©
Жақында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тұмышевтің қатысуымен партияның Мұнайлы аудандық филиалының кезектен тыс XХ партия конференциясы өтті. Конференцияның күн тәртібіне партияның аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен екі мәселе ұсынылды.
Ол мәселелер- Президентің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауын және билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу туралы Конституциялық реформасын түсіндіру, насихаттау және «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс XХVІ партия конференциясына делегаттар сайлау туралы болды. Конференцияны партияның аудандық филиал төрағасы Н.Тәжібаев жүргізді. Оған партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, Бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар, партия белсенділері мен ардагерлері, аудандық мәслихат жанындағы партияның фракция мүшелері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Мандат комиссиясының хабарламасынан соң сөз алған аудандық партия филиалының төрағасы Н.Тәжібаев «Мемлекет басшысының 27 қаңтардағы Үндеуінде жарияланған Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу, екі бағытты қамтитын реформа - мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртып, елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағы үшін қабылдаған жаңарудың жаңа қадамы деп білемін.
Президентіміз "Конституция – халық пен биліктің арасындағы басты шарт. Ол мемлекеттік құрылымды бекітуші, адам мен азаматтың құқықтарын жария етуші және қорғаушы басты құралы" деп айтқан болса, 31 қаңтар күнгі «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтіп, әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуы тиіс екендігін атап өтті. Жолдауда көрсетілген міндеттер еліміздің әр азаматына уақыт талабына лайықты ұсынылған және біз елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі бұл міндеттерді орындауымыз қажет»,-деп Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына тоқталды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Сахипов баяндама жасады. Конференция делегаты, аудандық мәслихат хатшысы Б.Назар да тақырыпқа орай пікір білдірді. Екінші мәселеге орай, партияның облыстық филиалының кезектен тыс XХVІ партия конференциясына делегаттар тізімі таныстырылып, бірауыздан сайланды. Аудандық партия филиалы төрағасы тарапынан делегаттар құрамына оқушылар орталығы мен балабақшалардан, теміржолшылар мен ардагерлер және депутаттардан да енгізу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды.
Жиын барысында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тұмышев те сөзге шығып «Жыл басынан бері елімізде бірнеше маңызды оқиғалар орын алды. Ең біріншісі Елбасының халыққа арнаған Жолдауы, онда Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан серпілісі жайында айтып өткен болса, екіншісі Конституцияға өзгеріс енгізу жайы болды. Президенттің өз қолындағы билігін Парламент пен Үкіметке бөліп беруі - бұл тарихта болмаған нәрсе. Үшінші оқиға Жолдаудың кейінінен жарияланған - рухани жаңғыру. Адамның ішкі дүниесі жаңғырмайынша, экономикалық жаңғыру да қиын. Сондықтан бұл мақала уақытында шықты деп ойлаймын. Соны әрқайсысымыз жүрегімізбен түсініп, өсіп келе жатқан жастарға жеткізе білуіміз қажет»,-деді.
Нұри Лазарұлы бұл басқосуға дейін аудан әкімі, мәслихат хатшысы, партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарымен бірге аудандағы бірнеше мекемені аралап, ауданның бүгінгі тынысы туралы ақпарат алды. Алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимаратына бас сұғып, орталықтың және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің, әлеуметтік төлемдерді ведомоствоаралық есептеу орталығының аудандық бөліміндегі жұмыс барысын көрді. ХҚКО-ның бұрынғы мекен-жайына да барды. Нысанда орналасқан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде, жұмыспен қамту орталығында болып, әлеуметтік мәселелердің шешілу жайымен танысты.
Шахида ЖҰМАН