Желбірей бер, Жеңіс жалауы!
[ 2017 ] 9 мамыр, 13:51 | Жаңалықтар
Қаншама үйдің тірегін құлатып, мыңдаған шаңырақты шаттығынан айырған, бүкіл ел аты өшкір деп қарғаған қан қақсатқан соғыстың жеңіспен аяқталғанына 72 жыл. Халықтың басына қара бұлттай үйірілген екінші дүниежүзілік соғысқа өңірімізден алты мың ер азамат аттанғаны тарихтан белгілі. Толарсақтан қан кешіп, шыбын жанын шүберекке түйген жауынгер, Отан үшін оққа төсеген кеудесінде самсаған медальдері жеңістің қуанышты сәтін, иықтарына асқан шолақ қолдары соғыстың сұрқия сәттерін еске түсіретін соғыс ардагерлерінің көбі келмеске кетіп, енді бірі жағалауда тұрғаны өкінішті әрине. Ауданда сұм соғыстың сесін көрген төрт соғыс ардагері мен 197 жеңіс тұғырын тылда қалаған ардақтыларымыз бар.
Бүгін орталық алаңда өткен «Ерлігі елге мұра, ұрпаққа өшпес өнеге» мерекелік шарасында өрімдей болса да қолына қару алып майданға аттанған жауынгерлердің рухына құран бағышталды, туған жердің топырағы бұйырмаған ел мен жер амандығы үшін көкірегін оққа тосқан боздақтарға тағзым еттік. Көпшілік соғыстан оралмаған боздақтардың есімі жазылған тақтаға гүл шоқтарын қойған соң, аудандық мешіттің бас имамы Іздібай Қобыланов құран оқып, бақилық болған барша майдангерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
- «Ұлы Жеңіс күні аға ұрпақтың ұлы ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бұл жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де – осынау мерекенің жемісі.
Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Ал бейбіт күндерде еліміз бен ауданымыздың игілігіне адал еңбек еттіңіздер. Қандай шаруаға да белсене қатыстыңыздар. Бүгінгі күні де біздің ортақ істерімізден шет қалмайсыздар, даңқты ерлік дәстүрлеріне адалдық пен патриотизм, қаһармандықтың лайықты үлгісі болып келесіздер.
Біздің парызымыз — бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін ұғынып, қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсетіп, жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді жасаймыз.
Қадірлі ардагерлер, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, құт - береке, туғандарыңыз бен жақындарыңызға бақыт тілеймін!- деген аудан әкімі Ж.Айтуаров тыл ардагерлерінің қолын алып айрықша рахметін айтты.
Аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Нұрлан Таңбаев жиналғандарды қос бірдей қуатты мереке -Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 72 жылдымен құттықтады.
Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат ұжымының дайындаған соғыс жылдарындағы жалғызынан айырылған ананың зары, жарынан айырылған жесірдің мұңы, бес бірдей арысынан айырылған бейбақтың соғысқа айтқан лағнетін көз алдымызға әкелген сахналық қойылым көзге жас үйіріп, соғыстың салқынына тоңып өскен қарияларды терең күрсінтті.
Соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлікті, елде қалған мұңлықтардың сағынышын, тылдағы тынымсыз еңбекті дөп басып суреттеген отты өлеңдер оқылды, тақырыптық әндер шырқалып, Жеңіс таңы атқандағы қуанышты сәттерді суреттеген би қойылымдары көпшіліктің көңілінен шықты. «Каспий Цемент» ЖШС мен аудан әкімдігіне қарасты кәсіпорындар тіккен темір сүйекті қазақ үйдің бірінде тыл ардагерлеріне дастархан жайылып, бірінде мерекеге жиналған көпшілікке арнап мерекелік ас таратылды.
Жыл он екі ай бойы елімізде аталып өтілетін мерекелердің әрқайсысының өзіндік салмағы мен сәні, мазмұны мен мәні бар. Бүгінгі мерекенің салмағы солардың барлығынан да басым. Өйткені, бұл мереке адамзат тарихындағы ерен ерліктің мерекесі, Отанға деген махаббат пен сүйіспеншіліктің шыңының мейрамы. Отан үшін от кешкендердің биік мәртебесі мен асқақ рухына тағзым ету біздің басты парызымыз боп қала бермек.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА
1685
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.