©
Осынау оның үлкенді-кішілі сахна төрінде ән шырқағалы алпыс жылға жуық уақыт ішінде Әбіл Жұмағалиев туралы, көп айтылды, көп жазылды, көгілдір экран көзден таса қылған жоқ. Атақты әншінің айтылмаған сыры, жазылмаған жыры жоқ секілді. Мен де оған арнап талай рет мақала, өлең жаздым. Бұл күндері де өткен күндер елестері қағаз бетіне жетеледі. Жыл асқан сайын өткен өмір естеліктері адамға ерекше ыстық болады екен. 1958 жылдың мамыр айы. Ауыл көркемөнерпаздарының, мектеп оқушыларының Ұлы Жеңіс күніне арналған сауық кеші өтіп жатты. Осынау бір шағын клубтың шаңырағынан ән тасып, күй құйыла берді. Иә, халық іші өнердің алтын қазынасы ғой. Міне бір сәтте сахнаға жіті басып он-он бір жастағы аққұба жүзді, қызыл галстукты бір бала шықты. Отты көздерімен зал ішін бір шолып еді, көңілі қобалжып кетті. Алдыңғы қатарда анасы Зәкүн отыр екен. "Қайтер екен" дегендей анасының жүзі сәл ғана қуқыл тартып, өзгеше бір мейіріммен қарайды. Бұл әнші бала Әбіл болатын. Ғарифолла Құрманғалиевтың екі әнін құйқылжыта шырқады. Ән құйындай ұйытқып зал ішін қапелімде кернеп кеткендей болды. Көрермен қауым: "Мына баланың аяқ алысы басқаларға ұқсамайды екен, даусы қандай ашық десіп жатса, қайран ана "Сен әкең Жұмағали қайтқанда бір жасқа жетер-жетпесте қалып едің-ау, түбінде әкеңнің атын шығаратын сен боларсың, құлыным" деп концерттен кейін оның бетінен сүйіп-сүйіп алды. Сол жылы Тұщықұдық ауылына гастрольдік сапармен Қазақстанның халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев өз нөкерлерімен келе қалды. Ол кезде ауылда қонақ үй дейтін болмайды, Ғарекеңді осы қалай деген бір үй күтіп алды. Ғарекең көңілді. Әлден уақытты үй иесі: -"Ғареке, ұят болмаса, біздің ауылда Сіздің әндеріңізді шырқайтын бір бала бар. Шақыртайық, тыңдап көріп, көңіліңізден шықса, ақ батаңызды берерсіз, бәлкім,-деді. -Алып келіңіздер, ел іші-өнер кеніші деген емес пе,-деп Ғарекең көзін әдеттегісінше бір ойнақшытып айналаға бір қарап қойды. -Әбілжан сені Ғарекең шақырып жатыр. -Неге? -Сені көргісі келеді, әніңді тыңдағысы келеді. Әбіл алғашында тартыншақтап ыңғай білдіре қоймады. Анасы Зәкүн "Қырықтың бірі қыдыр" деген, жүр екеуіміз де баралық, үлкен кісінің аузы дуалы болады,-деп Әбілді алып келді. Ғарекең қасына алып отырғызды. Ол шәй үстінде сүйектелген мүйізді өз домбырасын Әбілге ұсынып: -Қане ұялмай, жасқанбай ән салып жібер, мен де өзіңдей адаммын,-деп күлімсіреп әңгімесін көп созған жоқ. Сәл ұялшақтап Әбіл Ғарекеңнің екі-үш әнін екпіндете шырқады. Бойға қуат, ойға қанат бітіретін ән бұлағы төгілді. Бала сүйрік саусақтарымен домбыра пернесінде еркін көсілді. Жантайып жатқан Ғарекең, ұшып тұрды. Алдындағы құс жастығын бір умаштап алды да: -Ой, айналайын, даусыңда иненің жасуындай бір жарқыншақ жоқ, мөлдір де таза, тағы бір ән айтшы, -деді. Енді Әбілдің арқасы қозғандай қанатын кеңге серпіп тастап, аққу құстай қалықтаған ән бір сәтте шарықтап барып кілт тоқтады. Үйдегілер қол соқты. Сонда Ғарекең: -Мына бала құм ішінде құмығып далада қалып қоймасын, мұны Алматыға алып кетіп тәрбиелеу керек, болашағы айдынды, дарыны айбынды,-деп анасы Зәкүнге қарады. Қызыл-жасылды киінген, өзі де көркем кескінді Зәкүн ана: Ол айтқаныңыз бөтен емес қой, қаршадай баланы көзім қиып әзір жібере алмаймын. Ағасы Жалғас деген балам да әлі жас,-деді. Ғарекең бұдан соң: "Иә, ана жүрегін мен сеземін, ал қарағым шабытың шайқалмай, өнерің өрге жүзсін, құдай қаласа әлі кездесерміз" деп жүрек жарды ақ батасын берді. Көкірегіне әншілік құсы ұялаған Әбіл жетінші сыныпты бітірген соң Атырау музыка училищесінің баян класында оқыды. Бұдан соң араға бірнеше жыл салып, Қазақ мемлекеттік консерваториясының /қазіргі ұлттық консерватория/ ән сыныбын профессор Бекен Жылысбаевтың жетекшілігімен бітірді. Содан соң "Қазақконцерт" бірлестігінде әнші, Тараз қаласындағы филармонияда әншілік қызметін жалғастырды. Ал 1978 жылы туған жерге оралып, Ақтаудағы "Ақ шағала" ансамбілін бастап жүрді. Әбіл Алматыға өнер қуып кетердің алдында Батыс Сібір әскери бөлімшесінде сарбаздық жолдан өткені де бар. Сонда ол Мәскеуде өткен Кеңес армиясы өнерпаздарының фестивалінде Абайдың "Айттым сәлем қаламқас" әнін шырқап, бас жүлдені жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Сол 1978 жылдың аяқ шенінде Маңғыстау ауданы Әбілді мәдениет үйінің директорлығына шақырып, аудан көркемөнерін бір серпілтті. Бұдан соң аудандық мәдениет бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Әбіл 1978 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесінің күміс жүлдегері, бірінші және екінші Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдарының лауреаты, облыстық деңгейде әр жылдарда өткен 33 байқаудың жүлдегері атанды. Сондай-ақ 1986 жылы Ғ.Құрманғалиев атындағы аймақтық әншілер байқауының лауреаты, 1996 жылғы Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық әншілер байқауының лауреаты, 2002-2004 жылдары Алматыда өткен Майра Уәлиқызы атындағы халықаралық әншілер конкурсының екі рет дипломанты болды. Әбіл әнші, домбырашы ғана емес, елге мәлім актер. "Тас-талқан", "Жаяу Муса", "Жаралы гүлдер", "Ақбөбек", "Кәусар", "Біздің Ғани", "Төрт бойдақ, бір қыз", "Қолға түскен шайтандар", "Сырласу", "Еңлік-Кебек", "Кімнің тойы" пьесаларында негізінен басты рольдерді сомдап, көрермендер көңілінен берік орын алды. Әбіл де Маңғыстау аудандық халық театры үшін барынша тер төкті, еңбек етті. Ол өз кейіпкерлерінің ойлану толғану сәттері, сөйлеу мәнері, іс-қимыл әрекеті, психологиялық жан-дүниесін нанымды, жанды жеткізіп пинетерпретациялық орындаушылық шеберлігімен әрдайым ұштастыра білуге құштарланды, көп ізденді. 1971 жылы Атырауда өткен облыстық фестивальде Мұқан Төлебаевтың "Біржан-Сара" операсынан үзінді қойылып, Әбіл Біржан ролінде ойнап театрдың жүлделі орын алуына қол жеткізді. Мұндай опералық шығармаға облыста ешкімнің тісі батпаған еді. Соңғы жылдары да Әбіл Алматыда өткен "Маңғыстау мақамдары", Астанадағы "Сәлем саған Астана" тақырыбымен өткен Маңғыстау күндеріне екі рет қатынасты. 1980 жылы Әбіл "Отпан фольклорлық ансамбілін бастап Венгрияға барып қайтты. Мұнда ансамбль Венгрияның Шаторльяухей қаласында өтіп тұратын "Земплен" фольклорлық және би фестивалінде Қазақстаннан тұңғыш рет қатынасып қайтты. Концерт бағдарламасында неміс композиторы Иоганнес Брамстың "Венгр билерін" шеберлікпен орындалған еді, Әбіл домбыраға қосты. Ол 2015 жылы "Қаражамбасмұнайгаз" ашық акционерлік қоғамының жолдамасымен бір топ мәдениет қызметкерлері болып Қытай Халық Республикасында болып қайтты. Сонда ол Пекин Шанхай ұлттық консерваторияларында болып, "Аспан асты елінің" музыкасымен танысты. Әбіл өмір бойы өзін тым қарапайым ұстап, дандайсу, өзін өзі мақтау марапаттау дегенді білген емес. Атақ даңққа ұмтылу, марапаттар алуға тырысу оның арманы болмаған. Дәстүрлі ән айтудың өзіндік мектебінен өткен ол эстрадалық ән айтуға да шебер. Жаңа стильмен, жаңа ырғақпен шыққан әндерді ұнатып орындайды. Фортепиано, домбыра, саз сырнай тағы да басқа музыкалық аспаптарды толық меңгерген Әбіл Ш.Қалдаяқтовтың, Ә.Бейсеуовтың, Н.Тілендиевтің, М.Маңғытаевтың қырықтан атам әндерін шырқайды. Иә, әншілік өнер құдайдың берген сыйы, үлкен қасиеті, құдіретті дүниесі. Ол мөрмен, қол қоюмен берілмейді. Ешкімді қайталамайтын баяғы жиырма бесіндегі ашық жарқын өзіндік диапазоны кең дауысы, үні жетпісінде сол қалпы. Таңданбай көріңіз...! Әбіл сахна төрінде өнер гүлін халқына шашу еткелі жоғарғы орындардың алпысқа жуық Құрмет грамоталарын, мақтау қағаздарын алыпты. Елбасының "Алғыс хаты", "Маңғыстау ауданының және Шебір ауылының құрметті Азаматы", "Еңбек ардагері" тағы да басқа бірнеше медальдары да бар. Көп ретте біз адамды уақыт білейді деп жатамыз. Жо-жоқ, бұл қағидаға келісе беруге болмайды. Әбіл сияқты асыл текті адамдар уақытты алға жетелейді. Бұл күндері аудандық мәдениет үйіндегі ұжымдастары "қол аяғын байлағандай" жібермей, көркемдік жетекші етіп қызметке қалдырып, Әбіл де уақытты алға жетелеп келеді. Ал оның әнмен жазылған өмірбаяны ортаймай ойдан қырға әуелеп, әуендетіп барады...Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі