып жатыр деуге болады.
«Жол қадірін жүрген біледі» демекші, 2009 жылы 500 метр жерге автокөлікке арналған жол төселіп, 2012, 2016 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Бұрын жолға шықсақ, көп уақытымыз шұрық тесік жолдың әбігерімен өтетін еді, қазір олай емес. Уақыт үнемделетін болды, көлігіміз де бұзыла бермейді» деген тұрғындардың ауылдың мәселесіне көңіл бөліп, қамқорлық көрсеткен Елбасымызға, аудан басшысына ризашылығы шексіз. Сондай-ақ, 2011 жылы бой көтерген 50 орындық «Аяулым» бала-бақшасы ауыл балаларының тәлім-тәрбие алатын ошағы. Аталған мектепке дейінгі мекеме заман талабына сай жабдықталған. Екі қабатты зәулім ғимаратта балғындар үшін барлық жағдай жасалған. Бірнеше ойын бөлмелері, оқу сыныптары, музыка, бейнелеу өнері залдары және басқа да тұрмыстық-қызметтік бөлмелер бар. Ауыл жұртшылығын қуантатын тағы бір жағдай биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында селоішілік су жүйесі жүргізіліп, халық таза ауыз судың дәмін татпақ.
Қиын-қыстау уақытта ертеңі түгел бүгінгі күніне алаңдайтын халықтың қазіргі жағдайы тіптен өзгеше. Бұрындары үлкен кісілерден «шелектеп қи-күбір тасып, күл төгетін едік, далаға от жағып тамақ пісіріп, үйдегі бір пешті айнала отбасымызбен отырып жылынушы едік» дегенді көп естиміз. Ал, қазіргі халыққа жасаланып жатырған жағдайлар бұның бәрін көз алдымызға ертегідей қылып елестетеді. Иә, тәуелсіз елдің әр күні осындай болса керек. Егемендік алған жылдармен бірге еңсесін тіктеп келе жатырған ауылдың жақсы жаңалықтары азаймасын.
Айгүл РАХМЕТОВА