Жас ғалымдар жарысты
[ 2017 ] 10 мамыр, 05:41 | Жаңалықтар
Миф – ойдан шығарылған өтірік, жасанды дүние емес, нақты халықтың дүние мен өзі туралы шындығы, - деп қазақ мифология ілімін зерттеудің алғашқы іргетасын қалаған мифолог, өлкетанушы-ғалым Серікбол Қондыбай шығармашылығына арналған ғылыми-теориялық конференциялар осыған дейін қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың ұйымдастыруымен Республиканың түпкір-түпкірінде бес рет өткен болатын.
Конференция нәтижесінде облыс орталығы Ақтау қаласындағы №22 орта мектепке ғалымның есімі беріліп, бірнеше кітаптары оқырманға жаңа мұқабада жол тартты. Сондай-ақ, С.Қондыбай шығармасы желісінде пьесасы сахналанып, кейбір кітаптары орыс тіліне аударылды.
Облыстық Мәдениет басқармасының «Мемориалдық музейінде» 2017 жылдың 28 сәуір күні өлкетанушы А.Еділхан, серікболтанушы М.Ақмырзаев, «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Е.Кумбаевтың және білім ордасының ұстаздарының қатысуымен өткен «Серікбол әлемі» атты мектеп оқушыларының облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырудағы мақсат: ғалымның мұрасын ғылыми тұрғысынан зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген жастарға серікболтанушы ғалымдар, филологтар тарапынан қолдау көрсетіп, «Жас серікболтанушылар» мектебін қалыптастыру. Сондай-ақ, оқушылар шығармашылығының дамуына жағдай жасау арқылы оларды елжандылыққа тәрбиелеп, С.Қондыбай шығармашылығын дәріптеу.
Осы тұрғыда ұйымдастырылған конференцияға облыс көлемінен қатысқан 47 оқушы «Жаңа ғылыми бағыттар», «Ауыз әдебиеті», «Өлкетану» бағыттары бойынша ғылыми жобаларын қорғады.
Сондай-ақ, филология ғылымының кандидаты, доцент, М.Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері Ж.Дүйсенбаева – «Маңғыстаудағы туризмді дамыту» тақырыбында саяхат сабағын, №28 жалпы білім беру орта мектебінің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Нұрлыбаева С.Қондыбай шығармашылығы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарының VI кезеңнен тұратын шеберлік-сыныбын өткізді.
Конференция соңында ғалымның мұрасын зерттеуде жаңашылдығымен көзге түскен жаңаөзендік Ақтілек Дүйсенбаева бірінші орынды иеленсе, Мұнайлы ауданы №5 орта мектептің 8 сынып оқушысы – Дариға Көшкін мен Ақтау қаласы, М.Әуезов атындағы №20 орта мектептің 8 сынып оқушысы Дариға Сардарбекова екінші орынға табан тіреді. Ал, Түпқараған ауданы, М.Әбдіхалықов атындағы мектеп гимназиясының 10 сынып оқушысы – Шынар Айса, ақтаулық Аяжан Дзюба және Бейнеу ауданынан келген Ақбаян Қанжарова үшінші орынға лайық деп танылды.
Ауыз әдебиеті бағыты бойынша Түпқараған мектеп гимназиясының 9-сынып оқушылары Раушан Жолдыбаева мен Іңкәр Өтешова бірінші, Ақтау қаласы, № 22 орта мектептің 7-сынып оқушысы Мейрамгүл Асқарқызы мен Қарақиялық Шерхан Нығмет екінші, Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Ағила Байжанова, Бейнеу ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Сұлу Байдуллаева және қарақиялық Үмітжан Кеңесова үшінші орын иеленді.
Өлкетану бағыты бойынша Өтес орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айдана Бердібекова топ жарса, түпқарағандық Гүлназым Жайлымысқызы мен Мұнайлы ауданынан келген Жарқынай Байлиева екінші орынды иеленді. Сонымен қатар, Шайыр орта мектебінің 8-сынып оқушысы Еңлік Аманғалиева, С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы Елқуат Маңғытбаев және М.Әбдіхалықов атындағы мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы – Бибісара Андирова үшінші орынға ие болды.
Өз тілшіміз
1538
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.