Облыстың кәрі шаңырағы - Маңғыстау ауданының тоқсан жылдық торқалы тойы кешелі бүгін көрген жұртты тамсандырып, тау мен тасқа ән салдырып жоғары деңгейде өтті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, тоқсан күн бұрын дайындықты бастаған аудандықтар мен алыс жақыннан көгеннен босаған қозыдай ағылған қонақтар тойдың қызығына қанбай қимай тарасты. Аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекенің әр сәті той қонақтарын әрбірінің көңілдерін көкке көтеріп, рухани демалыс сыйлады деуге болады. Ауданның тоқсан жылдығында бірнеше әлеуметтік нысандар халықтың игілігіне берілді.
Ғасырға қадам басқан құт мекеннің думанды мерекесі сол әлеуметтік нысандардың ашылуынан бастау алды. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов алдымен Тұщықұдық ауылына кіреберіс, Шетпе-Қызан бағытындағы және Жыңғылды–Шайыр–Шерқала тас жолдарының құрылыс жұмыстарымен танысқан соң Жыңғылды ауылында "Самырұқ–Қазына" ұлттық әл ауқат қоры" акционерлік қоғамының демеушілігімен салынып жатқан ашық спорт алаңында болды. Мұнан соң өңір басшысы Тұщыбек ауылында төрт отбасын қуанышқа бөлеген сәттің куәсі болды. Төрт пәтерлі муниципалды үйдің пәтерлерінің кілтін қуаныштан жүздері бал-бұл жанған үй иелеріне табыстаған Е.Лұқпанұлы тұщыбектіктерді көпке ортақ ұлы мереке – ауданның тоқсан жылдығымен құттықтап, үйлеріне береке – бірлік тіледі.
Облыс әкімінің сапары Ұштаған ауылында жалғасын тауып, ұштағандықтардың да баспаналы болған қуаныштарына ортақтасты. Ауылдың әлеуметтік нысандарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысқаннан соң ауыл тұрғындарымен кездесті. Ауыл мәдениет үйінде өткен кездесуде жергілікті тұрғындар облыс басшысымен еркін сұқбаттасып, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Елдімекендерді аралағаннан кейін облыс əкімі Е.Тоғжанов аудан орталығындағы Б.Елемесованың жекеменшік балабақшасының лентасын қиды. Ауданның 90 жылдығында ашылған бүлдіршіндер ұясының салтанатты ашылуында сөз алған облыс əкімі биыл аудандағы бөбектердің балабақшамен қамтылуы 100 пайызға жететінін айтты. Жыл аяғына дейін аудан орталығында тағы да екі балабақша пайдалануға беріледі деген облыс əкімі балабақшаға теледидар сыйға тартты. Ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз А.Құрмашев ауыл тұрғындары атынан облыс, аудан басшылары мен жеке кәсіпкерге алғысын айтты.
Кəсіпкер С.Мұңалбаевтың демеушілігімен салынған Шетпе-1 елдімекеніндегі ашық спорт алаңының ашылу салтанатында болған облыс əкімі командааралық футболдан ашық біріншілікті бастап берді.
Орталық алаңға ауданға қарасты барлық ауылдар мен дербес бөлім, мекемелердің тіккен алты қанатты ақ ордалары мен темір сүйекті қазақ үйлер қалашығында тойдың қызған тұсында облыс әкімі сахна төріне көтеріліп, аудан халқын құттықтап, өңірдің өсіп өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан бірнеше аудан тұрғындарын марапаттады. Мұнан соң аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров барша халықты мерейлі мерекемен құттықтап, «Маңғыстау ауданына – 90 жыл» мерекелік медалі мен "Ауданның құрметті азаматы" атағына лайық кісілерді мінберге көтерді.
Киіз үйлер қалашығында ауылшаруашылығы өнімдері мен аудан тарихынан сыр шертетін құжаттарды сөйлеткен көрме көпшілік назарын өзіне аудартпай қоймады. Ауданнан шыққан бірнеше сазгердің шығармашылығын насихаттаған «Сөз бен саз» бағдарламасын күннің салқындығына қарамай соңына дейін тамашалағандардың қарасы көп болды. Мақпал түннің қою қараңғылығын ғажайып сәулелерімен қақ жарған от шашу да тойшы қауымның көңілінен шықты.
Аламан бәйгеде алдына қара салмаған «Ақсұңқардың» иесі ақтаулық сейіс Абдуллаев Алдаберген бас жүлде Гранта автокөлігін иеленді. Мәреге екінші келген тұщықұдықтық атбегі Бөлтеков Әлекенің жүйрігі «Ақтолқын» мотоцикл, үшінші орынның жүлдесі - тоңазытқышты жаңаөзендік Қалдаманов Исенбайдың «Бесқасы» қанжығасына байлады.
Тоқсан жастың төріне өсу мен өркендеудің нақ үлгісіндей болып жеткен ақсақал ауданның тойы осылайша әр жүректе бірлік отын маздата білді.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА,
Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63403,63406,63408"]