Кіршіксіз бала көңілге кірбің ұяламасын!
[ 2017 ] 10 мамыр, 05:29 | Жаңалықтар
Өткен аптада аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Қайырымдылық – адамдықтың белгісі» қамқорлық акциясына қатысқан кәсіпкерлер денсаулығында кінәрәті бар 110 балаға қуаныш сыйлады.
«Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрін ұстанған жомарт қолды кәсіп иелері С.Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайда өткен қайырымдылық шарасына қатысып, балалармен бірге көңілді кештің куәсі болды. Атап айтсақ, жеке кәсіпкер Сүйеуов Әділбек 500 мың теңге, Жұмалиев Абат 100 мың теңге көлемінде және Бисекенов Манарбек, Өтеуов Жәнібек, Жапарбаев Есен, Сейілханов Жамиғат, Камешов Аян, Түгелбаев Мақсат, Мұхаметкаримов Бағдат, Сүйеуов Асқар, Сүйінбаева Айсәуле, Махмутова Жадыра қаржылық көмектерін ұсынса, Нұржанов Дәулет барлық балаға тәттілер толы үлкен қапшық ала келіпті.
Имандылық, парасаттылық пен жомарттықтың лебі ескен кеште аудан әкімінің орынбасары Ерболат Махмутов кәсіпкер азаматтарға аудан тұрғындарының атынан алғыс арнап, қамкөңіл балаларды жанашыр сөздерімен қанаттандырды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Қалиева демеушілерді алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етсе, ауданның Құрметті азаматы Итемген Орынбаев көпшілікке бата берді, Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің оқушылары өнер көрсетті.
Пәк жүректі, періште көңіл сәбилердің саулығын тілегенімізбен, өкінішке орай арамызда шиеттейінен тән мүкістігі мен жан жарасын арқалап жүрген бүлдіршіндеріміз бар. Оларды Алла тағаланың еркесі дейді шариғатымыз. Біз қол ұшын беріп, қамқорлық жасау арқылы олардың тәніне тікендей қадалған сырқатын суырып ала аламасақ та жарым көңілдеріне жарық сыйлап, кіршіксіз көңілдеріне кірбің ұялатпауға қадам жасайтынымыз хақ. Қолдарындағы сыйлықтарын қыса ұстап, риясыз күлкімен жан-жағына жадырай қараған балаларды көргенде қашанда қамқорлықты қажет ететін жандарға аялы алақанын тосып, жүрек жылуы мен қарлығаш көмегін ұсынуды парыз санайтын азаматтар саны арта берсін деген тілекте болдық.
Лаура АШЫҚБАЙ
2627
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.