Суреттегі киізден үй аяқ киімдерін маңғыстаулық жастар өз қолдарымен тіккен... Әдетте Қытай, Түркия, Қырғызстан сияқты шет елдің бұйымдарын алып үйреніп қалған біз үшін бұл таңсық көрінді... «Бұрын әжелеріміз киіз басып, жүннен түрлі тұрмыстық бұйымдарды жасаған. Төрт түлік мал ұстап, еті мен сүтін тамақ қылып, жүнінен шұлық тігіп, киіз басқанын білеміз. Біз сол көнені жаңғыртқымыз келді», - дейді «Zhas project» жобасының жеңімпазы, үй аяқ киімдерін өндіруші азамат Олжас Көшкінбаев. "Он саусағым – өнерім" атты бұл жобаны 3 жас бірігіп атқарып отыр: Көшкінбаев Олжас, Мауытбай Кәмшат пен Мауытбай Дана. Олар Маңғыстау облысында мал шаруашылығымен айналысатын мекендерден мал жүндерін, әсіресе қой жүнін алып, киіз басып, күнделікті үйде киетін киіз шәркей (тәпішкі) дайындауды бастап кетіпті. - Жоба аудиториясы студент жастарға арналып отыр. "Көненің көзі – өнеге сөзі" дегендей, ұлттық құндылықтарымызды қалпына келтіре отырып, жастардың патриоттық сезімін оятқымыз келеді. Патриоттық сезім дегеніміз, менің түсінігімше, еліміздің зкономикасына үлес қосу, ел ақшасын далаға шашпау. Өз елімізде өндіре алатын тауарларды өзге елден неге сатып алуымыз керек?! – дейді топ мүшесі Камшат Мауытпай. Топ мүшелері қолда бар нәрсенің қадірін біліп, пайдаға асырып, экологиялық таза, отандық өнімді дүниеге әкелуді ойлаған. Қазіргідей техника қарыштап дамыған заманда әжелеріміздің киізді қалай басқанын үйретіп, кейінгі жастарға үлгі көрсетуді мақсат тұтыпты. - Біз 50 адамға киіз тәпішкелерін жасауда мастер класс өткізіп, 50 тәпішке таратамыз. Қазір мал жүнін қоқысқа лақтыру белең алған. Табиғи өнімді пайдаға асырып, ең болмаса, 10 жеткіншекке дұрыс жол көрсете алсақ, нәтиженің орындалғаны болар еді, - дейді Дана Мауытбай . Тағы бір қуантарлығы, «Он саусағым - өнерім» жобасының авторлары өз өнімдерін қарттар үйі мен балалар үйіне таратып келеді. Сонымен қатар, Дүбрай Әсел бастаған, Әсет, Есет, Жарас есімді жастардан құралған топтың «Zhas project-ке» жолдаған тағы бір жоба грантқа іліккен. – "Еңбектің наны – Балдай", үй пісірмесіне арналған әлеуметтік жоба. Біз көпбалалы отбасы, толық емес отбасы, жұмыссыз жастар, сондай-ақ мүмкіндігі жектеулі жандарға үй пісірмелерін тегін тарту ете отырып, әртүрлі торттарды пісіру жолдарын тегін шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды мақсат еттік. Бұл қараша айына дейін жалғасады. Жоба барысында 80 отбасыға жәрдемдесеміз, бұған дейін 30 отбасыға дәмділер тараттық, - дейді топ басшысы Дүбрай Әсел. Айта кетейік, биыл елімізде «Zhas project» жобасы үшінші рет өткізіліп отыр. Осы жылы Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Нұр Сұлтан, Алматы қалалары жастары бағын сынап жатыр. Яғни, жастар Маңғыстауда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Zhas project»-ке 1265 жоба жіберіліп, 300-ден астамы грант ұтып алған.
Айгүл ДӘДЕН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84520,84521,84518"]