Жақын күндерде аудан орталығында жаңа кинотеатр қолданысқа беріледі. Осы хабар шыққалы арада бірнеше ай өткені рас. Аудан тұрғындары аталмыш кинотеатрдың ашылуын асыға күтті. «Сүйінші хабардың соңы не болмақ?» деген сұрақты аудан әкімі Айдос Таңғалиұлына арнайы қойдық. Енді міне, бірнеше күндерде осы айтылған кинотеатрдың есігі ашылып, тұсауы кесілмек. Себебі – дәл бүгінгі күні кинотеатр залын ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. - Үнемі бақылап, іске асуын қадағалап жүргеннің өзінде осыншама уақыт кетті. Жастар жылына дейін тапсыруға талап қойып отырмыз. Ішкі залында металл құрастыру жұмыстары бітсе, ертең ағаштармен қаптау, қабырғаларын сәндеу жұмыстары жүреді. Сәнді орындықтар, заманауи техникалар орнатылады. 16 желтоқсанда сынақтан өткізіп, жылдың аяғына дейін бітіретін боламыз, - деген аудан әкімі Айдос Хамиев осы уақытқа дейін қаржылық мәселелерді шешуде уақыттың қажет болғанын жасырмады. – Кейбір кинотеатрларда екінші экран деген түсінік бар. Жарыққа шыққан киноларды бірнеше уақыттардан кейін ғана көрсетіп жатады. Біздің Форт-Шевченконың кинотеатры алғашқы экран болады деп тұрғындарымызды қуанта аламыз. Нұр-Сұлтан, Алматы, Москва, тіпті Нью-Йорктың кинотеатрларында көрсетіліп жатқан алғашқы көрсетілімдер біздің кинотеатрдан да уақытында жіберіліп тұрады. Сонымен қатар, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде кино көрсету де жоспарда бар. Көрермендерге барлық қолайлы жағдай жасалады, - деп сөзін толықтырған аудан басшысы болашақта кинофестивальдер өткізіп, елімізге танымал қонақтарды қаламыздың төріне шақыру жоспарда бар екенін жеткізді. Бұл жұмыстар жүзеге асса қаламыздағы қонақ үй, дүкен жұмыстары жанданып, туризм бағытының дамуына да септігі тиіп, қаламызды жаңа қырынан таныту мүмкіндігі болатынын және айтты. Оқи отырыңыз: Қарақияда желқондырғылар салына бастады Кинотеатр қала орталығындағы бұрынғы «Жұмыспен қамту орталығы» ғимараты ішінен бой көтереді. Бұл 1999 жылға дейін жұмыс жасаған «Зарья» кинотеатрының орны екендігін жергілікті тұрғындар айтып жүр. Ендігі ашылатын жаңа кинотеатр «Жалын» кинотеатрлар желісі негізінде, мемлекеттік жеке меншік әріптестік бойынша жүзеге асады. Облыс көлемінде аудандар арасында алғаш ашылатын кинотеатрда бір сәтте 150-200 адамды қамту жоспарланған.
Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ