Ақтау қаласында 9 мамыр - Жеңіс күні қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу жарысы өтті. «Каспий көкжалы» деп айдар таққан сайысқа өңіріміздің таңдаулы деген жас палуандары қатысты. Атап айтар болсақ, Жарылғапов Нұрдәулет, Жаңабай Мейрамбек, Ержанов Күнәлем, Баулиев Дархан, Қалжанов Олжас, Игілік Ербол, Мусаев Бекқали, Қалмұханов Ғайса, Шаңдиев Абыл, Шолтаев Ғалымжан, Шолтаев Бауыржан, Ташенов Ерболат, Таңатов Жасұлан, Сақтағанов Марат және Асылбек Мақсат. «5 аудан, 2 қаладан 15 үміткер қатысып жатыр. Мақсаты – республикалық деңгейдегі «Қазақстан барысы» турнирінде облыс намысын қоғайтын палуандарды іріктеу. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының жүлдесі табысталатын чемпионат жыл сайын өтеді. Бұған дейін ауыл, аудан, қала арысынан іріктелген қатысушылар бүгін облыстың кезеңде бақ сынап жатыр. Теңіз жағасында мерекеде халыққа көңіл-күй сыйлап әрі жастарға үлгі, ұрпаққа ұлағат ретінде өткізіп отырмыз», - дейді Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясының басшысы Аббат Өрісбаев. Шара «Қазына Production» ұсынған ерекше қойылыммен басталды. Онда Күш атасы – Қажымұқанның дүниеге келген сәтінен палуан атанғанға дейінгі өміріне шолу жасалды. Сондай-ақ, мұрағаттан Балуан Шолақ, Иманжүсіп жайлы үзінді бейнежазбалар да көрерменге ұсынылды. Қатысушылар лайықты белдесу көрсетіп, көрермендердің жігері мен рухын көтеріп тастады. Жарақат алып, жеңіліске ұшырағандар да болды. Сайыс нәтижесінде «Қара бура» лақап атымен танымал Нұрдәулет Жарылғапов өзінің «Каспий көкжалы» атағын қорғап қалды. Екінші сатыға Жаңабай Мейрамбек табан тіресе, үштікті Ғалымжан Шолтаев қорытындылады. Енді олар облыс намысын «Қазақстан барысының» республикалық кезеңінде қорғайтын болады. Палуандарымызға сәттілік тілейміз!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН