©
Жылдағы дәстүрмен Маңғыстау ауданы әкімінің халық алдында есеп беру кездесуі биыл да Ақшымырау ауылынан басталды. Өткен жылғы санақ бойынша 1471 тұрғыны бар Ақшымырау ауылында есепті кезеңде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтқан ауыл әкімі Қайырболат Сыдиықұлының сөзі тұрғындарға есеп беру баяндамасында нақтылана түсті.
Мемлекеттің басты байлығы саналатын халық денсаулығынан бастайтын болсақ, он жыл бұрын халық игілігіне берілген дәрігерлік амбулатория тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. Бастысы, табиғи өсім бар, ана мен бала өлімі тіркелмеген. Жалпы ауылда жүрек қан тамырлары ауруы бойынша есепте тұрған 116 адам, қант диабетімен есепке алынған 65 адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен ауылда дәрігер маман жоқ, көршілес Қызан ауылының екі дәрігері қатынап қызмет көрсетуде.
Ауыл жастарының мұрындық болуымен бой көтерген «Қаралда Балуан» атындағы спорт кешені тәрбиеленушілерінің бірер жылда бағындырған белестері аз емес. Ауылдың жиырма жасөспірім баласы Ақтөбе, Астана қалаларында өткен жарыстардан жүлделі орындар иеленді. Таушықта, Жаңаөзенде кикбоксингтен өткен жарыстан 19 бала олжалы оралса, Ақтауда өткен ҚР чемпионатында Жанайысов Айбек 1 орынды иеленді.
Ауыл мектебіне жөндеу жұмыстары жүргізілді, орталықтан ауыл тарихында алғаш рет дәріхана ашылды. Сондай-ақ ашылған тойхана, шаштараз, автокөліктерге қызмет көрсету орталықтары ауылда кәсіпкерліктің қанат жайып келе жатқандығының айқын көрінісі болып отыр. Ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы ауыл тұрғындары Сағындықов Ақнияз, Жолдасов Серік, Қарашова Нұрсұлу әрқайсысы 3 миллион теңгеден несие алды.
Ауылдың инженерлік инфрақұрылымы дамыған, ток, көгілдір отын, ауыз сумен толықтай қамтылған. Жолаушылар тасымалы да жолға қойылған, аудан, облыс орталығына автобустар тұрақты жүріп тұр, былтырдан бері жеке таксилер де халыққа қызмет көрсете бастады.
Былтырғы есеп бойынша ауыл тұрғындарының меншігінде 2011 бас түйе, 4875 бас жылқы, 12691 бас қой мен ешкі, 96 сиыр тіркелген. Күнелтісін төрт түліктен тапқан ағайынға қолжетімді бағамен мал азығын жеткізу үшін жасалған меморандум бойынша бір тай шөп 300-400 теңгеден сатылса, 1 қап жемнің бағасы 700-750 теңгеден жеке кәсіпкерлер арқылы сатылып отыр.
– Өткен жылы жасалған осындай қызметтер келер жылы да жалғасын таба бермек, – дейді ауыл әкімі.
Ауыл әкімінің биыл жасалатын жұмыстарының тізімінде саябақты күтіп-ұстау, жаңадан көшет отырғызу, халыққа қызмет көрсететін инфрақұрылым жүйелерінің сапалы және тұрақты қызмет етуін қадағалау, әлеуметтік аз қамтылған, мүжәлсіз отбасыларға көмек көрсету, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, Елбасының тапсырмасына сәйкес ауылда кәсіпкерлікті дамыту, «Қазба-Ақшымырау» су құбырын тарту жұмыстарын қадағалау, ауылшаруашылығын дамыту сынды жоспарлы жұмыстар бар болып шықты.
Мұнан соң ауыл тұрғындары Маңғыстау ауданы көлемінде тауық жылы атқарылған қызметтер тізбесімен танысты. Баяндамашы Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаров жеткен жетістігімізбен кеткен кемшілігімізді саралап берді. 2017 жыл еліміз үшін де, ауданымыз үшін де табысты жылдардың бірі болғаны рас. Әсіресе аудан көлемінде ашылған әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар мен пайдаланылуға берілген жолдар, спорттағы, мәдениеттегі жетістіктеріміз ауданның өткен жылғы келбетін келістіре түсті.
Есеп беру кездесуде байқағанымыз, жыл өткен сайын тұрғындар жеке бас қамын күйттейтін сауалдарды сиретіп, елдік маңызы бар мәселелерді қозғауға көшкен. Осы- дан бірер жыл бұрын ауылда мұқтаж нәрселердің тізбесі болатын, қазір олардың барлығы іске асқан, енді ауыл ақсақалдары мал мен жанның амандығын ғана тілейді. Бұл сөзімізді ардагер-ұстаз Мырзабай Жұмахановтың пікірі қуаттай түскендей. Маңғыстау ауданы әкімінің есебін тыңдағаннан соң пікір білдірген ұстаз: «Ақшымырау бүгінде облыс орталығының бір шағынауданы іспетті. Ауыл тұрғындарына барлық жағдай жасалған, дегенмен ауыл, аудан басшылары бұл жетістікпен тоқтап қалмай, одан әрі дамыту үшін іскерлікпен қызмет ұйымдастыру керек. Қос әкімнің өткен жылғы жұмысын толық қанағаттанарлық деп бағалауға болады» деп сөзін түйіндеді.
Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Хасан Назаров әкімдердің атқарған қызметіне жоғары баға беріп, «Қаралда балуан» атындағы спорт кешенінің құжаттарын реттеуді күн тәртібінен түсірмеуді тапсырды. Ауыл тұрғыны Таубай Сейітов жаңадан салынған үйлерге ауыз су құбырын тартуды сұраса, еңбек ардагері Қаби Қалыңбаев ауыл тазалығына алаңдайтынын жасырмады. Ауыл іргесінен мұнай өндіріп жатқан «Коммұнай» ЖШС-нің өндірістік қалдықтарын өртейтін орын ауыл маңынан белгіленіпті деген әңгіменің рас, өтірігін анықтап, рас болған жағдайда бұл өрескел қателік екенін айтып, жол берілмеу керектігін назарға берді.
Ауыл тұрғындарының ұсыныс, пікірлерін тыңдаған Маңғыстау ауданы әкімі тиісті жауаптарын берді. Мәселен, ауылдың жаңа көшелеріне ауыз су құбырын тарту мен спорт кешенінің құжаттарын реттеу биылдан қалмайтынына сендірді.
Түстен кейін есеп беру Қызан ауылында жалғасын тапты. Алдымен Қызан ауылының әкімі Қонай Сүлейменов ауыл тұрғындары алдында 2017 жылы атқарған қызметінен есеп берді. Бозашының төрт ауылының бірі – Қызан бүгінде қанатын кеңге жайған ауданның бақуатты ауылдарының бірі. Ауылдағы 340 отбасында 2052 тұрғын есепте тұрады. Жан басы өскен ауылдың мал басы да өскен. Бүгінде 10849 ұсақ жандық, 4430 бас жылқы, 2200 бас түйе, 121 бас сиыр қызандықтардың шаруасын шырайлы, көңілін тоқ, көйлегін көк қылып отыр.
Ауылдағы әлеуметтік нысандар салыстырмалы түрде көпшіліктен көш ілгері келеді, Маңғыстау ауданындағы жалғыз он төсектік ауылдық аурухана да осы ауылдың тұрғындарына қызмет етеді. Өткен жыл ішінде бесік тойын тойлаған 82 отбасының қатарында егіз сәбилердің де ата-анасы бар.
Ауыл спортының жетістіктер жылнамасы жыл өткен сайын қалыңдай түскен, бүгінде ауылда шыңдалған спортшылар есімі мақтанышпен аталады. Б.Қалдыбаев, Ө.Селбаев, Д.Шыныбеков, Ж.Ұлғатов, Р.Иванов, А.Жұбатыров сынды спортшылардың ізін жалғаған жас спортшылар да жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Өткен жылы атқарылған қызметтердің ішінде айта кетерлігі көптен айтылып жүрген ауыл көшелеріндегі подстанциялардың жаңартылуы болды. Бұл бағытта әлі де жасалатын жұмыс көп.
Ауылда кәсіпкерлікті, оның ішінде ауыл шаруашылығы бағытын дамыту күннен күнге дамып келеді. Ауыл көлемінде 21 шаруа қожалығы төрт түлікті түлетуден нәпақасын итауып отыр, егін шарушылығына да бетбұрыс жасалып, «Алтай ата» қожағалы Тума жеріне егін салуды бастағалы отыр. Мал азығын дайындаушылар жыл сайын жоспарлы түрде шөп шауып, қысқа берік жем-шөп қорын даярлауға үлес қосуда.
Тұрғындардың табиғи өсімі бір қалыпты, жастар ауыл өміріне белсене араласып келеді, азаматтар қолға алған іргелі іс - ауыл орталығынан бой көтерген спорт кешенінің тоқ, жылу жүйесін жүргізуден басқа жұмыстары бітіп тұр.
Маңғыстау ауданының тоқсан жылдық торқалы тойына толайым табыстармен жеткен қызандықтар мерейтойды ауылішілік асфальтпен, жаңа спорт кешенімен, жылыжай және құрылысы аяқталуға жақын 4 пәтерлі тұрғын үйдің ашылуымен қарсы алмақшы.
Осындай жұмыстар жөніндегі ауыл әкімінің есебінен соң жиынға қатысушылар Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаровтың баяндамасына ден қойып тыңдады. Барлық саладағы ілгерілеушіліктер мен алдағы жоспарға қанық болған тұрғындар ұсыныс-пікір айтуға көшті. Танашев Ақылбек кәсіп ашу үшін рәсімделетін несиеге қажетті құжаттардың созбаққа салынып кететін тілге тиек етсе, Тұраров Жусанбек жайылыстарды суландыру мен ауылдағы бұралқы иттердің көзін құрту мәселесіне назар аудартты. Еңбек ардагері Тұраров Жеткізген есеп берген екі әкімнің қызметін оң бағалап, әлеуметтік төлемдер туралы түсінік жұмыстарына мұқтаж екендігін жеткізді.
Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға тиісті жауаптар берілді, аудандық ветеринарлық стансаның бастығы Саттар Озған жануарларды бағудың қағидалары, оның ішінде ит асыраудың заңдылықтары туралы түсінік берді.
Сайөтес ауылдық округінің әкімі Н.Ұлықпановтың 2017 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдындағы есебіне тоқталсақ, округте 2430 адам тұрады. Ауылда соңғы кезде ауылшаруашылығы қарқынды дамуда, қазіргі таңда 40 шаруа қожалықтары жұмысын істеп тұрса, 2017 жылы 4 шаруа қожалығы құрылды. Шаруа қожалықтары малдан алынатын өнім, яғни қымыз, шұбат, ірімшік, брынза өндіріп облыс халқына ұсынуда. Атап айтқанда «Бесегөз», «Ақбас», «Абылай–Есет», «Мұстафа» шаруа қожалықтары қымыз, ірімшік, брынза өндіріп, егін екті, шөп шапты. Бұл шаруашылықтар төрт түліктің барлық түрімен бірге асыл тұқымды сиыр, «Зинан» асыл тұқымды ешкісін өсіреді. «Нақхан» шаруа қожалығы бұрыннан бие сауумен айналысып келсе, 2017 жылы облысымызда алғашқы қымызды құтыға құю цехын іске қосты. Бүгінде шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындарда 976 бас түйе, 3336 бас жылқы, 835 бас сиыр, 3354 бас қой–ешкі өсірілуде. Өткен жылы жеке кәсіптерін ашу үшін 6 тұрғын 21 млн теңге мемлекеттің жеңілдетілген несиелерін алып кәсіптерін дөңгелетуде. Ауыл шаруашылығында жеткен жетістіктері ескеріліп аудан бойынша «Сайөтес ауылдық округі «Шаруашылығы шұрайлы ауыл» номинациясымен марапатталды.
Ауылдың инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Газ құбыры «КазТрансГазАймақ» АҚ күшімен жер астынан жүргізілуіне байланысты бұрынғы газ қысымы жетіспеушілігі шешілетін болады. Толыбай ауылына жаяу жүргіншілер жолының, Сайөтес, Боздақ ауылына балалар ойын алаңының сметалық құжаттары жасақталып, жоғарғы органдарға қаржы бөлуге ұсынылды. Үстіміздегі жылы Толыбай ауылына балалар ойын алаңын орнату «ҚараҚұдықМұнай» ЖШС арқылы іске асыруға келісілді. Сонымен бірге Толыбай ауылына асфальт жолдың жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Жақын арада аяқталып, құзырлы органдарға одан әрі құрылысын салуға ұсынылатын болады. Теміржол үстінен салынатын көпірдің жобалық сметалық құжаттарын жасақтау басталды. Биылғы 2018 жылды ауылда «Көгалдандыру жылы» деп жарияланды. 2007 жылғы мектеп түлектері Толыбай ауылынан оқушыларға арнап 4 аялдама тұрғызды. Ауыл жастарының күшімен, «Нияз –Мұхаммед» ЖШС көмегімен кіре беріс 2 шақырымға жуық жолдың шұңқырлары жөнделіп, қалпына келтірілді, жастардың мұрындық болуымен көшеге 6 көше шамдары орнатылды, ауыл спортының мақтаныштарын насихаттайтын билборд іліп, оны жарықтандырды. Жыл соңында ауылдың белсенді жастарының қызметтері ескеріліп, марапатталды.
Округ көлеміндегі тарихи–мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау мақсатында «Жұлдызбай», «Толыбай» қорымдарына қоршау орнатылды. «Толыбай» қорымында әлі де атқарылатын жұмыстар бар. Түнемелік үй салынған болатын, күн жылына салуды жоспарланған от жағатын бөлек бөлме үшін құрылыс материалдары түсіріліп қойылды. Маңғыстау халқының бұрынғы өмірден өткен рубасыларының, байларының, билерінің, батырларының мәңгілік мекені «Сисем-Ата» қорымындағы бұрынғы түнемелік үй кеңейтіліп, қосымша құрылыс салынды. Бұл жұмыстың жүруіне мұрындық болған Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаровқа жергілікті халық риза.
Баяндамадан байқалғандай Өтес ауылында өткен жылы ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүйелі жүргізілген. Ауыл әкімінің есебіне риза болған халық алдарында есеп берген аудан әкімінің де қызметін оң бағалады. Бұл ауылда шешімін таппай жатқан мәселе жоқтың қасы, оны ауыл тұрғындарының қойған сауалдарынан да көруге болады. Жиында ұсыныс пікір білдіруге орындарынан тұрған бірер тұрғынның тілегі газ құбырын жердің астымен ақйта жүргізгенде жаңадан салынған тұрғын үйлерді ұмыт қалдырмау, демеушілікпен салынған ауыл спорт кешенін қайта жабдықтау және ауылдан халыққа қызмет көрсету ортылығының бөлімшесін ашу болды. Көкейдегі сұрақтарына қонымды жауап алған өтестіктер есепті кезеңдегі әкімдердің қызметіне оң баға беріп тарасты.
Мұнан соң Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаров Жармыш ауылына ат басын тіреп, ауыл тұрғындары алдында есеп берді. Алдымен Жармыш ауылының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ауыл әкімі К.Сейтмағамбетовтың есебі тыңдалды. 2080 тұрғыны бар селода өткен жылы 69 сәби дүниеге келген. Ауылдағы 349 үйдің 263-і мал ұстайды, олардың есебінде сиыр 590 бас, ешкі 1292 бас, қой 2696 бас жылқы, 1418 бас түйе 1221 бас, 301құс бар. Халықты жем-шөппен қамтуда жеке кәсіпкерлер аудан көлеміндегі бағаның жобасында жем-шөп әкеліп сатуда. «Жармыш» ЖШС арқылы 332 тонна шөп дайындалып, белгіленген бағада халыққа сатылды.
Село тұрғындарына медициналық көмекті 16 қызметкер еңбек ететін 5 төсектік күндізгі стационары, зертханасы бар селолық дәрігерлік амбулатория көрсетеді. Онда 2 фельдшер, 10 арнаулы орта білімді мейірбике мен 6 техникалық кіші қызметкер жұмыс жасайды. Жедел жәрдем көлігімен, интернетпен, арнайы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 1 жастан 14 жасқа дейінгі, 14 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға және «Д» есепте тұрғандарға дәрі-дәрмектің кейбір түрлері тегін беріледі. Жұқпалы ауруларға қарсы алдын - ала екпелер уақытында жүргізіліп келеді.
Кәсіпкерлік саласында 18 адам жұмыспен қамтылған. Село көлемінде 1 шағын маркет, 12 дүкен, 3 шайхана, 2 шаштараз, 2 тігін цехы, 1 сән салоны, 1 газ құю станциясы, 1 жеке дәріхана қызмет етеді. Биылғы жылы 1 автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады. Тағы да кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында жер телімдері берілді, ол азаматтар кәсіптерін ашуға жұмыстануда. Ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуға деген талпынысы көңіл қуантарлық.
Спортпен айналысамын деген село жастарына мектеп спорт залы белгіленген кестеге сай қызмет көрсетеді.Спорт саласында да жетістіктер қуантарлық жетістіктер бар, солардың негізгілеріне тоқталатын болсақ, Шымкент қаласында өткен, қазақша күрестен, турнирде Қомшабаев Аршат 2-орын, Сисенбек Өрен 3-орын иеленсе, дзюдодан Ақтау қаласында өткен 3-Республикалық турниде Әбиев Асхат 3-орынды иеленді. Ақтауда жасөспірімдер арасында өткен тоғызқұмалақтан облыстық чемпионатта Бікірбай Сағадат 3-орын алды.
Сондай-ақ өткен жыл ішінде жасалған ірі обалардың бірі - ауылішілік су желісінің құрылысы жүріп жатыр. Бердалы көшесі мен Батыс көшелерінің электр тоқ жүйелері мен газ жуйелеріне ЖСҚ-лары жасалуда. Өткен жылы жер асты суының деңгейін төмен түсіру бағытында селода 2 жап қаздырылып тазаланды, бірақ түйткілді мәселелері бар, кепілдік мерзімінде күн жылына тағы бір жап қаздырған жөн сияқты дегн ауыл әкімі алдағы міндеттерді де саралап өтті.
Ауыл әкімінің есебі тыңдалған соң, мінберге шыққан Маңғыстау ауданы әкімі жармыштықтарды өткен жылдың жетістіктерімен таныстырды, жасалатын жұмыстарды да атап өтті. Әсіресе, бұл ауыл үшін ең қуанышты жаңалық ауылда мәдениет үйінің бой көтеретіндігі болды.
Ауыл ақсақалы Ш.Сабытаев ауылға дәрігер маманның қажеттігін айтса, Өтесінов су құбырын жүргізіеміз деп ауыл ішін қазып кеткендер артын тиянақ жүру керектігін қаперге берді. Жиында ауыл азаматтарының, жастардың бастамасымен құрылған «Жармыш болашағы» қоғамдық қоры арқылы ауылдан спорт кешенін салу барысы қызу талқыға салынды. Маңғыстау ауданы әкімі бұл мәселеге жан-жақты қолдау болатынын айтып, жастарды ұйымшылдыққа шақырды.
Ауыл тұрғындары бірауыздан әкімдердің қызметін қанағаттанарлық деп бағалады.
Маңғыстау ауданы әкімінің тұрғындар алдында есепті кездесуі Тұщықұдық ауылында жалғасты. Жиында алдымен Тұщықұдық ауылының әкімі А.Қойсарин ауыл ішінде өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Халық саны, мал саны, мал азығы, ауылдың әлеуметтік жағдайы мен білім, денсаулық сақтау саласы туралы толық мәлімет жасап, алдағы міндеттерді баяндады. Мұнан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытымен аудан әкімі Ж.Айтуаров хабардар етті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Әскерге бар, жас ұлан!Маңғыстау ауданы бюджетінен бастап, өткен жылы қаншама кіріс, қаншама шығыс шыққанын, бөлінген қаржының қалай, қайда жұмсалып жатқанын баяндаған аудан әкімі, Тұщықұдық ауылы бойынша жасалған жұмыстарға тоқталды. Қаншама жылдардан бері халықтың арманына айналған Тасмұрын-Тұщықұдық жолының асфальттану жұмысы биылғы жылдың жоспарынан енгенін айтқан кезде, халық риза болды. Сонымен қатар Тиген ауылына тартылатын газ құбыры құрылысының мәселесі қаралып жатқандығын тілге тиек етті. Жол болса бәрі де болады деп көңілдері көтерілген ауыл тұрғындары бұрынғы кездегі ауылдың жағдайы мен қазіргі тұщықұдықты салыстыру жер мен көктей екенін бір-біріне айтып, бас шұлғып, аудан әкімінің атқарған істеріне ризашылықтарын білдіріп отырды. Сонымен қатар Маңғыстау ауданының 90 жылдығымен құрдас ауылдық мектептің де 90 жылдығы аясында мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, ауылға интернет желісін тарту үшін қаржы мәселесін шешу жолында жұмыстанып жатқандығын айтқан аудан әкімінің сөзіне ел қол соқты. Ендігі алдағы міндет барлық елді мекендердегі мектептердің жанынан жылыжай салу жұмысын жандандыру. Биыл осы бағыттағы жұмыс Қызан ауылынан бастау алады. «Коммунай» өндірістік компаниясы демеушілік жасап, жылыжай құрылысы басталады. Осылайша кезең-кезеңімен барлық елді мекендердегі мектептердің жанынан жылыжай ашу болашақтағы үлкен міндеттерімізідің бірі болмақ деді аудан әкімі Ж.Айтуаров.
Жиында халық елдік мәселеге көп көңіл бөліп, ауылшаруашылығын дамыту жолына бағыт алып жатқан кезде тұрғындардың несие алуға деген оң көзқарастары да байқалды. Сонымен қатар аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Нұрлыбаева халыққа билығы жылғы заңға өзгеріс еніп, бұрынғы беріліп келе жатқан тегін дәрі-дәрмек енді 100 пайыз емес, 70 пайыз берілетіндігін халыққа ескертті.
Ауыл ақсақалы Ж.Нәубетов ауыл тұрғындары атынан сөз сөйлеп, екі әкімнің жұмысына жақсы деген бағасын берді.
Мұнан соң Маңғыстау ауданы әкімінің жұмыс сапары Шебір ауылында жалғасты. Ауылдың хал-ахуалы жайында баяндаған ауыл әкімі ЯН.Нұрбосыновтың баяндамасынан кейін аудан әкімі Шебір ауылы тұрғындарына да толыққанды өткен жылғы атқарылған жұмыстарының жайын баяндады. Тұшына тыңдаған халық жолдың, жағдайсыз отбасыларға 4 пәтерлі муниципалды үйдің салынып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, соңғы кезде қолға алынып жатырған «Нұр Капитал», «серіктестік несие» жөнінде толық ақпарат беріліп, ауыл халқын ауылдан келіп оқтыса, «Бизнес бастау» жобасының сертификатын алсақ деген ниеттерін білдірді.
Тұщыбек ауылында өткен есепті кездесуде «Отпан»селолық округынің әкімі О.Күзенбаев елді мекенде атқарылған жұмыстарды тізбектей келе, ауылдағы медпункттегі жетіспейтін мамандармен қатар, медпункт ішін күрделі жөндеуден өткізілсе деген ұсынысын білдірді.
Ал Маңғыстау ауданы әкімі тұрғындарға ауыл ішінде жеке тұрғын үйлерді электр қуатымен жабдықтау жұмысының қолға алынып жатырғандығын, алдағы жылдары №15 бекетті көгілдір отымен қамтамасыз ету үшін қаржы қарастырып, жобалық сметалық құжаттарды дайындау жоспарланып тұрғандығын айтты.
Ауыл тұрғындары әкімдердің қызметтеріне оң бағаларын беріп, ауылға интерет желісіне қосуды, дүкендердегі тағамдардың мерзімдеріне баса назар аудару керектігін айтты.
Есепті кездесуге облыстық жер қатынастары басқарамысының басшысы Е.Дүзмағанбетов, аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев, дербес бөлім басшылары қатысты.
Л. АШЫҚБАЙ, Ж. АМАНҚҰЛОВА
Басты сурет Т. Құсайынның архивінен
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47935,47933"]